Жолсыз көшелер жөнге келтірілмек

remont dorog Жаңалықтар

Күн жылынысымен Атырауда жол жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта шаһардың Әбілхайыр хан, Сәтпаев, Азаттық даңғылдары мен Атамбаев, Махамбет көшелерінде, сондай-ақ, Атырау–Доссор тасжолының қала аумағындағы бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбетәлиевтің сөзінше, облыс орталығындағы жөндеу жұмыстарына 20-ға жуық арнаулы техника мен 30-дан астам адам жұмылдырылып отыр. Жалпы ұзындығы 15,2 шақырым болатын жаңа жол құрылысын бастау да осы жылдың жоспарына енгізілді. Бұл жоба Самал, Өркен, Береке, Атырау шағынаудандарын (10 шақырым), Махамбет–Датов көшелерінің аралығын (2,4 шақырым) және Бейбарыс даңғылы мен Атырау–Астрахан трассасының аралығын қамтиды. Ал жол жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде қызу қарқын алып отыр, – деді салалық басқарма басшысы.

Былтырдан бері облыста көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында қырықтан астам елдімекенде бір мың шақырымға жуық  автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүруде. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа 12 және жергілікті бюджет қаржысына 70 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы нысандардың құрылысын сәтті аяқтап, уақытылы қолданысқа тапсырған жағдайда облыс көлеміндегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін ұлғаяды.

Бұған қоса, облыс, қала және аудан аумағындағы жолдардың 618 шақырымына жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Бұл жоба толықтай іске асқан уақытта  жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарының үлес салмағы 88%-ға артады. Бұған дейін ешқандай жол салынбаған шаһардағы 76 көшеге көңіл бөлініп, тақтайдай тегіс асфальт төселеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз