ФАШИЗМДІ ТАЛҚАНДАҒАН КҮН

Мамырдың сегізі күнгі  түнгі 22 сағат 43 минутта (орталық еуропалық уақыт бойынша) Германияның жоғарғы командованиесі өкілдері Карлхорсте (Берлин төңірегінде) Германияның қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүккендігі туралы Актіге қол қойды. Герман жағына бұл тарихи рәсімге Вермахтың Бас штабының басшысы, генерал-фельдмаршал  Вильгельм Кейтель қатысты.

 

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі болып жарияланды.

Қызыл тулы Балтық флотының теңіз жаяу әскерлер десанты Данияның Борнхольм аралына түсіріліп, ондағы неміс газнизоны солдаттарын тұтқындады.

Сол күні түнде 1-Украин майданының танк армиясы екпінді шабуылмен 80 шақырымдық марш жасады. Таңда 4-гвардиялық танк армиясының Е.Белов басқаратын 10-гвардиялық оралдық ерікті корпусының жауынгерлері Прагаға енді. Олардың соңынан 9-мехкорпустың танкистері мен 13 және 3-гвардиялық армияның әскерлері Чехословакия астанасындағы жау шебін талқандауға кірісті. Таңертеңгі сағат онға дейін жау толық талқандалды. Кешке қарай 4-Украин майданының жауынгерлері Миттельвальде – Литомишль – Летовице шебіне таяу келді. 2-Украин майданының 6-гвардиялық танк армиясы әскерлері 4-гвардиялық танк армиясы жауынгерлері Прага төңірегінде кездесіп, Жеңіс күнгі қуаныштарымен бөлісті.

Деректерге жүгінсек, Қазақстаннан майданға 1 196 164 адам аттаныпты. Соның 600 мыңы соғыстан оралмаған. Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО бойынша 11600-ден астам адам майдандарда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, соның 497-і қазақстандықтар, ал, оның 97-сі  қазақ.

Ең алғаш Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандық жауынгер К.А.Семеченко (1941 жылы 22 шілде) еді. Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес Одағының Батыры атағын алған ең жас қазақ жауынгері 18 жасар Ж. Елеусізов болды.

Бұл жоғарғы атақты төрт адам (Т.Бигелдинов, Л.Беда,  С.Луганский,  И.Павлов) екі  мәрте алды.

Бұл соғыста КСРО 27 млн. азаматынан айырылды. 1710 қала типтес мекен, 70 мыңдай ауыл-село қирады.

Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз