Құнды құжаттарға көзқарас қандай?

Құнды құжаттарға көзқарас қандай Жаңалықтар

Мәселе ел тарихына қатысты болған жағдайда мұрағат пен мұражайдың рөлін айтпасақ та ұғынықты. Әсіресе, талай жолды жүріп өткен Қазақстан тарихындағы ақиқатты аршып алар тұста аталған екі мекеменің маңызы тіптен жоғары. Алайда, бүгінде мұрағатты «шаң басқан құжаттар» деп, мұражайға  тек экспонаттар көрмесі ретінде қарайтын көзқарасты жоқ дей алмаймыз.

Құнды құжаттарға көзқарас қандай

Бұл туралы облыстық  тарихи-өлкетану мұражайында «Отан тарихын жазудағы мұрағат, кітапхана және мұражайдың рөлі» атты «дөңгелек үстелде» кеңінен сөз болды.

Оған өңірдегі тарих ғылымдарының докторлары мен оқытушылар, студенттер қатысты. Өзінің ел тарихын зерттеу барысында анықтаған деректер туралы айтқан тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова «Орынбор мұрағатындағы Қазақ елінің тарихы» тақырыбында баяндамасын жасады. Ол жастарды Орынбордағы мұрағаттарда қазақ тарихына қатысты көптеген құжаттарды зерттеуге, бұл бағытта тынымсыз еңбектенуге шақырды. Ресей жерінде ерте кездегі мұрағатты ұйымдастыру жұмыстары туралы сөз қозғады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет  те мұрағат мәселесіне маңыз берді. Оның айтуынша, мұрағат қызметкерлерінің жалақысы төмен. Сол себепті бұл салаға жастардың қызығушылығы болғанымен, өмір сүруге қолайлы мамандықтарды таңдайды. «Елімізде мұрағат істерінің қалыптасуы бірден жолға қойылуы да қиынға соққаны – тарихи шындық. Арнаулы жобамен салынған мұрағат үйлерінің болмауы, ондағы қорлармен жұмыс жасай білетін кәсіби мамандардың жоқтығы, құнды құжаттар мен сирек кездесетін қолжазбаларға деген немқұрайлы көзқарас мұрағат ісіне көп кедергі келтірді. Қазақстандағы мұрағат құрылысының тарихы үш дәуірді, яғни революцияға дейінгі, кеңестік және егемендік кезеңдерді бастан кешірді» деді ол. Сондай-ақ, мұрағат мекемелер жүйесін қалыптастыруда көптеген қиыншылықтар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Жиын барысында Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұхамбетқали Кипиев Атырау жеріндегі Бөкей ханның есімімен байланысты тарихи орындар туралы біраз мәліметтермен бөлісті.

 

Сіз не дейсіз?

Сая  ГАЗИМОВА,

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы

ғылыми қор секторы бөлімінің жетекшісі:

Мұражай – тәрбие ордасы

– Мұражай қорының басты байлығы – құндылықтары, жәдігерлері. 1940 жылы 5 қарашада барлығы 223 дана жәдігермен ашылған мұражай бүгінде аудандармен қоса есептегенде – 93170, оның 54316-сы – негізгі, ал,  38854-і қосымша қорды құрайды.

Қазір мұражай жұмысы тек өткен дәуірдің ескерткіштерін ғана жинап қоймай, қазіргі заман тұрғысынан үнемі ізденушілік, зерттеу жұмыстарын жүргізумен  айналысуда.

 

Эльмира  ДӨКЕНОВА,

Ғ.Сланов атындағы облыстық

ғылыми-әмбебап кітапханасы  өнертану

әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі:

Кітап оқу – қолжетімді

– Кітапханада жалпы тарих туралы жазылған әдебиеттер саны – 96390, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар – 22572. Кітапхананың өлкеге байланысты кітап қоры қазақ және орыс тілдерінде мыңнан аса атаудан тұрады. Кітап қорында 544 сирек кездесетін кітап бар. «Қазақстандық электронды кітапхана «Қазақстан кітапханасы» мемлекеттік электронды кітапханалық қор» жобасы аясында аталған әдебиеттер Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана қорына ұсынылды. Бүгінде оны  барша оқырман пайдалануда.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз