Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлермен кездесті

Ардагерлер Ц ркез сапта 1 Жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттер қандай? Ғаламдық дағдарыс жағдайында ел экономикасының қуаттылығын қалай арттыруға болады? Қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы ардагерлеріміздің әлеуетін қаншалықты пайдаланып отырмыз? Жергілікті аға буын өкілдерімен арнайы кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы»  республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов осындай мәселелер төңірегінде ой қозғады. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, бір топ Парламент өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, дін қызметкерлері және аудан басшылары қатысқан мәжілісте түрлі ұсыныс-пікірлер сарапқа салынды.

Ардагерлер Ц __ркез сапта

«Көптеген мемлекетте жаппай қақтығыс орын алып жатқан алмағайып кезеңде  біздің еліміз бірлігін бекем сақтай білді. Әлемдік геосаясат картасындағы ахуалға ықпал етіп отырған Ресей, Қытай сынды алпауыт елдермен де әріптестік байланысымыз нығаюда. Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз – әлемдік деңгейдегі ірі компаниялармен ортақ келісімге келуіміз десек, осынау кезеңде ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция құйылып, жаңа жұмыс орындары ашылды», – деген Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов «Қашаған» жобасы аясында да зор  табыс  күтілетіндігін айтты.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануы еліміздің әлемдік аренадағы ықпалының артқанын дәлелдей  түседі. «Дүние жүзінде 200-ден астам ел болса, оның ішінде 15 мемлекет қана осындай дәрежеге ие болып отыр. Сириядағы ахуал бойынша келіссөздердің Қазақ жерінде өтуінің саяси мәні тіптен зор. Әлем алпауыттары бүгінде Астананы Азияның Женевасына теңеуде» деп саяси жағдайларға шолу жасаған Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстанның даму жолындағы жетістіктеріне  тоқталды.

Оның пікірінше, жалпыхалықтық талқылауға түскен Үндеу, ең алдымен, билік жүйесінің жаңа тынысын ашады. Үкімет пен Парламенттің өкілеттігін қайта қарау кезінде 40-тан аса заңға өзгерістер енгізіледі. «Сайып келгенде, бұл қадамдар бұқараның әл-ауқатын жақсартуға арналып отыр. Президент Жолдауында бұл одан әрі айқындала түседі. Мәселен, еліміздің қаржы жүйесін жаңартуға байланысты міндеттер, макроэкономикалық жағдайды одан әрі тұрақтандыруға арналған», – дей келіп, Бақтықожа Салахатдинұлы жергілікті өзін-өзі басқару саясатын жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықпен күрес, бюджет ашықтығын қамтамасыз ету тұрғысындағы пікірлерімен бөлісті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Президент Жолдауынан туындайтын мәселелердің маңызына тоқталды. «Жолдауда ел дамуының негізгі межелері белгіленген. Президент тапсырмалары толыққанды іске асады. Демек, Қазақстанның әлемдік аренадағы ықпалы одан әрі арта түсетін болады», – деп атап өтті облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Ардагерлер кеңесінің алдында қандай міндеттер тұр? Осы туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов  ұйымдастырылатын шаралар, жұмыс жоспары туралы баяндады. «Аға буынмен байланыс қашан да өз дәрежесінде болуы керек» деген ол «Ардагерлер әуендері» концертінің жанданатынын, қазыналы қарттардың арасында батагөйлер конкурсының, ақындар айтысының өтетінін хабарлады.

Аға буынның қоғамдағы рөлі, ел бірлігі, отандық экономиканы дамыту мәселелері талқыланған жиында  ардагерлер қауымы өз ойларын ортаға салды.

Баян Жанұзақова

Ардагерлер

Сіз не дейсіз?

 

Нәсіпқали СӘМЕНОВ,

Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 

Арнайы заң керек

– Ардагерлер қауымы ел бірлігін сақтауға қашанда мүдделі. Десе де, «Ардагерлер туралы» арнайы заң қабылданар болса, бұл ұйымның құқықтық тұрғыдағы мәртебесі артар еді. Және ел Конституциясына ардагерлер туралы арнайы бап енгізу қажет деп ойлаймын.

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

ауыл шаруашылығы  ғылымдарының  докторы, :

 

Су қоймаларын сақтасақ…

– «Инфрақұрылым – денсаулық – білім». Бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін негізгі кластер осы. Сондықтан, халықтың әл-ауқатын көтеруге тікелей әсер ететін осынау аспектілерді дамытуымыз керек. Мәселен, агросектор саласында су көздерін арттыру, егін шаруашылығы, соның ішінде суармалы егістікті кеңінен жетілдіретін болсақ, экспорт көлемін арттырар едік.

Су қоймаларын сақтай отырып, еңбек өнімділігін еселеуге де мүмкіндік көп. Демек, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми институттар жұмысын жетілдіретін кез келді.

 

Елемес АБДОШОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

 

Агросектор келешегі – кооперативте

– Қазақстанның болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан, біріккен кооперативтердің санын көбейтуіміз керек. Және агроөнімдерді өткізетін нүктелерді ұлғайтып, жайылымдық жерлерді тиімді пайдаланар болсақ, көп нәрседен ұтарымыз анық. Біз агросектордағы мүмкіндігімізді әлі де болса кеңінен қолдана алмай отырмыз.

 

Жәукен КӨШЕНОВ,

еңбек ардагері:

 

Еңбек дауы – өзекті мәселе

– Әсіресе, телеарна жаңалықтарынан еңбек дауына байланысты хабарларды жиі көретін болдық. Еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың жанайқайына дер кезінде көңіл бөлінбесе, іс насырға шабуы мүмкін. Сондықтан, депутаттарымыз еңбек ұжымдарындағы тәртіптің, заңдылықтың сақталуын ұдайы назарда ұстап отыруы керек.

 

Үлкенге  ізет  –  кішіге міндет

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің алғашқы төралқа  мәжілісі болып өтті. Өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылға арналған міндеттерді талқылауға арналған жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай жүрген ардагерлермен жүзбе-жүз кездескен аймақ басшысы облыстың экономикалық және мәдени-әлеуметтік ахуалы туралы айтып, ардагерлер ұйымдарының жұмыстарын жетілдіру жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, назар аударарлық мәселелерге тоқталды.

Ардагерлер ұйымдарының күнделікті жұмысына жоғары баға берген Нұрлан Асқарұлы аға буын өкілдерінің өзекті проблемаларын шешу жолдары туралы ақылдасты. Қаржыландыру, транспортпен, ғимаратпен қамтамасыз ету мәселелеріне көмек болатындығын мәлім етті. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов облыс әкіміне ұдайы қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.

 

***

Бұдан әрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бір топ еңбек және соғыс ардагерімен, облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының белсенділерімен кездесу өткізді.

Кездесуде соғыс ардагерлері А.Айбаров, О.Қарасаев, мемлекет және қоғам қайраткері Е.Тасқынбаев, еңбек ардагерлері А.Селбаев, М.Ғабдісәлімова, Қ.Әбисатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов, Қызылқоға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Карин, ардагер-журналист Е.Көшеков және басқалар ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа шынайы ризашылықтарын білдіріп, көкейлерінде жүрген  ойларын ортаға салды.

Серік МҰХАМБЕТОВ,

 облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз