Атырауда Абай ескерткіші ашылды

whatsapp image 2021 12 30 at 14.20.24 Жаңалықтар

  Атырау қаласының Әбілхайыр даңғылы бойындағы Абай орталығының алаңынан  ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды. Шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен ел ағалары, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

whatsapp image 2021 12 30 at 14.20.25 1

    Салтанатты шараның ашылу рәсімінде  облыс басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы  ұлы ақынның халқымыздың өмірінен алар айшықты орнын атап өтіп, шара қонақтарына алғысын білдірді.

   – Ардақты ағайын! Құрметті қуанышқа қатысушылар!

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында облысымызда көптеген маңызды іс-шара жүзеге асырылды. Бүгін, міне, Атырау төрінде ақыл-ойдың алыбы — Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылуда. Бұл – өңір мәдениеті үшін айтулы оқиға. Баршамызға құтты болсын!

                Қай халықтың да бетке ұстар, мақтан тұтар дара тұлғалары болады. Қазақтың кемеңгері Абай Құнанбаев – ұлттың ұлы дәрежесінен асып, әлемдік деңгейде өз орны бар біртуар тұлға.                    

     Ұлы ойшылдың қара сөздері мен өткір өлеңдері – даналықтың үлгісі, ұлттық философияның асыл маржаны. Ақын туған халқының мінін түзеп, мәдениетті де өркениетті елге айналғанын қалады. Қалың елі қазағына ой салу үшін қолға қаламын алды.

whatsapp image 2021 12 30 at 14.20.24 1

    Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын тұтас түркі халықтары атап өтті.  Атырау жұрты да ақын шығармашылығы мен өміріне арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізді. Облыс орталығынан, өздеріңіз көріп отырған, алып ғимарат ашылып, оған ақынның есімі берілді. Қазір Абай орталығында жастарға білім мен тәрбие беруге қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Ұлы ойшылдың ізгілікке, білім-ғылым мен  еңбекқорлыққа шақырған өсиеттерін, алдымен, ел болашағы – жастардың санасына сіңіру қажет.

                Абай – ұлттың тәрбиешісі, шамшырағы. Келешек ұрпақ Абай жырларын жатқа біліп қана қоймай, онда айтылған өзекті ойларды түсінсе, нағыз мемлекетшіл, білімді және еңбекқор болып өспек.  Ұлы ойшылдың баға жетпес рухани мұрасын сақтап, дамыту – бәрімізге парыз. 

   Ескерткіштің ашылуы бірнеше жыл бұрын жоспарланғанмен пандемияға байланысты кешіктірілгенін атап өткен жөн.

Құрметті жерлестер!

                Атасының емес, адамның ұлы бола білген Абайға  құрмет көрсетіп келгендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін! Баршаңызды ел тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Азаттығымыз мәңгі болғай! Ұлы ойшылдың өсиеттері темірқазық болып, Ұлы Абайдың рухы әрдайым жебеп жүрсін! – деді облыс әкімі.

   Ескерткіштің ашылу салтанатында жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, публицист, музыкатанушы,Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ақынға құрмет көрсетіп жатқан атыраулық ағайынға  алғысын білдірді.

whatsapp image 2021 12 30 at 14.20.24 2

  Айта кету керек, Абай ескерткіші қоладан құйылып жасалған, биіктігі – 11 метр. Монумент авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз