Алғашқы түлектер алғашқы жұмысына кірісті

1z5a5143 Жаңалықтар

Жұмыссыз жастарды  мобилография, маркетинг және графика дизайнері бағыттары бойынша тегін оқытқан «Шектелме» жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталып, 40-тан астам адам сертификат иеленді. Олардың бірнешеуі алғашқы тапсырысын алып, жұмысқа кірісіп те кетті.

– Құлсарыдағы маркетинг курсына жазылып, бизнесті талдаудың 5 түрін шебер меңгерген қос қатысушымыз кәсіпкерлерге өз  қызметін ұсынып, жұмысты бастағанын айтып қуантты. Мобилографтар да тапсырыс алып үлгерді, – дейді ұйымдастырушылар.

Атырау, Құлсары және Мақат жастарына арналған бұл жоба «Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Жаңаша» ҚҚ-ының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жобаға Атырау облысының ішкі саясат басқармасы мен Жылыой, Мақат аудандық әкімдіктері қолдау көрсетіп отыр.

– Біздің мақсат – жұмыссыз жастардың табыс көзін табуына көмектесу. Білім алуға ниеттілердің қатары көп. Бірінші кезекте жұмыссыздарды тіркейміз, содан кейін қосымша табыс табу мақсатында жаңа бағытты меңгергісі келетін жастарды қамтимыз, – дейді қор өкілдері.

Сұранысқа ие бағыттарды меңгереміз деп келген жастардың қатарында Атыраудағы саңыраулар қоғамына мүше қыз-жігіттер де бар. Олар курс мазмұнын сурдоаудармашы көмегімен меңгеріп, қуантарлық нәтижелер көрсетті. Осылайша жобаның әлеуметтік маңызы еселене түсті.  

Жоба жыл аяғында дейін жалғасады. Бүгінде наурыздағы лектің тізімі жасақталып, сабақ кестесі бекітілген. Таяу күндері  сәуірде копирайтинг, SMM, сайт жасау бағыттарында өтетін курстарға тіркеу басталады.

Айдарбек АҚАРЫС

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз