Саланы цифрландыру қызмет сапасын арттырады

cifra Жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында цифрландырудың бүгінгі күннің талабы екеніне айрықша назар аударғаны анық.  Сонымен бірге ол осы бағытта жүзеге асырылуы тиісті міндеттерді атап көрсетіп, Үкімет пен жауапты ведомостволардың басшыларына нақты тапсырма да бергені белгілі.

«Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды Үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек» деді Мемлекет басшысы.

Осының өзінен-ақ, Президенттің еліміздегі цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне қаншалықты деңгейде мән беретінін аңғару қиын емес. Бұған бірінші кезекте ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары жеткілікті көңіл бөліп, Жолдау жүктеген міндеттің жүзеге асуына белсенді атсалысып, үлестерін қосуы керек. Осы тұрғыда Қазақ ұлттық логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының докторы,  «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Жұмажан Жаңбыров өзіндік пікірімен ортақтасты.

– Менің ойымша, Мемлекет басшысы атап өткендей, алдымен Қазақстанның  Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның Ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Осы мақсатта қайта құрылған Көлік министрлігі бұдан былай еліміздегі жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесімен де  айналысады. Көздеген мақсатқа жету үшін алдымен цифрландыру саясатын сауатты түрде, кезең-кезеңімен жүзеге асыруымыз қажет, – деді Жұмажан Ғинаятұлы.

Ол үшін ең әуелі осы саланың мамандары даярланатын жоғары оқу орындарына  деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Біліктілік деңгейіне қарамастан дипломды мамандарды топ-тобымен шығарудан гөрі, олардың әрқайсысының мамандығын меңгерудегі ерекшелігіне, қарым-қабілетіне, жеке басының қасиеттеріне, соның ішінде, цифрландыру бағдарламасы бойынша берілген теориялық дәрісті қаншалықты тәжірибеде қолдана білу мүмкіндігін елеп-екшеп, бағалаған дұрыс. Сонда ғана бүгінгі студенттің ертеңгі иеленер  мамандығына деген машықтығы, жаңашылдыққа, инновацияға, әсіресе, цифрландыруға деген қызығушылығы артады.

Сөзімнің басында айтқанымдай, Мемлекет басшысы алдымызға міндет етіп қойып отырған цифрландыру бағытындағы көзделген межемізге жету үшін өзгерісті, жаңаға қарайғы бетбұрыс пен бейімделуді әрбіреуіміздің өзімізден бастағанымыз абзал. Әрине, бұл тұрғыда ешқандай қарекетсіз отырмыз деп айтудан аулақпын. Мәселен, бакалавриат, яғни бакалаврларды даярлауға біз біраз елден бұрын кірістік. Бірақ та басқаларынан ілгері кетіп, көш бастап кеткеніміз жоқ. Өйткені, оның қаншалықты қажеттілігіне, сапасына ден қоймадық. Талдау жасап, сараламадық. Бағыты осылай екен деп, алға қарай адымдап жүре бердік. Күткен нәтижеге, діттеген мақсатымызға қол жетпеді.

Ал, көршілес Ресейде дәл осы бакалаврларды әзірлеуге қатысты реформа осыдан он жыл бұрын басталды. Ол нақты нәтижеге негізделген жоба-жоспар бойынша жалғасын тауып келеді. Ал, біз өкінішке қарай сан қуамыз деп, сападан айырылып, бағыт-бағдарымыздан адасып қалдық десем, артық болмас. «Ештен кеш жақсы» дегендей, мына ұсынылып отырған цифрландыру бағдарламасы сөз жоқ, осы олқылықтың орнын толтыруға, қателікті түзетуге беріліп отырған мүмкіндік. Бұл барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға қатысты. Ендеше, оны ұтымды пайдаланғанымыз жөн, ­- деп түйіндеді ойын ғалым.  Тұтастай алғанда, цифрландыру үрдісінің жемісті болуы ғылым мен өндірістің тығыз ынтымақтастығы мен бірлестігіне қатысты десек, оған да нақты мысалдарды келтіруге болар еді. Осы орайда мұнай мен газ өндіруші отандық компаниялардың көш басында келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-ында қолға алынған игі бастамаларды атап өткен ләзім. Акционерлік қоғамның  бас директоры Сәбит Арыновтың баяндауынша, кәсіпорын осыған дейін ресурстық базаны өсіруді табысты іске асырып, мұнай мен газ өндіруде жаңа технологияларды өндіріске енгізуге қол жеткізген. Бұдан жеті жыл бұрын мұнда онлайн форматта өндірістік нысандарды жедел бақылау және мониторинг орталығы құрылған.

Бұл ­– бүгінде Мемлекет басшысының өзі айқын басымдық беріп отырған цифрландыру бағдарламасы аясында инновациялық технологияны трансформациялау бағытында қолға алынып, сәтті жүзеге асырылған өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі қанатқақты жобалардың бірінен саналады. Басқаша айтқанда, заманауи технологияның мүмкіндіктеріне негізделген орталық кен орнындағы басқару пультіне ұңғымалардан келіп түскен деректерді үздіксіз өңдеуге, жедел бақылау және шұғыл шешімдер қабылдауға, ақпараттар мониторингін қалыптастыруға  жол ашады.

– «Ембімұнайгаз» АҚ қазіргі «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның құрамындағы  кәсіпорындардың ішіндегі цифрландыру саласы бойынша үздіктердің қатарында. Қашықтан басқару орталығы қауіпсіздіктің алдын алу үшін де таптырмас жоба. Барлық параметрлері көрсетілген заманауи технология. Еңбегіміз еленіп, тіпті «Мұнай-газ саласына арналған үздік 10 IT-жобасы» атты ІХ бүкілресейлік байқауында Гран-при ұтып алдық. Бұл жерде жаңа технологияның тілін жетік меңгерген геолог, механик, т.б. жоғары сұранысқа ие жергілікті мамандар жұмыс істейді, – дейді компания басшысы.

Сөзіміздің соңында айтарымыз, цифрландыру шеңберіндегі бастамалар мен жоспарлы жұмыстар  Атырауда жұмыс жасап жатқан басқа да отандық және шетелдік компанияларда қолға алынып, жалғасын табуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз