ҮЛЕСКЕРЛЕРДЕН – ҮЛКЕН ҮМІТ

Елімізде үлескерлердің мәселесін шешу нақты қолға алынуда. Өткен аптада ҚР Өңірлік даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте осы мәселе кеңінен сөз болды. 
Астана, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл өңірлері және басқа да қалаларда үлескерлердің қатысуымен жетпістен аса мердігер мекеме көп қабатты үйлер тұрғызып жатыр. Соның ішінде он жеті нысан бойынша кемшіліктер анықталып, Үкімет отырысы барысында бұл нысандар туралы толықтай ақпарат жарияланды. Қайырбек Өскенбаев аталған жұмысты жүйелеп, қыркүйек айының орта мерзіміне дейін есеп беру үшін арнайы комиссия құруды нақты тапсырды. Басқосу барысында Индустрияландыру картасына енген елдегі қырықтан аса өндіріс орындарының жағдайы да қарастырылды.

Қазақстанда құрылысы әлдеқашан аяқталса да, өндіріс қуатын арттыруға инвестиция жеткізе алмай отырған кәсіпорындар аз емес. Солардың қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы хош иісті көмірсутегілерін шығаратын кешен құрылысы. Оның аяқталуы да белгіленген уақыттан кешігіп отыр. Жобаны жүзеге асыруды өз мойнына алған қытайлық компания шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсатты кеш алып, біраз құжаттарды рәсімдеуге уақытты оздырып алған болатын. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс құрылыс жұмыстары келер жылдың шілдесінде мәресіне жетпекші. Сондай-ақ, Индустрияландыру картасына өңірдегі балық шаруашылығы саласын жаңғырту жобасы да енгізілген.
– Қазір «Атырау балық» мекемесі толықтай банкрот деп танылып, 400-ден аса жұмысшысы таратылды, – деді жиынға онлайн жүйесінде қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов. – Барлық дүние-мүлкі есепке алынып, орталыққа жолданды. Бұдан бөлек, «Жайық балық» ЖШС-ін құруға жұмыстанудамыз. Мекеменің құжаттарын «Атырау бекіре шабақтарын өсіру» зауытына сенімгерлік басқаруға беру үшін Үкіметтен қаулы күтіп отырмыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз