ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ЕРЛІК

Мұрағаттық құжаттар арқылы ақпарат әлемінде көптеп жарияланып жатқан көзсіз ерлік көрсеткен батырлардың тізімдері, олар туралы наградалық бетшелер мен бұйрықтарға зер салып қарасаңыз, жерлесіміз Қараманов Рахметолланың қаһармандығы жөніндегі жазбаларды да жиі көресіз. Қайран ағамыз жауына қас батырдай атой салған екен ғой.

 

Біз Жылыойдан шыққан, топшысы мықты, тегеурінді, жас қырандай жауынгердің неміс Ратушасына Ту тіккенін, толып жатқан ордендері мен медальдарын ғана білеміз. Ал, соңғы уақыттарда майдангер Рахметолла Қарамановтың біз біле бермейтін жорық жылдарындағы естен кетпес ерліктері дүркін-дүркін жариялануда. Солардың ішінде талайды таңғалдырғаны – аға лейтенант, әрі саяси жетекші Рахметолла Қарамановтың қиян-кескі ұрыстардағы ерен ерлігі мен шабуылды ұйымдастырудағы тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандығы.

Енді наградалық бетшеге назар аударыңыз: Фронтовой приказ №158/н от 31.05.1945 г. «В наступательных боях, при прорыве сильно укрепленной обороны противника от реки Одер до города Берлина, тов. Караманов правильно расставил партийно-комсомольские силы и боевой актив на выполнение поставленной боевой задачи.

17 апреля 1945 года, при форсировании реки Альт-Одер, в районе села Ной-Харденберг, доведя боевую задачу до личного состава, тов. Караманов поднял батальон в атаку и стремительным броском выбил противника из передних траншей. Рискуя жизнью, под сильным огнем противника, по пластунски подполз к ДЗОТу, забросал его гранатами, где уничтожил 9 немецких солдат, чем обеспечил успех дальнейшего наступления батальона.

23 апреля 1945 года, во время штурма города Берлина, в трудный момент боя, когда враг остановил продвижение роты пулеметным огнем и фаустами, тов. Караманов лично фаустом пробил стену укрепленного дома, ворвался в него и броском гранаты уничтожил 7 немецких солдат и 15 пленных.

26 апреля  1945 года, находясь в боевых порядках роты, с группой бойцов ворвался в дом, где находились немецкие автоматчики  и в неравном бою уничтожили 17 немецких солдат.

Его батальон образцово выполняет боевые задачи.

Достоин присвоения звания «Героя Советского Союза с вручением ордена Ленина и медали Золотая звезда».

 

 Командир 1008-стрелкового полка,

подполковник  /ЦАРЕВ/,

24 апреля 1945 г.

Міне, жерлесіміз,  1008-атқыштар полкінің №2 батальоны саяси партия ұйымының жетекшісі Рахметолла Қарамановтың майдан даласындағы көзсіз ерлігі туралы мұрағат құжатының мәліметі осындай.

Оның жерлесі, офицер Кенжебай Мәденов екеуі  1008-атқыштар полкінің Туын асқақ ұстап, Берлин Ратушасына ту тіккені тарихтан мәлім. Соғыстың алдында Моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Баторда Кеңес Одағы сауда өкілдігінің әскери күзет бастығы болған қыран мінезді қайран аға соғыстан кейін Жылыойда «отыз мыңшылар» қатарында ауыл шаруашылығын дамытуға аянбай атсалысты. Сталин атындағы колхозға төраға болып, шаруашылықты алдыңғы қатарлы озаттар қатарына қосты. Одан кейін ұзақ жылдар бойы қаржы-финанс саласында жемісті еңбек етіп, Жылыой, Мақат аудандарының қаржы бөлімдеріне меңгеруші болды.

Батыл да батыр аға «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» секілді көптеген медальдардың иегері болатын. Халқын сүйген абзал азамат Р.Қарамановтың есімі исі қазақтың жадында, қаһарман бабасын кейінгі ұрпақ мәңгі ұмытпақ емес.

 

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз