Қазақ мұнайы экспортқа шыға алмай қалуы мүмкін…

crude oil e1565089189440 Жаңалықтар

Қара теңізде болған дауылдан Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбырға айтарлықтай зақым келді деп жазады Reuters агенттігі.

Аталған құбыр арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданатын.

Консорциум мамандарының айтуынша, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі айтарлықтай зақымданған. Қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Құбырларды жөндеуге қажетті жабдықтарды сатып әкелуге дейін мұнай тасымалының көлемі жоспардан үш есеге дейін азаюы мүмкін.

Ал, Ресей Энергетика вице-министрі Павел Сорокиннің айтуынша, аталған ақауды жөндеу үшін 1,5-2 айдай уақыт кетеді екен. Яғни, мұнай экспортының көлемі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендейді деген сөз.

Сарапшылар Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемі күрт азайғандықтан оның бағасы барреліне 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжамын айтып отыр. Бұл жағдай қазақстандық мұнай өндіруші компанияларды да тығырыққа тірейді. Өйткені, аталған құбыр арқылы еліміздің экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданып жатыр. Атап айтқанда, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен шыққан «қара алтын» осы құбыр арқылы өтеді.

Каспий құбыр желісі консорциумының үлесіне «Транснефть», «Роснефть», «Лукойл», «ҚазМұнайГаз», Chevron, Mobil, Shell, Eni сынды компаниялар иелік етеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз