АМАНГЕЛДІ ШАМҒОНОВ, Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: ЖОҒАЛҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕР ӘЛІ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ

«1941–1945 жылдардағы соғыс қалай аталуы керек?  Бұл қырғынның Қазақстан аумағына қатысы болған жоқ»  деген пікірді өз басым біздің өткен тарихымызға жеңіл-желпі қарау деп ойлаймын. 1941–1945 жылдардағы соғыс – 1939  жылы басталған ІІ дүниежүзілік қырғынның Шығыс Еуропа жерінде болған бір бөлшегі болатын. Алайда, 1941-1945 жылдардағы зұлмат – КСРО мен оның құрамындағы Қазақ КСР-нің халқы үшін де өздерінің туған Отанын фашистік басқыншылардан қорғау шайқасы, яғни, Ұлы Отан соғысы болды.

1922  жылдан бастап қазақстандықтардың Отаны Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы болғаны белгілі. 1941 жылғы маусым айында соғыс басталғанда өздерінің Отаны – КСРО-ны жаудан азат ету үшін 1 миллион 200 мыңдай қазақстандық майданға аттанды. Елді фашистерден азат етіп, оларды өз ұясында талқандау жолында Кеңес Одағының 27  миллионнан астам адамы опат болды. Олар «Отан үшін» деп, «КСРО басшысы Сталин үшін» деген ұрандармен ұрысқа шығып, соғыста ерлікпен қаза тапты. Олардың өз Отанын жаудан азат ету жолындағы ерліктері өз заманында мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Бес жүздей қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Қаншама жауынгер ордендермен, медальдармен марапатталды. Осының бәрін біле тұра, біз 1941 – 1945  жылдардағы зұлматты  Ұлы Отан соғысы демей, басқа қалай атауымыз керек?!

Егер, бұл қырғын басқаша аталар болса, онда қазақстандықтардың бұл соғыстағы қаһармандықтары төмендетілері сөзсіз. Ал, жастар бұл мәселеде түсінбеушілік танытатын болса, онда біз оларды адастырамыз. Отанға деген патриоттық сезімін әлсіретеміз. Оларға 1941-1945 жылдардағы КСРО мен фашистік Германия арасындағы соғыстың сипатын, мақсатын түсіндіру – аға буынның басты міндеті. 

Жеке көзқарасымда, соғыста хабарсыз кеткен бірнеше мың қазақстандық бар. Ендігі жерде ғаламторды немесе басқа да қазіргі заманғы озық технологияларды  пайдалана отырып, сол хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу – міндет.

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толып отыр. Жетпіс жыл дегеніңіз – бір адамның ғұмыры. Уақыт өткен сайын өскелең ұрпаққа қырық бірдің қырғыны мен ондағы Жеңістің мәнін дұрыс түсіндіру – парызымыз. Мұның өзі жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырады. Кейбір жастардың әскер қатарына барудан қашқақтауы отаншылдық сезімді түсіндірудің кемдігі деп білем. Сондықтан да, өскелең ұрпақтың «соғыс» деген ұғымды терең түсінуіне және олардың патриоттық рухта тәрбиеленуіне зор көңіл бөлінуі тиіс. Оларға еліміздің Конституциясында «Әрбір қазақстандықтың өз Отанын қорғауы – оның қасиетті міндеті» деп жазылғандығы жан-жақты түсіндірілуі керек.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – ешқашан, еш уақытта ұмытылмайтын, ескірмейтін оқиға. Жеңіс жолында жауынгерлер ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, елін, жерін, Отанын фашистік басқыншылардан қорғап қалды. Олардың майдан мен тылдағы ерліктері жас ұрпақ санасында өшпес өнеге болып мәңгі қалуы тиіс.  

Иә, кез келген  тарихи оқиғаға уақыт өте келе көзқарастың да түрліше болатыны белгілі. Бірақ, кеңес халықтарының бір емес, екі емес, 27 миллионнан астам адамының өмірін жалмаған қанды қырғын және сол сұрапыл соғыста қол жеткізген Жеңіс әділетті де тарихи, саяси бағасын алуы тиіс. Сонда ғана бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір бастауы болған майдангерлер алдындағы парызын өтей алады…

 

Жазып алған Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз