«МҰРАЖАЙ ТҮНІ» – ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында  18 мамыр – Халықаралық мұражайлар күніне орай «Мұражайлар түні» апталығы өткізілді.

Апталықтың әрбір күнінде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы атап өтіліп, осынау мерейлі даталарға арналған арнайы бағдарлама бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Мұражай түні» апталығының алғашқы шарасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Ол «Тылсым дәуір» экспозициялық залында «Мыңжылдық шырақтары шежіресі» атты көрмені таныстырудан басталды. Көрмеде әр кезеңді қамтитын өлке тарихынан сыр шертетін және ғылыми зерттеудің археологиялық кезеңіндегі жәдігерлерінің түпнұсқалары қойылды.

Көрмеге қойылған этнографиялық шамдар мұражай қызметкерлерінің Құрманғазы, Қызылқоға аудандарына ұйымдастырған ғылыми-этнографиялық экспедициялары кезінде жинақталған екен. Шамдардың ішінде мұражай қорына 1981 жылы тапсырылған немістің Мюллер фирмасынан шыққан «Чудо» лампасы да қойылыпты.

Апталықтың екінші түні  Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Этно – мәдени бірлестіктер мұражай алаңында концерт қойып, арқан тарту, балалар арасында «Хан талапай» асық ойындарын өткізді.

 Апталықтың үшінші түні Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар болды  .

Мұражай алаңындағы мерекелік концертпен қатар, көрермендер үшін қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтің ағаш бұйымдары, таксодермист маманы Қалымбек Жұмашевтің, зергер – шебер Қайрат Шапабаевтың шеберлік сағаттары (мастер кластар) жұртшылық көңілінен шықты.

Апталық аясында оқушылар арасында суретшілер, саяхатшылар сайыстары және мұражай қорын, кітапханасын толықтыру мақсатында да қала тұрғындарынан кітаптар, жәдігерлер жинақтау акциялары ұйымдастырылды.

 «Мұражай түндері» апталығына облыстағы мәдениет және өнер мекемелерінің, облыстық тілдерді дамыту, дін істері және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың, партиялардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметкерлері, облыстағы  этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық, қалалық соттарының, облыс прокуратурасының, әуе және темір жол мекемелері, мұнай компаниялары, әскери бөлімдер, облыстағы банк қызметкерлері, жоғарғы және арнаулы оқу орындары студенттері, «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының Батыс филиалы, Атырау облысы бойынша ЖШС «Сазанқұрақ» мұнай компаниясы мен мұражай ұжымы қатынасып, белсенділік танытты.

 Апталықтың қорытынды шарасында   қатынасушы көрермендер Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың дүниеге келген күніне орай 15 мамыр күні Ақтөбе қаласынан арнайы келген «Әлия, Мәншүк, Хиуаз» патриоттық клубының «Әлия гүлі» би ансамблінің және Халықаралық музейлер күніне арналған Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының концертін тамашалады.

Шара соңында мұражай басшысы Рашида Харипова «Мұражай қорын толықтыруға үлесіңді қос» атты акцияға қатынасушыларға, мерекелік шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан этно – мәдени бірлестіктер өкілдеріне, әскери бөлім басшыларына, БАҚ–тардың ұжымына, қолөнер шеберлеріне, оқушылар арасындағы саяхатшылар, суретшілер сайысына қатынасушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз