Халқымен қайта қауышқан Айтуар би

Hal yimen ayta auyish an Қоғам

Замана шежіресі тұнып тұрған Жайық бойында елім, жерім үшін жан пида деп жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатқан батырлар да, от ауызды, орақ тілді шешендер де аз болмаған. Қаншама тар заманға кезіксе де, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қаһарлы ханнан да қаймықпай, қара қылды қақ жарып, әділ төрелігін айтқан билер де халық құрметіне ие болған. Сондай сөз ұстаған билердің азулысы ­– Айтуар.

Халқымен қайта қауышқан

Айтуар Үсенұлы 1782 жылы қазіргі Махамбет ауданына қарасты Есбол ауылының аумағында ауқатты отбасында дүниеге келген. Тарихқа үңілсек, Баймағамбет Айшуақов сұлтан болып, ел билеген заманда қалың бұқара арасынан іріктеп алған сөзі өтімді, ықпалды билерінің бірі – Айтуардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, санасатын-ды. Өйткені, ел ішінде барымта, жер дауы, жесір дауы, күштінің әлсізге көрсеткен қорлықтары мен зорлықтары көп болған. Айтуар би осындай дау-дамайларды әділ шешуде төре-сұлтандарды  семсер сөзбен жасқап, қара халыққа таяқ түгілі сөз тигізбеуге күш салған. Осындай әділ төрелігі үшін халқының құрметіне бөленіп, елдің есінде қалды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» деген сөзінен қуат алып, рухани жаңғырған Айтуар би ұрпақтары бабаларының мүрдесі жатқан жерден онша қашық емес тоғыз жолдың торабына ескерткіш белгі орнатты.

Алыс-жақыннан жиналған жұртшылық алдымен Алтын қауымындағы баба басына барып тәу етті.

Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов пен өлкетанушы Базар Әміров ескерткіштің лентасын қию құрметіне ие болды. Өлкетанушы Базар Әміров басталған игілікті істі аяқсыз қалдырмай, бабаның рухын жаңғыртып, көшеге, ауылға есімін беру туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ, елеусіз, ескерусіз жатқан Тайлан, Саржала батыр, Бөдене билерді де тереңірек зерттеп, халқымен қауыштыратын мезгіл жеткендігін қаперге берді.

– Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген қанатты сөз бар. Мұның өзі заманында билердің халық арасында қандай беделі болғандығын аңғартады, – деді облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов. ­– Заманындағы шынжыр балақ, шұбар төс Баймағамбет сұлтанның кеңесшісі болып, сөзіне тоқтатқан Айтуар бабамыз да осал адам емес. Біз тарихта аты қалған әйгілі үш биді ғана білеміз. Айтуар биді де солардың қатарына қоюға болады. Ол жөніндегі ақпаратты мектептің оқу бағдарламасына қосса да артық болмас еді. Ал, Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан аспалы көпір Айтуар бидің атын иеленуге сұранып-ақ тұр. Осыған жұмыстану керек.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз