«ЕРІ ДАҢҚТЫ БОЛСА…»

Сұрапыл соғыс, қан майданның азабы бітіп, өксігі таусылса да, өкініші қанша жүректің түкпірінен орын алып қалғанын ешкім де, ешқашан ұмытпақ емес. Соғыстың соңғы көктемінде «Жеңіс!» үні естіліп, бүкіл әлемді шаттығымен жайнатқан сол күннің 70 жылдық ізі әлі талайдың жүрегіндегі жазылмас жараны өшіре алмады.

Бірақ, бүгінгі бейбіт өмірдің, кемел болашақтың иелері, біздің жарқын өміріміз үшін кеуделерін отқа тосқан батыр аталардың ерлігінің өзі аңызға айналып, ұрпағына үлгі болғаны неге тұрады?

«Ері даңқты болса, Елі антты болса – Аруағы артып жүреді, Жауы аяғын тартып жүреді, – деген даналықты ұрпағына ұлағат еткен гимназия ұстаздары мен шәкірттері  Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап «Ерлікке тағзым» атты кездесу кешін өткізді.

Кеш қонағы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Әлібек Түсібәліұлы оқушыларға сұрапыл соғыстың тірі куәгері ретінде көрген зұлматты шайқасты және жігер мен сенімге толы ерлік істерін баяндап берді. Украина, Беларусь, Польша, Румыния, Чехословакия елдерін фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысқан әр сындарлы сәтін ерлікке бағалаған шәкірттер кеш барысында түрлі көріністер көрсетіп, ерлік, жеңіс әндерін шарықтатып, өнерлерін көрсетті. Әлібек Түсібәліұлына мектеп әкімшілігі өз ризашылықтарын білдіріп, сыйлықтар табыс етті.

Кештің екінші бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагері Александр Смысловтың үйіне арнайы барған гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан ПҒА-ның академигі Н.Ғ.Даумов бастаған ұстаздар мен шәкірттер  сыйлықтармен, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Бұл кеш тәуелсіз, бейбіт өмірдің сәулелі шырағын өшірмес жас ұрпақ, жас жеткіншектер үшін өзіндік маңыздылығымен ерекше есте қалды.

А. Сапиева,

дарынды балаларға

арналған облыстық ұлттық гимназия мұғалімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз