МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ БАСТАР ҚАДАМ

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүктелген маңызды міндеттерді жүзеге асыруда Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті біркелкі жұмыстарды атқаруда.

 

Департамент құрамына облыстық аппарат, жеті аудандық және Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары кіреді. Іс тетігі аталмыш мекемелерде еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің іскерлік сапасына, алға қойылған міндеттерге аса жауапкершілікпен қарап, жұмыла еңбек етулеріне тікелей байланысты екендігі белгілі.

Сондықтан, алдымыздағы айқын да, шешуші міндеттерді саралап, барша ұжымның күш-жігерін Ұлт жоспарында көзделген іс-шараларды орындап, жүзеге асыруға бағыттап отырамыз. Мемлекеттік қызмет саласын дамытуға арналған Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамын негізге алып қызмет етудеміз.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту, төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттері негізінде жүзеге асырылуы тиістігін өз мекемемізде қатаң бақылауда ұстап келеміз. Сонымен қатар, 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімінен өту көзделген.

Қазіргі қолданыстағы заңнамалар бойынша сынақ мерзімі бір айдан үш айға дейін белгіленген. Бұл мерзім мемлекеттік қызметке қабылданушылардың іскерлік қасиеттерін жан-жақты зерделеп білуге және қызметке алғаш қабылданушыға да өзінің мүмкіндіктерін, қабілет-қарымын көрсетуге мемлекет тарапынан мүмкіндік беріліп отырғандығын да ескеруіміз қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке кандидаттарды қабылдау конкурс негізінде бос орындарға сәйкес (бас маман, бөлім, басқарма басшылары т.б. лауазымдары бойынша) жүргізіліп, оның нәтижесімен осы лауазымдарға тағайындалып келсе, ендігі уақытта олар тек төменгі лауазымдарға ғана қабылданып, одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қабілеті негізінде жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік қызметке сырттай келіп орналасушыларға тоқтам салады, әрі бұл жағдайда осы мемлекеттік мекемеде бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан қызметкерлердің сатылы өсуін қамтамасыз етеді.

Тағы бір айта кетерлігі, мекемеде білікті мамандардың бір орында ұзақ жылдар бойы отырып қалмай, қызмет сатысымен өсуі көзделіп отыр.

Мемлекет тарапынан тұрақты түрде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақыларын көтерудің нақтылы шаралары алынып келеді. Дегенмен, әлі де болса білікті кадрлардың жалақысы жоғары жеке секторларға ауысып кету фактілерінің кездесіп жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе де Ұлт жоспарынан қалыс қалмай, құжаттың алтыншы, жетінші қадамдарында көрініс тапқан.

Дәлірек айтқанда, мемлекеттік қызметкердің жалақысын қызметінің нәтижесіне қарай өсіру, лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу болып табылады. Алға қарай осы мәселелер шешімін тапқан жағдайда мемлекеттік қызметкерлердің жоғары жалақы алуға ынтасы артып, бойларындағы іскерлік қабілеттерін ашады, өз міндеттерін уақытылы, сапалы орындауға жеке жауапкершіліктерін арттырады деп сенеміз. Басқа салаға ауысу фактілері де азаяр еді.

Мемлекеттік қызметкерлердің үнемі кәсіби шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіріп отыруына да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып, мүмкіндік берілетін болады.

Салада келесі жүзеге асырылатын іс-шаралардың бірі – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылданған соң 2016 жылы іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу. Ол тестілеу, әнгімелесу және аттестациялық тапсырмалар түрінде жүргізіледі деп күтілуде. Департамент бойынша барлық қызметкерлердің дайындықтарын шыңдау мақсатында қызметкерлермен арнайы техникалық сабақтар, түсінік жұмыстарын жүргізу қолға алынып отыр.

Ұлт жоспарының жоғарыда айтылған қадамдарында көзделген шараларды жергілікті мемлекеттік кіріс органдарында ұйымдастыру  департаментке қарасты адам ресурстары басқармасына жүктелген. Оны іске асыруда аталған басқарма бүгіннен бастап бірқатар шараларды қолға алды. Бұл  Қазақстанның әлемдегі ең үздік отыздықтың қатарына кіру, Мәңгілік ел жолындағы басты міндет болып табылады.

А.УАҒЫСАЕВА,

Атырау облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаменті адам ресурстары басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз