Жылыойлықтар суды «Қиғаш – Жаңаөзен» құбырынан алатын болады

Аудан хабарлары Жаңалықтар Жаңғырту 3.0 Жолдау Экономика Қоғам

Жылыойда жылдар бойы қордаланған проблемаларды оң шешу қолға алынуда. «Игілік» бағдарламасы аясында Құрсай өзенін тереңдету және жағалауды абаттандыру құрылысы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде каналдың бойына арнайы плиталар төселіп, жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға беріледі. Қамыскөлден шығар бетте арнайы көпір салынады. Бұл туралы Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекеттің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында айтылды. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.

Ауданда «Бақашы» учаскесінде су реттегіш шлюзі салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының шамамен 35 пайызы орындалған. Атап айтқанда, Жем өзенінен Құрсай өзегіне қосылатын жердегі шлюздің табаны құйылып, 16 шақырымға дейін тазаланыпты. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен 2,5 млрд. теңгені құрайтын аталған  жоба биыл аяқталады деп жоспарлануда.

Жылыойлықтарды ауыз сумен қамту мақсатында 30 км жаңа су таратқыш құрылысын салу жөнінде шешім қабылданды. Ол қолданыстағы «Қиғаш – Жаңаөзен» су құбырына қосылатын болады.

Аймақ басшысы Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекеттің өткен жылы атқарған жұмысына оң баға берді.

buqara jane bilik

Мектептер салынып жатыр десек те…

Алдағы уақытта Атырауда үш ауысыммен оқыту жойылып, апаттық жағдайдағы мектептердің саны азаяды. Енді жұрт ем-дом алу үшін Астрахан асып кетпейді. Өйткені, білімді де білікті дәрігерлер қазыналы өңірге келіп жатыр. Ал, жұмыссыздарға кәсібінен нәсіп табуына мүмкіндік берілуде. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Жылыой ауданында өткен көшпелі мәжілісте осы мәселелермен қатар, проблемалар да ашық айтылды.

Облыста 2017 жылы 8, өткен жылы 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазір 13 білім беру ұйымының ғимараты салынып жатыр. Дегенмен, Атырау қаласында 13, Қызылқоға ауданында 1 мектеп үш ауысыммен оқытады. Бұл оқушылар үшін ыңғайсыз, әрі білім сапасына кері әсер етеді. Апаттық жағдайдағы мектептер саны бесеу. Олар облыс орталығынан өзге, Жылыой, Индер, Құрманғазы аудандарында орналасқан. Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенова осы мәселелерді шешу бағытындағы нақты шараларды атап айтып берді.

– Құрманғазы ауданында 80 орындық мектептің құрылысы аяқталып келеді. Құлсарыда 300 орындық мектеп салынып жатыр. Атырау қаласында және Индер ауданында үш мектептің құрылысына қажетті құжаттар жасақталуда, – деді Ақкенже Исанбергенова.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа ықшамаудандарда ең алдымен әлеуметтік нысандардың құрылысын салу қажеттігін атап айтты. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары Мәлік Аманов пен Гүлбаршын Арыстановаға  нақты тапсырмалар берді.

– Біз оқушыларға жеткілікті жағдай жасамай, олардан білімді қалай талап ете аламыз? Сондықтан, бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарау қажет, – деді аймақ басшысы.

buqara jane bilik3

Кезекте – 14 245 бала

Облыста балабақшаның саны аздық етіп отыр. Оның себебі – Атырауға көшіп келушілердің ұлғаюы, бала санының көбеюі. Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенованың айтуынша, аймақта 325 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Ал, 1-6 жас аралығындағы бала саны – 62 696. Оның 75,3 пайызы балабақшамен қамтылған.

­­­­­­­– Негізгі проблема–балабақшаның аздығы. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігінде бала саны мөлшерден көп. Мысалы, 2017 жылы 100 орынға 92 баладан келсе, былтыр бұл көрсеткіш 109-ға өсті. Атап айтқанда, Атырау қаласында 117, Мақат, Исатай аудандарында 114, 106 сәбиден келеді. Қазір облыс бойынша балабақша кезегінде 14 245 бала тұр, – деді Ақкенже Исанбергенова.

Облыс басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде балабақша санын өсіру туралы тапсырма берген еді. Аймақта бұл бағытта алға жылжушылық байқалады. Қазір өңірде 145 мемлекеттік, 49 жеке балабақша бар. Әсіресе, Мақат жергілікті аймақтар ішінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды ашу жұмысын ерте бастаған аудан ретінде аталды. Жылыойда – 2, Индерде – 1, Атырау қаласында 45 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Дегенмен, өзге аудандарда бұл жұмыстың ұйымдастырылуы әлі төмен деңгейде қалып отыр.

Өңірде  2017 жылы 8   балабақша салынған болатын. Өткен жылы тағы 5 балабақша пайдалануға берілді. Биыл 13 мектепке дейінгі ұйымның құрылысы жүріп жатыр. Осы жұмыстар 3000-ға жуық баланы балабақшамен қамтуға мүмкіндік береді, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Ерте жастан жүктіліктің себебі неде?

Өңірдегі денсаулық сақтау саласының бюджеті өткен жылы 31,6 млрд.  теңгені құрады. Соның дені – республикалық бюджеттен бөлінген қаржы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева жаңа медициналық нысандардың құрылысына, қажет медициналық жабдықтар алуға, кәсіби мамандар тартуға, жергілікті дәрігерлерді шетелдерде оқытуға қажетті қаражат қаралып отырғанына тоқталды.

– Медициналық қызмет көрсету сапасы артты. Тұрғындардың жергілікті дәрігерлерге деген сенімі жоғарылады. Облыста бұрын-соңды болмаған операциялар жасай бастадық. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды енгізгеннен кейін қызмет көрсету проблемалары азайды, – деді Мәншүк Аймұрзиева.

Дәрігерлер әлі де жетіспейді. Облыс әкімдігі 2017 жылы 35, былтыр 54 грант бөлген болатын. Соның нәтижесінде бұл мәселені шешу қолға алынуда. Атырауға өзге өңірден мамандар шақыртылып жатыр. Тек өткен жылдың өзінде 160 дәрігер келген.

– Жаңа туған нәрестенің шетінеп кетуі қиын жағдай. Әр оқиғаға жеке қарау керек. Соңғы жылдары медициналық қызмет сапасы біраз жақсарды. Мыңдаған адам бұрын емделу үшін басқа өңірлерге баратын. Қазір барлық қажеттілікті Атыраудан да табуға болады. Денсаулық сақтау нысандары жабдықталды, мамандар бар, – деді аймақ басшысы.

Ерте жастағы жүктілік те азаймай отыр. 2017 жылы 174, былтыр 176 кәмелет жасына толмаған қыз бала босанған. Облыстың бас дәрігерінің баяндауынша, соның 7-8-і түсік жасатыпты. Заңсыз жолға барғандар «некемізді мешітте қидырдық» дейтін көрінеді.

Ал, имамдар «біз мұндай заңнан тыс әрекетке бармаймыз» деп жауап береді. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев кәмелетке толмаған қыздардың теріс ағымдағы адамдармен неке қиған дерегі бар екенін жасырмады. Дәрігерлер кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың босануына психологиялық, физиологиялық тұрғыдан дайын еместігіне тоқталды. «Он үште отау иесі» деп бұрынғы қағидамен өмір сүрудің керегі жоқ. Жауырды жаба тоқудың қажеті болмайды» деді осы тұста Нұрлан Асқарұлы.

buqara jane bilik2

Пандустан пайда болмаса…

Әлеуметтік салаға қатысты мәселеде пандустар туралы көбірек сөз болды. Нысандарды салу кезінде оған жеткілікті көңіл бөлінбейді. Біразы ешқандай талапқа сай келмейді. Осы себептен мүмкіндігі шектеулі адамдар ғимаратқа кіре алмай, қиналып жатады.

«Мүмкіндігі шектеулі әр адам қоғамдық орындарға ешқандай қиындықсыз бара алатындай болуы керек. Өкінішке қарай, көп нысандар тиісті стандарттарға сәйкес келмейді. Арбамен жүру тұрмақ, өтудің өзі проблема. Бұл негізінен кәсіпкерлік нысандары. Осы нысандардың иелерімен жұмыс жүргізілуі керек. Бұл үшін көп қаражат керек емес» деді облыс әкімі.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі аймақтың әлеуметтік даму саласына қатысты нақты тапсырмалар берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Жылыой ауданы.

*СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Жолдыбай ӨМІРЗАҚОВ, зейнеткер:

– Менің сауалым болашақта қондырылатын бейнебақылау жүйесіне қатысты. Қаланың Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы көшесіне бағдаршам керек. Жаңа үйлердің қашан салынатыны, қай уақытта пайдалануға берілетіні туралы ақпарат берілсе. «Баклажка» қабылдайтын орын ашылса деген ұсынысым бар.

 

Талғат МАЙЛЫБАЕВ, аудандық мәслихат депутаты:

– Құрсай өзегін тереңдету жұмысы жүріп жатыр. Енді оның жағалауын халық демалатын орынға айналдыру қажет. Құлсарыда көлік саны көбеюде. Сондықтан, орталық көшелерді кеңейту қажеттілігі туындайды. Ауыз сумен қамту үшін жерасты су көздерін қарастыру мүмкіндігі қаралса…

 

Манас ІЗТҰРҒАНОВ, «Дауыл» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Жем өзені жылына екі рет бөгеледі. Сол кезде су көп топырақты бірге әкеліп, сай-саланы толтыруда. Бұдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Жылыойдың тасыған су астында қалғанын ескерсек, бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Қазір жастар ауыл шаруашылығына көңіл бөлуде. Бірақ, олар жер алуда көптеген кедергілерге кезігеді.

 

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ, ардагер-журналист:

– Биыл Қазақстан мұнайының алынғанына 120 жыл толады. Соның аясында алғаш мұнай атқылаған Қарашүңгілге, қасиетті Ақмешітке жол салынса, еліміздегі екінші Алтын адам табылған Аралтөбе қауымы қоршалса деген ұсынысым бар.

 

Тәжмағанбет ЖҰМАНОВ, «Мағауия» ЖШС директоры:

– Аудандағы әк шығаратын және силикат кірпіш дайындайтын зауыт құрылысы жобасын толық жүзеге асыру үшін инвестиция керек. Қызылқоға ауданындағы Ескімола деген жер телімімді төрт айдан бері заңды түрде иелене алмай жүрмін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *