Атырауда мамандар ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұрады

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/13 қаңтар, 2020 жыл. 11 қаңтар күні Атырау қаласының маңында орналасқан «Водниково-2» ықшам ауданында екі кішкентай бала ойнап жүріп, мұз астына түсіп кеткен.

Жеткіншектердің денесін  сүңгуірлер оқиға күнінің ертесінде тапты, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержанов мәлімдеді.
Балалар  шаналары  қалып қойған  жерден 15 метр  қашықтықта, Перетаска өзенінде  табылды. Оқыс оқиғадан көз жұмған жеткіншектердің жасы 9-да болған.

– Кәмелетке толмағандардың көз жұмуы, жыл басынан бері қайталанған үшінші факт. Барлық оқиға –  демалыс күндері, ата-аналар үйде болған кезде орын алған. Біз ата-аналардан балаларын серуенге, ойнатуға жалғыз жібермеулерін, оларды қараусыз қалдырмауларын сұраймыз.  Департамент туындаған жағдайларға байланысты  профилактикалық бағытта  жұмыстар жүргізуде. 2019-2020 қыс маусымында мұз қатқалы бері 500-ге жуық тұрғынды қамтитын 133 рейд өткізілді, – дейді Асқат Ержанов.

Атырау облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың айтуынша, қазіргі таңда  ауа температурасы – 2 градус. Ал,  Атырау қаласында мұздың қалыңдығы 5-тен 10 см-ге дейін жетеді.  Жұқа, әлі қатып үлгермеген  мұздың салдарынан  биыл Крещение мерекесі кезіндегі  шомылу дәстүрі барлық жерде бірдей өткізілмейді.

– Үш ауданда, дәлірек айтсақ Исатай, Мақат және Қызылқоғада  шомылу дәстүрі өтпейді. Қалған аудандар мен облыс орталығында, арнайы шомылу қоршауы жасалатын болады. Шомылу рәсімінен өтуге арналған орындар  – ағаш еденмен, тұтқалармен және баспалдақтармен жабдықталады.

Крещение мерекесі кезінде  қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер департаменті және батыс аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару тобы қызметкерлері  кезекшілік ұйымдастырады. Құтқарушылар  тобы шұңқырда кешке дейін кезекшілік ететін болады. Азаматтарды тексерілмеген жерлерде суға түспеуге шақырамыз, өйткені мұз сынып кетуі  мүмкін, – дейді Асқат Ержанов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *