Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған конкурста “Атырау” журналистері үздік атанды

Жаңалықтар

Atr.kz/9 қыркүйек, 2019 жыл Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай «Теңізшевройл» кәсіпорны «Атырау-Ақпарат» ЖШС және Қазақстан Журналистер Одағы облыстық ұйымымен бірге журналистер арасында шығармашылық конкурс өткізді.

Өткен аптада аталған конкурстың қорытындысын жария етті.

    Конкурсқа облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Алтын аймақ», «Алтын адам» газеттері мен «Мұнайлы мекен» журналы редакцияларынан және 33 журналистен материалдар түсіпті. Шығармашылық конкурстың қорытындысына орай ұйымдастырылған шарада конкурс жүлдегерлері марапатталды.

   «Облыстағы таңдаулы БАҚ» номинациясы бойынша облыстық «Атырау» газеті жеңімпаз деп танылды.  Ал, бас жүлде ардагер журналист Төлеген Берішбайға берілді. Телеоператорлар арасында «Қазақстан» телеарнасының Атырау облысындағы операторы Өнербек Жаңабаев, «Үздік фототілші» номинациясына  «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Алтыбаев үздік атанды.

«Жас қалам» номинациясы «Атырау» газетінің тілшісі Майра Оразғалиева, «Мемлекеттік немесе орыс тіліндегі үздік телерепортаж» номинациясында облыстық телеарнаның журналисі Айымгүл Хайруллина ие болды.

 «Басылым түріндегі орыс тілді БАҚ-та жарияланған үздік мақалада» ардагер журналист Любовь Монастырская, «Басылым түріндегі мемлекеттік тілдегі БАҚ-та жарияланған үздік мақалада» ардагер журналист Меңдібай Сүмесінов, «Республикалық БАҚ-тың үздік меншікті тілшісі» аталымы бойынша тележурналист Жандос Темірғалиев лайық деп танылды.  Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

                                                                                              Бақытжан ХАМИТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *