Тереңдегі теңгелер Жайықтың жағдайын жақсарта ма?

Tere degi te geler Жаңалықтар

Өзіндік мәселесімен өзегімізді өртейтін өзеніміздің қазіргі ахуалы баршаны алаңдатып отыр. Жыл санап жоғарыдан келетін су көлемі де азайып барады. Оның үстіне, айдын тазалығы да талапқа аса сай емес. Ең бастысы – балықтардың жүретін табиғи жолының тарылуы. Осы орайда атқарушы билік 2013-2017 жылдары тереңдету шараларына 1,5 млрд. теңге шамасында қаржы бөлген-ді. Алайда, бірқатар қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен халық қалаулыларының жасалған жұмысқа көңілі толмайды. Неліктен? Тонналап шығарылуы тиіс топырақтың көлемі неге тым аз?

Тереңдегі теңгелер

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина Чернованың айтуынша, қоғамдық ұйымдар мүшелері жоспар бойынша Жайықтың тереңдетілуі тиіс жерлерін қарап шығыпты. Яғни, техникалық және жобалау-сметалық құжаттарға сәйкес жасалған жұмыстарды тексерген. Мәселен, Көкарна елді мекені тұсында 42 мың текше метр су шөгіндісі алынуы тиіс екен. Алайда, сырт көзбен қарағанда оның мөлшері өте аз көрінеді. Мұны Атырау қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Рахымова да қолдайды. Ол «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамының өз міндетін толық орындағанына күмән келтіреді. Оның үстіне, «Жилгородок» маңында ешқандай тереңдету жұмыстары жүргізілмегенге ұқсайды. Өйткені, бұл маңдағы тұрғындар жағалауға жақын тұрса да су астынан алынған топырақты тасыған жүк кемелерінің Жайық бойымен жүзіп бара жатқанын көрмепті.

Депутаттың пікірінше, жобалау-сметалық құжаттары бойынша, барлығы 2 248 937 текше метр суасты шөгіндісі шығарылуы керек екен. Белгіленген 16 орында үш метрге дейін тереңдік қамтамасыз етілуі тиіс-ті. Міне, осы жұмыстар өткен жылы мәреге жетті. Бұл ретте Салтанат Рахымова құқық бұзушылыққа жол беріліп, бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалуы ықтималдығын айтады.

Халық қалаулысы өзінің күдігін кейбір дәйектермен келтіреді. Мәселен, жоғарыда айтылғанындай, су түбінен 2 248 937 текше метр топырақ шығарылуы қажет-ті. Ал, балықтардың өсіп-өнуіне және тағы басқа жайларға байланысты тыйымдар Жайықта қазу жұмыстарын 15 шілдеден желтоқсанға дейін жүргізуге ғана мүмкіндік береді. Яғни, төрт жылға шаққанда жиырма-ақ ай. Сонда әр айға 112 446,85 текше метрден келеді. Мұны отыз күнге бөлгенде тәулігіне 3 748,2 текше метр болады. Егер, тендерлік құжатқа қарағанда, мердігерде небәрі екі жер снаряды мен бір жүзбелі кран бар екенін ескерсек, оның мұндай жұмыс көлемін белгіленген мерзімде атқаруы мүмкін бе? Міне, депутат ортаға осындай күдігін тастады.

Рас, жергілікті атқарушы билік осы жұмыстар барысында кейбір өзге-рістер орын алғандығын, тереңдетілетін жерлер қайта таңдалғанын айтады. Әйтсе де, қайткенде де, кейбір қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен депутаттар атқарылған жұмыс көлеміне сенімсіздік танытады. Сондықтан, облыстық құрылыс басқармасы мен мердігер мекеме «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамының істің анық-қанығын анықтауға араласуын қалаймыз.

Марат САМАТОВ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз