Ғасыр ҒАЛАМАТЫ

Жаңалықтар Жолжазба Журналистік зерделеу Руханият

Atr.kz/8 шілде, 2019 жыл. Ел ордасы Алматыдан сарыарқа төсіне ауысқан кезде мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған бала едік. Әке-­шешеміз еліміздің болашағы баянды, келешегі келісті боларын, арманның ақиқатқа айналарын айтып отыратын.

Егемендіктің елең-алаңында жаңа оқу жылын бастаған оқушының «Менің арманымдағы астана…» деп шимайлаған шығармасы бүгінде шындыққа айналды. Арман алдамады, ойлар орындалды. Жұрттың жартысын жалпағымен жайпаған ашаршылық артта қалды. Таршылықтың тарысын қуырып жеген қауырт күндер келмеске кетті. Қайғы мен қасіретке, қан мен терге толы өткен ғасыр ғайып болды. Келешекке кірпіш қалаған кешегі күнге көз жүгіртсек, өзге елдердегідей бізде де астананың ауық-ауық ауысқанын көреміз. Жалпы, жаңа астана не үшін қажет болды? Ол неге Арқадан тұрақ тепті? Еліміз егемендік алған кезде өмірді ақ парақтан бастау қажет болды. Міне, сондықтан, ел жүрегін сәбидің санасындай тап-таза дархан далаға көшіру көзделді. Бұл орайда, бар мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дағдыланған Елбасы білектің емес, білімнің қуатын басты қару ретінде қолданды. Астананы Арқаға ауыстырудың екінші себебі, елдің бір шеті елеусіз қалмасын деген ой. Бұған дейін де оның Ұлытаудан тұрақ табуы – «артымыздан жау алмасын, алдымыз ашық болсын» деген ойдан туса керек. Не болса да, қысқа күнде қырық құбылған заман ғой.

Үшіншіден, қос бүйірден қысқан нарық жағдайында күн көру кімкімге де оңайға тимеді. Ешкім жылы орнынан жылжығысы келмеді. Сондықтан, сын сағатта экономикалық сілкініс керек болды. Сөйтіп, кешегі Ақмола тозаңнан тазарып, көсегесі көгерді. Оның үстіне, ескі үйлерді күреу де қиынға соқпады.

***

Тарихи шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Парламенттің қос палатасында қызу пікірталастар жүрді. О баста халықтың бір бөлігі жаңалыққа жатырқай қарағаны рас. Бірақ, көреген Көшбасшы олардың да ойларын тыңдап, тамырын басты. Қалай болғанда да, Елбасы бастады, қалың қауым қостады. Тұңғыш Президент қашан да бірнеше қадам ілгері жүретінін танытты. Тарих тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеді. Иә, ел басқару, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдау қиынның қиыны екені даусыз. Осынау жауапкершілік жүгін бір басына көтере білген Елбасы алдымен ата-баба аманатына адалдық танытты. Содан кейін ғана іске кірісті. Шағаладай шарқ ұрып, тыным таппады. Таланттың да, тарихтың да тұлпарын алма-кезек мініп, алысқа шауып отырды. Астанаға алғаш сапарлаған ел азаматтарына батасын берген ақсақалдың бірі заңғар тұлға Зейнолла Қабдолов екен. Айтпақшы, алғашқы сапарда мемлекеттік нышандар да Елбасымен бірге «ұшқан» екен. Ақыры, араға жарты жыл салып, Еуразия кіндігінен қазақтың қуаныш күлкісі естілді. Алып-қашпа әңгімелер артта қалып, бас қаланың бұғанасы бекіді. Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның жаңа Нұр-Сұлтанды емес, Нұр-Сұлтанның жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы үлесі басым түскендей! Адал еңбек ақталып, дос сүйінетін, дұшпан күйінетін деңгейге көтерілдік. Бүгінде сән-салтанат пен маңызды жиынның бәрі осында өтеді. Мұнда ағылған азаматтар көкірек көзін суарып, жан дүниесін жаңартуда. Десек те, болмағанды болды, толмағанды толды деп тоқмейілсудің реті жоқ. Ендеше, осынау елдігіміз бен кеңдігімізді Тәңіріміз көлденең көздің сұғынан, қиямпұрыстың құрығынан сақтағай деп тілейік.

***

Елордада менің ең шуақты шағым өтті. Отбасымызда балалардың тұңғышы болған соң ба, айналам маған үлкен үміт артты. Сөйтіп, НұрСұлтан қаласының келбетін келістірген сәулетшілер секілді болуға бел будым. Қазір Атырауда шығармашылық бағытта еңбек етемін. Енді жеке кәсібімді ашқым келеді. Сол үшін де аракідік Нұр-Сұлтанға ат ізін салып тұрамын. Бұл жер бәсекеге қабілетті болуға баулитын орын десем артық айтқандығым емес. Мұнда қиялыңызға қанат бітіп, бұрын белгісіз болып келген жаңа қырыңыз ашылады. Шеберлер шабыт шақырып, шығармашылықтың шыңын бағындырады. Жастар жарқын болашаққа жол салып, арманға қол созады.

Арман ЖӘДІГЕРОВ,

суретші-дизайнер.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

*Сіз не дейсіз?

Хэймиш Полс,

«Теңізшевройл» ЖШС бас менеджерінің орынбасары:

– Өзім Оңтүстік Американың тумасымын. Нұр-Сұлтанға бірнеше рет іссапармен бардым. Көркіне көз тоймайды. «Айналдырған жиырма бір жыл ішінде қалайша осындай зор дәрежеге жетті екен?» деп таңданамын. Экономикасы, оның ішінде, инфрақұрылым жүйесі, сәулеті мен дәулеті, әлеуметтік әлеуеті, мәдениеті мен әдебиеті, бәрі де үйлесім тапты. Иен далаға иелік еткен шаһар шынымен де ыстық ықылас пен ерекше әсерге бөлейді. Бұл жердің тұрғындары да өте қонақжай.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *