Атырауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында екі балабақша ашылды (+ФОТО)

Білім Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/27 қараша, 2019 жыл. Атырау қаласында демеушілік қаражат есебінен екі балабақша салынып пайдалануға берілді.

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Еркінқала ауылында және «Нұрсая» ықшам ауданында 290 және 320 орындық екі жаңа балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі мекемелер Солтүстік Каспий жобасының операторы, North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) инфрақұрылымдық және әлеуметтік тағайындау жобалары аясында салынды. Мұнай астанасының қарқынды дамып келе жатқан екі ауданының тұрғындары бұл шараны асыға күткен болатын.

Екі балабақша да барлық санитарлық және құрылыс нормаларына сай. Балабақшалар бірнеше жас топтарына – 1,5 жастан жеті жасқа дейінгі сәбилерге арналған. Еркінқала ауылында балабақша екі қабатты, инженерлік желілер тартылып, барлық қажетті заманауи жабдықтар, оның ішінде тамақтану пункті, кір жуатын орын және медициналық кабинеті бар.

Балабақша – тәрбиеленушілеріне ыңғайлы жиһаздармен жабдықталып, сабақтар үшін акт залы және спорт залдарымен қамтамасыз етілген, балалардың түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері бар. «Нұрсая» ықшам ауданындағы балабақшада үш қабат және екі блок бар, оған үйірме, музыка және спорт залы кіреді. Екі балабақшада да ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеуге арналған топ бар. Балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан Атырау қаласы әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы:

– “1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында ашылғалы отырған балабақша ғимараты – кішкентай бүлдіршіндерімізге саналы тәрбие беретін қасиетті білім ұясына айналатынына сенемін. Осы ретте, өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың қолдауымен және өңірдегі мұнай иегеруші компаниялардың қолдауымен аймақта балабақша мен әлеуметтік нысандардың жетіспеушілік мәселелері шешімін табуда. Соның дәлелі бүгін қаламызда қатарынан 2 бірдей балабақшаны іске қосып отырмыз. Барлық жергілікті тұрғындарды көптен күткен айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын”, деді құттықтау сөзінде қала әкімі.

Демеушілердің айтуынша, бүгінде әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру өздері қызмет ететін аймақтардағы «НКОК» консорциумы қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Өз кезегінде “NCOC” компаниясының менеджері Әубәкіров Руслан:

– Бүгінгі таңда әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды іске асыру – бұл жұмыс істейтін аймақтардағы Консорциумның ажырамас бөлігі. Мен “NCOC” компаниясы мен Атырау облысы әкімдігімен сындарлы серіктестіктің маңыздылығын атап өткім келеді. Екі жаңа мектепке дейінгі мекеме Атырау тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істейтініне сенімдімін.

Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *