Жұмысқа құлықсыз жастардың көбеюінің себебі неде?

rabotaaaa Жаңалықтар

Қоғамда жұмыс жасауға ынтасы жоқ жандар бар. Олар маңдай терлетіп, еңбек еткеннен гөрі, телефон шұқылап, ата-анасының зейнетақысымен жан баққанды жөн көреді. Айтатын сылтаулары да жаттанды – жұмыс жоқ. Кейбіреуі сыныққа сылтау іздеп, айлығының аздығын алға тартып, ұсынған жұмыстан бас тартып жатады.

Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық…

«Жұмысы жоқтық, Қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын» деп дана Абай айтпақшы, жатып ішер «жалқаулардан» қоғамға қауіп көп. Қылмыстық жолға оңай түсіп, діни теріс ағымдардың жетегіне ілесуі де əбден мүмкін. Елде жұмыс жоқ па, əлде жұмысқа мойны жар бермейтін еріншектік пе? «Жұмыс жасаймын» деген адамға, екі қолға бір күрек қашан да табылады. Оның үстіне Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Мəжілісте сөйлеген сөзінде айтқан «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары – жұмыссыз жастар үшін үлкен мүмкіндік. «Жастар практикасы» алғашқы жұмыс тəжірибесін жинақтау мақсатында орта кəсіптік жəне жоғары оқу орындарын аяқтаған жастар үшін жұмыс берушілерден түскен сұраныстары бойынша алған мамандықтарына сəйкес ұйымдастырылып келеді. Жастардың жұмыспен қамтылуы өзекті мəселе. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мəмбетовтің айтуынша, қазіргі таңда жұмыссыздар саны 9,8 мың адамды құрайды екен. – Осы жылы облыста «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 35,7 мыңнан астам адам қамтылып, оның ішінде 9 348-і тұрақты жұмыс орындарымен жəне 5799 адам бюджет есебінен қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарына жолданатын болады. Əлеуметтік жұмыс орындарына 357 адамды, қоғамдық жұмыстарға 3 059, жастар практикасына 1 490, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 259 жасты, «Күміс жас» жобасына 600 адамды жəне «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 18 жасты орналастыру, өткен жылғы мүгедектігі бар адамдар үшін құрылған арнайы жұмыс орындарын қоса есептегенде 16 адамның жалақысын ішінара субсидиялау көзделді, – дейді аталған басқарма басшысы. Биыл əлеуметтік саланың əлеуеті артатын түрі бар. Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келуге тілек білдірген отандастар үшін 237 адамға көмек көрсету жоспарланып отырғанын білдік. Сондай-ақ кедейлік деңгейіндегі аз қамтылған отбасындағы 9 348 адамға мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмекке (АƏК) бюджеттен 770,8 млн. теңге бөлінген екен. АƏК алатын 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 2 314 балаға 108,9 млн. теңгеге қосымша төлем беру жоспарланған. Мүгедектігі бар адамдарды қорғау бағытында əлеуметтік қызметтер порталы арқылы өтініш бергендердің 76%-ы оңалту құралдарымен жəне қызметтермен қамтамасыз етілетін болады.

«Сүйікті ісіңмен айналысу да бір бақыт»

Жасыратыны жоқ, бүгінде «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді құп көретіндер көбейді. Мұны масылдық дейміз бе, əлде жалқаулық па? Жалпы, масылдық көктен түскен нəрсе емес. – Ол – адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан, масылдықпен күрес өмір бойы жүреді. Адам өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге ұмтылса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бəрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кəсібін таба білген адам ғана бұл қылығынан арылады, -дейді біз пікірін сұраған психолог Мəрзия Ермұханова. Бірде облыста мықты кəсіпкер болған, марқұм Əлия Бекқожиевамен сұхбат кезінде өзін не алаңдататынын сұраған едім. Сол кезде «Ең бір көңілге өкініш ұялататыны, кейбір аналардың 24-25 жастағы ұлына жұмыс сұрап келетіні. Тепсе темір үзетін жігіттердің үйде жатып алып анасын, əйелін жұмсайтыны не сұмдық? Намыс қайда? «Қарға баласын аппағым, кірпі жұмсағым» дейді ғой. Көп ана «менің баламның дипломы бар, еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Мемлекет жұмыс тауып беруге шарасыз. Несие алып оқыттым» деп жатады. Неге ол бала өз білімімен оқуға түспейді? Əлі келмей ме, білімі мен білігі жететін колледжге құжаттарын тапсырып, ақысыз бөлімде оқысын. Бізде «Ананың баласы институтта оқып жатыр. Менің баламның одан қай жері кем?» деген түсінік бар. Баласының мүмкіндігі басқаның қабілетінен төмен шығар… Оны ешкім мойындағысы келмейді. Шауып барып жоғары оқу орнына түсіріп, шет елдерде мақтан үшін оқытып, сұраныс жоқ мамандықты алып беретіндері де бар. Қазір заңгер, экономистер көп. Сол толып жүрген қаржыгердің ішінен білікті бухгалтер таба алмайсың. Бұрын сыныпта 30 бала оқыса, оның бесеуінің институтқа түсетінін, 10-ының техникумға баратынын, ал, қалған 15-інің оқымайтынын білетінбіз. Ер балалар əскерге аттанады, қыздар жағы дүкенде сатушы немесе шаштараз болып жұмыс жасайды. Осы жерде тағы бір мəселені көтерейін, жастардың көбі қазір шаштараз, аспазшы, тігінші мамандықтарын менсінбейді. Ал, нағыз пайданың көзі сонда ғой. Бір адамның шашын əрлегені үшін кем дегенде 1500 теңге алады («Өнерпаз» тұрмыстық үйінде бұл қызмет түрі арзан). Басқа жерлерге барса, кейбір кісіден 4000-5000 теңге алады. Ал, оған күніне қаншама адам шашын қидырады, боятады. Білікті, өзінің жеке тұтынушылары бар шаш əрлеуші айына 300-500 мың теңге табады. Мен сізге шаштараз цехы бар адам ретінде айтып отырмын. Міне, есептей беріңіз… Атырау облысында «жұмыс жоқ» деген өтірік сөз. Екі қолға бір жұмыс қайдан да табылады. Өз басым көп балалы отбасынан шықтым. Ата-анадан ерте жетім қалдық. Менің əкеме де, маған да ешкім үй берген жоқ. Бүгінгі күніме ақ адал еңбегіммен жеттім. Бізде енжарлық бар. «Үкімет береді» деп отыра береді. Қабылдауға келіп жұмыс сұрағандарға тоқымашылықты ұсынамын. Еңбекақысы 40 000 теңге. Келіспейді. Вахталық жұмыс сұрайды. Жаңа ғана жоғары оқу орнын бітірген балаларын «вахтамен жұмысқа жіберем» дейді, оны бірден инженер етіп алмайды. Неге отандық мекемелерде қызмет етпеске?! Сонда… біздің адамдар бір мамандықты игергеннен гөрі шетелдік компанияға барып еден жуғанды артығырақ көре ме?» деген еді сол жолы кəсіпкер Əлия қазір де бар проблеманы дөп басып. МАСЫЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ Бұл түйінді шешу үшін біздің өңірде қандай жұмыстар жасалып жатқанын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мəмбетов айтты. Тіпті, жастарды жұмыспен қамту мəселесі республикамыздың өзге өңірлерінен көшілгері секілді. Десе де, мұндай құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп? Бұл турасында өзіндік пікірі бар, жастармен тығыз байланыста жүрген облыстық кəсіподақтар бірлестігі «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Серік Қадыровтың ойын білмекке əңгімеге тартқан болатынбыз. – «NEET» ұғымы жастардың еңбектен, білімнен, əлеуметтік белсенділіктен, өзін-өзі дамытудан ерікті түрде немесе түрлі себептермен бас тартуын білдіреді. Жалпы, жастардың жағдайы мен көңіл күйіне жұмыссыздық тікелей əсер етеді. Көп жағдайда жылдам дамып келе жатқан қоғамнан қашып, оқшауланып қалады. Олар əлеуметтік ортада өздерін керексіз сезініп, жеке жол табуға ұмтылады. Суицид, девиация секілді проблемалардың бəрі осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады. Бұл біздің қоғамға қауіп деп есептеймін. Дегенмен, белгілі бір пайыздық көрсеткіштің ішіне кіретін жастардың барлығын құлықсыз деп айтуға болмайды. Өйткені, қазір нарық заманы, əлеуметтік желі мен цифрлық технология заманы. Бұл дегеніміз, ешқандай арнайы мекемеде тіркелмей-ақ табыс тауып, жұмыс жасап жүрген жастарымыз да бар деген сөз. Сондықтан көрсеткіш əлдеқайда төмен болуы мүмкін.

Менің ойымша, NEET санатындағы жастардың басым көпшілігі ауылдық жерлерде, үй шаруасында жүр. Үйдің үлкендеріне қарайлап, қалаға келе алмай немесе өндірістерде жұмыс жасау мүмкіндігі болмай отырған жандар, – деген пікірін білдірді. Жəне… еңбек адамының қоғамдағы ролін төмендетіп алғанымызды да айтып өтті. Оның ойынша, əлеуметтік желілердегі əдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сəн-салтанатқа, қаржылық жағдай қаншалықты еңбектің күшімен келетіндігі насихатталмайды. Соның салдарынан жастардың санасында «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. «Бізде мемлекет тарапынан қанша қолдау, гранттар, субсидиялар бөлінгенімен өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» ролі төмендегендігінен» дейді ол. Мүмкін…

***

Қысқа мерзімді оқу курстарына 585 адам жіберілген. 1 880 адам онлайн skills арқылы оқыса, «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 2 615 адам оқуға жолданған. Өз істерін ашу бағытында халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы 291 адамға қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық жеңілдікпен 142 жасқа микронесие берілетін болады және 15 041 адам кәсіптік бағдарлаудан өтеді. Мүгедектігі бар адамдар мен пробация есебінде және жазасын өтеу орындарынан босап шыққан адамдар үшін квота белгіленіп, мекемелер тізбесі бекітілген. Бұдан басқа, шетелдік жұмыс күшін тартуға 5 115 квота бөлінген, оның ішінде I санат – 69, II санат – 865, III санат – 3481 және маусымдық қызметкерлер үшін – 70

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз