Қазақстанның мақсаты – қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру

Қазақстанның мақсаты – қауіпсіз әділ және өркендеген әлем құру 1 Жаңалықтар

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында Қазақстан Президентінің Саяси үндеуі таныстырылды

2017 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарына қатысты, осы пікірталастар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты Саяси үндеуін таныстырып өтті.

Қазақстанның мақсаты – қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру

Пікірталастар барысында Қазақстанның Сыртқы істер министрі 2017-2018 жылдар кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан өкілеттіктерінің басталуына орай Мемлекет басшысының Саяси үндеуін жариялады.

Қ.Әбдірахманов бұл Үндеудің Мемлекет басшысының 2016 жылғы 31 наурыздағы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің қағидаттарына негізделетіндігін және оны шығармашылық тұрғыдан дамытатындығын атап көрсетті. Президент Н.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит аясында ұсынылған бағдарламалық құжатының БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарсы ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ,  бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шиеленістерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі.

Үндеуде атап көрсетілгендей, «Қазақстан Кеңесте бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, оның бүкіл күн тәртібі бойынша әділ және ашық жұмыс істейтін болады». Н.Назарбаевтың айтуынша, Астана «Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең құқылы негізде ынтымақтаса жұмыс істеуге, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға қол жеткізіп, бәтуаластықтың қалыптасуына септігін тигізуге ниетті».

Мемлекет басшысы өз Үндеуінде атап көрсеткендей, «Қазақстан Кеңесте барлық мүше елдермен аталған басымдықты бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауапты, салмақты және сындарлы түрде жұмыс істеуге ниетті».

Қазақстан Президентінің Үндеуі отырыс қатысушыларының жоғары бағасына ие болды. Бұдан басқа, оны БҰҰ ҚК ресми құжаты ретінде тіркеу туралы шешім қабылданды.

Нью-Йоркке сапары барысында Қ.Әбдірахмановтың БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында Астананың Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі бағдарламасының өзекті мәселелері мен Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының көп қырлы күн тәртібі талқыланды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз