Генерал Қайырғали Мырзабаев: «Әркез қоғам тыныштығының сақшысымыз!» (+Видео)

eac 6009 Қоғам

Атырау өңірі тұрғындары үшін ішкі істер органдарының ардагері, полиция генерал-майоры Қайырғали Жұмабайұлы Мырзабаевтың есімі кеңінен танымал. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері қарай аталмыш саланың қарапайым қызметкерінен басшысына дейін лауазымдық баспалдақтардан көтерілген азамат ең алдымен кісілік келбетімен, кәсіби шеберлігімен көптің ілтипатына іліккен тұлға. Атыраудағы құқық қорғау саласы мен нақты полиция органдарында қызмет атқарып жүрген көптеген жоғары лауазымды маманның ұстазы да бола білген Қайырғали Жұмабайұлы – бүгінде «ММ-Секьюрити» сынды күзет компаниясының құрылтайшыларының бірі. Еңбек жолын полицияда бастаған ақылман ағаның бүгінгі қызметіне деген көзқарасы қандай? Міне, генералмен болған сұхбатымыз осы сауалдан басталды.

–  Жалпы, бұл мен үшін таңсық сала емес қой,- деп бастады әңгімені Қайырғали Жұмабайұлы. – Еңбек жолым қоғам тыныштығын қорғау, мемлекет пен тұрғындар меншігіне қолсұғушылықпен күресуге арналды. Ішкі істер органдарында да, күзет саласында да тыныштық сақшысы болу және ұрлыққа тосқауыл қою басты мақсат емес пе?! Қоғам тыныштығының сақшысымыз. Себебі, қоғам тыныштығы ең алдымен тәртіп пен мүліктің тоналмауынан басталмай ма?! Ал, «ММ Секьюрити» компаниясының де негізі 2004 жылы құрылды, келесі жылы 20 жылдық шағын мерейтойымыз болады. Әңгімені әріден бастасам, сол жылы зейнеткерлікке шықтым. Өңірімізде жалғыз «Групп 4» деген мекеме болды күзет қызметімен айналысатын, одан басқа ауызға ілігер жекеменшік компаниялар болмады бұл салада. Сол кезде елімізде күзет саласына арналған арнайы заң қабылданды. Жергілікті жердегі жігіттер, Махмуд Аташ деген кәсіпкер, менің ұлыммен бизнесін бірге бастаған азамат күзет фирмасын ашу туралы идеясын айтты. Бастапқы кезде техника, құрал-жабдықтар, жеке құрамға киім алуға қолғабыс етті. Көпшілігі біліңкірейді ғой, сол шақта ойын казинолары көп болатын қалада. Авангард ықшамауданында орналасқан солардың біреуінде кісі өлтіру фактісі орын алды. Осы қайғылы жағдайдан кейін маған ұсыныс түсті күзет фирмасын ашып, тиісті дәрежеде қызмет көрсету туралы. Қанша дегенменен, ішкі істер органдарындағы тәжірибе бұл жерде қаперге алынған болар, әйтеуір, күзет фирмасын ашып, жұмысты казинода күзет қызметтерін көрсетуден бастап кеттік.

eac 6207

Біртіндеп қызмет көрсету аямыз кеңейе бастады. Соның ішінде мұнай кәсіпшіліктеріне қызмет көрсетуге көштік. Мысалы, «Сазанқұрақ», «Мәтен», «Уорли Парсонз» сынды мұнай кәсіпорындарымен жұмыс атқардық. Итальяндық компаниялармен де тығыз іскерлік қарым-қатынаста болғанбыз. Өзара тиімді тәжірибе алмасқанбыз итальяндықтармен. Бірақ, кімдермен іскерлік байланыста болсақ та, ең алдымен өз қызметкерлеріміздің жағдайын жоғары қоюға тырыстық. Мысалы, өзге күзет компанияларымен салыстырғанда біздің қызметкерлердің жалақысы салыстырмалы түрде жоғары болды. Бәсекелес демеймін ғой, дегенменен, өзге компаниялдардағы әріптестеріміз: «жалақыны неге жоғары қоясыңдар, сендерге қарап отыратын болдық қой», – деп әзіл-шыны аралас әңгімелерін алға тартатын. Біз болсақ, «қандай дәрежеде жалақы төлесең, сол дережедегі қызмет сапасын да талап ете аласың!» деген бағытта өз уәжімізді айтамыз! Бұл өмір шындығы, нарық қағидаттары емес пе?

Әрине, қызмет барысында ерекшеліктер бар ғой. Мысалы, шетелдіктермен іскерлік байланыста, әсіресе, бастапқы кезде итальяндық мердігер компаниялардың қауіпсіздік жөніндегі мамандарымен қызметтегі ерекшеліктер бойынша пікірталастар орын алып отырды. Олар өз уәждерін алға тартты, біз қолданыстағы заңдылықтар мен қалыптасқан жағдаяттарды түсіндіріп, тіл табысып қызмет атқардық. Әрине, тапсырыс беруші болғасын, өз талаптарын үстемелетіп қойғысы келетіні түсінікті, дегенменен, «жылқы баласы кісінескенше, кісі баласы түсініскенше» емес пе?! Екі жақты тиімділікті ескере отырып, нәтижелі жұмыс жасап кеттік деп ойлаймын.

sikuriti2

– Күзет қызметі дегенде, ең алдымен мәселе жеке құрамға келіп тіреледі ғой. Ал, сіздің компанияда қызметкерлерге қойылатын негізгі талап қандай, олардың дені бұрын қай салада қызмет атқарғандар?

– Әрине, күзет мекемесі болғаннан кейін талап та ерекше болатыны түсінікті. Денсаулығының мықтылығы мен білім деңгейі де қаперге алынады. Арнайы тексеруден өтеді, бұрын-соңды соттылығының бар-жоғын да растайтын құжаттарын тапсырады. Енді негізінен бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарғандар келеді ғой. Себебі, жұмыс бағытын түсінеді, тәртіп пен қызмет барысы кейбір жай ғана қызметтегіден ауыр екендігін де түсіндіріп жату артық болады. Айталық, ішкі істер органдарында бұрын қызмет атқармаған адамға тәртіпке бағыну деген басты талаптардың бірі екендігін бірден түсіне қою қиындау. Түн қатып отырып, қызмет атқару, жұмыс орнында ұйықтап қалмау, бөтеннің мүлкіне деген асқан жауапкершілікпен қарау, құжаттамаларды толтыру сынды көптеген ішкі жұмыстардың астарында қаншама жауапкершілік жатыр десеңізші. Жалпы, күзет қызметі деп жеңіл-желпі қарауға болмайды. Меншік нысанына қарамастан, тіпті, қай елде болмасын, күзет қызметінің атқарар рөлі мен мақсаты айқын, бұл – бөтеннің мүлкін қорғау, тәртіп пен қоғамдық, ұжымдық қауіпсіздікке жауапты болу. Осы салада жүргендегі бір мысалды келтірейінші, Марк Сугру деген шетелдік әріптесіміз болды,  ағылшын полицейі қызметін атқарған. Оның да бізден алғаны көп, біз де өз тәжірибемізге пайдалы жақтарын алдық. Бұл жерде ең басты айтайын дегенім, күзет саласының жауапкершілігі қайда да ауыр, оған немқұрайлы қарауға болмайды.

– Көптеген жағдайда, бұны өзіңіз де атап өттіңіз, күзет қызметіне полицияда қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққандар келеді. Ал, еңбек жолын осы компанияда бастап, ішкі істер органдарына қызметке тұрғандар бар ма?

sikuriti23

– Иә, әрине, бар. Бұндай қызметкерлеріміз де жеткілікті. Осы компания құрылған шақтан бастап жұмыс жасау әдісі мен тәртібін ішкі істер органдарындағы қызмет жүйесіне мейлінше жақындаттық. Бізде де кезекші қызмет бөлімі, жедел әрекет ету тобы сынды ұқсас жүйелер бар. Бұны көрген жас мамандардың қай-қайсысына да ішкі істер органдарында қызмет атқару қиын болмайды. Бізге қарасты компаниялардағы нысандардың барлығында да рация орнатылған, сәт сайын тексеру тобы да бар. Былайша айтқанда, біздегі қызмет үлгісі ішкі істер органындағы жұмысқа мейлінше жақындатылған. Осы жерде айта кетерлігі, күзетшілікке зейнеткерлікке шыққандар келеді деген сыңаржақ пікір бар. Әрине, көптеген жағдайда бұрын ішкі істер органында жұмыс жасаған азаматтар келетіні рас. Себебі, жағдайды да, мәселенің мәнісін де біліңкірейді. Көп таныстырып жатуды қажет етпейді. Дегенменен, біздің компаниядағы жігіттердің дені – жас жігіттер мен орта жастағы азаматтар. Осында келіп, тәжірибе жинақтап, керісінше ішкі істер органдарына барып жатқандар қаншама? Біздің компанияға кездейсоқ адам келмейді, іріктеліп алынады. 

– Мейлінше жақындатылған дегенде, қызметкерлеріңіздің қылмыстық істерді ашуға немесе бұзақылық пен басқа да тәртіп бұзушылықты тоқтатқаны, ашқан жағдайлары бар ма?

– Ондай мысалдар көп қой. Айталық, «ММ Секъюрити» компаниясы ашылғаннан бері қызмет атқарып келе жатқан қызметкеріміз Мұрат Хаметов осында жүріп бірнеше қылмыс ашқан. Шетелдік азаматтардың велосипедтерін ұрлап жатқан жерінен қылмыскерді ұстаған кездер де бар.

– Негізінен мұнай компанияларының тұрба-құбырларын күзетумен айналысады екен ком-панияларыңыз. Ал, құбырдан мұнай ұрлау фактілері тіркелді ме?

– Біз қызмет көрсетіп жүрген компанияларда бұндай жағдай кездескен жоқ. Ертеректе бұндай жағдайлар кең етек жайып кетіп еді ғой. Осыдан 7-8 жыл бұрын ба екен, бір белгілі компанияның тұрба құбырынан мұнай ұрлау фактісі тіркелді. Қылмыс ашылды. Бірақ, қылмыскерлердің соған баруға деген тәуекелділігін айтайын. Тұрба құбыры толықтай бақылауда екенін біледі, сәт сайын кезекшілер тексереді. Көліктегі қарулы қарауыл бар. Соған қарамастан, құбырдан мұнай ұрлауға бару дегеніміз, ақымақтық қой (күледі-автор).

– Қалай ойлайсыз, сіздің мекеме күзет компаниялары арасындағы рейтингте нешінші орында?

–  Бұны тап басып айту қиындау шығар. Себебі, осы рейтинг бұрын болды, қазіргі уақытта жоқ. Дегенменен, шетелдік түрлі конкурстарға қатысып жүрміз. Сайыстардан мақтау-мадақтау қағаздарын алып жүрміз, бірінші орын алып келген кездеріміз де көп. Франциядан, Белоруссиядан шақыртулар келді. Нақтысын айтқанда, әркез бәсекелестікке дайынбыз, одан қашпаймыз да. Енді кәсіпкерлік бағыттағы байқауларға да қатысып жүрміз. Құр қол қайтқан кездеріміз болған емес.

– Енді жеке өзіңізге қатысты сұрақтарға келсек. Сізді жұрт ішкі істер органдарындағы басшысы және өз кәсібінің білгірі, айтулы маман деп біледі ғой. Ал, есіңізде қалған қиын істердің бірін айтып бересіз бе?

– Ішкі істер органы қызметкерінде «мынау жеңіл, анау ауыр іс» деген түсінік жоқ болуы керек. Себебі, әрбір істің өзіндік қиындығы бар. Қарапайым қалта ұрлығын дәлелдеп шығу кейде өте қиын болып тұратын. Себебі, қол астыңда нақты бейнетүсірілім секілді айғағың болмаса, күдікті мүлдем мойындамауы мүмкін. Жалаң сөзбен кісіні қалай айыптайсың? Рас, қайғылы аяқталған қылмыстық істерді ашу кезіндегі жауапкершілігі де өзгеше болатыны бар. Жәбірленуші тараптың алдында, қаза тапқан адамның ағайын-туысының алдында «қылмыскер табылды ма?», – деген сауалға бірден жауап беру қиындау болатын тұстар аз кездеспеді. Сол жағынан алғанда, аса бір күрделі іс есіме түсіп отыр. Бұл туралы бұрын да айттым, дегенменен, тағы бір қайталап жіберсем, еш сөкеттігі болмас.

Мен 1988 жылға дейін Маңғыстау облысында қызмет атқардым. Облыста алып мұнай кәсіпорны болған еді, сол кезде. Жұмысшыларының жалақысы да айтулы болатын. Сыйақыларының да көлемі өте қомақты. Сол Совет өкіметі кезінде «13-інші айлық» деген сыйақы болатын. Міне, осы мұнайшылар жалақы алатын аталмыш мекемеге әлгіндей сыйлық сомасы түседі. Есепшілері барлығын таратып үлгере алмай қалған, қазіргідей кәртішкеге аудара салатын жүйе жоқ, қолма-қол санап береді ғой. Біраз көлемдегі ақша қалып қойған. Кәсіпорын басшылығы күзетті күшейту шаралары ретінде екі қарауылшы қойыпты. Қылмыскерлер таңертең екеуін де өлтіріп кеткен, бірақ, ақшаны алып үлгере алмаған. Кейін білгеніміздей, сол уақытта әлдебір көлік өтіп бара жатып, қарақшыларды үркітіп жіберген екен.  Сол кезде бұндай атышулы қылмыстарды ашуға көмекке республикалық, одақтық министрліктерден де арнайы мамандар келеді.  Үш ай дегенде барып ашылды. Есімде қалғаны, қылмыс болған жерді тексергенде сақина пішіндес бұйым табылды. Не екенін түсіне алмадық көпке дейін. Бармаған жеріміз, сұрау салмаған мамандарымыз қалмады десем де болады. Сол шақта Ақтау қаласында көптеген ірі кәсіпорындар бар-тын. Жиырмаға жуық зауыт жұмыс жасап тұрды. Солардың бәріне барып шықтық. Мамандардан сұрастырып көрдік. Тап басып айта алмады көпшілігі.

Ғайыптан тайып, бір мылтықтардан хабары бар азаматқа тап болғанбыз, сол кісі бірден: «Мынау мылтықтың дүмбісі мен оқпантайын біріктіре қысатын арнайы сақинаға ұқсайды»,- деді. Кейін нақтылағанымызда, расында да бұл жиналмалы, шағын шамаданға сыйып кететін мылтықтың сақинасы болып шықты. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары қолданылған мылтық, негізінен сібірлік аңшылар пайдаланыпты. Тула мылтық жасау зауытында дайындалып келген. Ал, сексенінші жылдарға таман өндірістен алынып қалған. Содан іссапармен Тулаға бардым. Ондағылар растады, «осындай мылтықтар шығардық, бірақ, кейбір ақаулықтарға орай, тоқтаттық» деген уәж айта келе, Мәскеу қылмыстық-іздестіру басқармасының мұражайында мылтықтың үлгісі болуы мүмкін деп, кеңестерін де алға тартты. Мұражайға бардық, онда әлгі мылтық үлгісі болмай шықты. Содан әлдекімдерден естігеніміздей, КСРО Ішкі істер министрі болған Николай Щелоковтың жеке мұражайында бар екен. Содан менің жеке сенімхатыма негіздеп, алып келді әлгі мылтықты. Маңғыстауда Карл Хасанұлы Бисалиев деген облыс прокурорының орыбасары болып еді, сол кісіге өтініш жасадық облыстағы аңшыларды жинап, жиын өткізсеңіз деп. Карл ағамыз аңшыларды жинап, әлгі мылтықты көрсетіп: «Ал, осындай қару кімде бар, маған аноним түрде хабарласып та айтуларыңызға болады», – деді. Арада көп уақыт өтпей,  әлдебіреу телефон шалды. Ақша ұрланған әлгі кәсіпорынның Жетібайдағы бөлімшесінде қызмет атқаратын екі орыс жігіті айтылған үлгідегі мылтықпен ит атып жүріпті осыдан біраз бұрын.  Ақырында атышулы қылмысқа осылар қатысты болып шықты…

– Ал, өзіңіздің ашқан соңғы ісіңіз туралы әңгіме айтып бере аласыз ба?

– Мен 1975 жылы, сол кездегі Маңғышлақ облысының Шевченко, қазіргі Ақтау қаласында учаскелік инспектор болып қызметке тұрдым.  Бертін келе, қылмыстық істерді іздестіру бөлімшесінде инспектор болдым. Сол кезде жедел уәкіл деп атамайды, инспектор дейтін. Міне, көп кешікпей аға инспектор, содан Шевченко қаласы бойынша қылмыстық-іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары болып тағайындалдым.  Осы бөлімшенің басшысы да болып қызмет атқарғанмын. Айта кету керек, 1973  жылға дейін бұл жабық қала болып, Гурьев-20 деп аталып келді. Кейін ғана Шевченко деген атауға ие болды. Қылмыстық-іздестірудің облыстық аппаратында қызмет атқардым. Форт-Шевченко қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалдым. 1988  жылы Маңғышлақ облысы таратылды. Әркімді жан-жаққа қызмет бабымен жөнелте бастады. Маған екі ұсыныс келіп түсті: бірі – Чарждоу қалалық қылмыстық-іздестіру бөлімінің басшысы, екіншісі Гурьев қаласының қылмыстық-іздестіру бөлімі басшысы қызметін атқаруға ұсыныс түсті. Әрине, Чарджоудан бұрын, туған жерім Гурьевіме тарттым. Облыстық аппаратта қылмыстық-іздестіру бөлімі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалдым. 1994 жылы облыстық ішкі істер басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Бір жыл өте Мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, басшының орынбасарлығына ауыстым. 1997 жылы сол комитеттің осындағы басшылығына тағайындалдым. Көп кешікпей оны таратып жіберді.  Сол жылы облыстық ішкі істер басқармасының басшысы болдым. Зейнеткерлікке шығарда осы Маңғыстау облысының полиция департаментінің бастығы болып бардым. Қайтесің, өмір жолы осылай өрілді. Енді басшы болып тұрғанда, өзім тікелей ашпағаныммен, ашылуына басшылық жасап бір кісідей атсалысқан бір істі айтып берейін:

Ақтау қаласында белгілі бір кәсіпкер азаматты атып кеткен еді. Ол кезінде жоғары лауазымдарда қызмет атқарған, елге танымал жігіт болатын, жұмыс орнынан шығып келе жатқанда әлдекім шолақ мылтықпен атып өлтіргені белгілі болды. Бұл қылмысты да ашу оңайға түспеді. Енді, шолақ мылтықпен атылғаны белгілі болған соң, іздеуге кірісу керек, бірақ, оны бүкіл қала бойынша қайдан табасың? Қиындау жағдай. Содан бұған дейінгі оқиғаларды сараптай бастағанда, 13 және 8 ықшамаудан жасөспірімдері арасындағы топтасып жанжалдасу барысында шолақ мылтық атылғаны еске түсті. Дереу сол мылтықты қолданған жасөспірімге бардық. Ол болса, мылтықты бір ересектеу азаматтың тартып алғанын айтты. Сол жігітке барсақ, шолақ мылтықты Ақтау жағажайларының қасындағы шағындау көлге лақтырып жіберген екен. Ақыры үш-төрт күн әлгі көлдегі суды теңізге жіберіп, мылтықты іздедік. Анау көлдің асты толған жылан, улы болмағанымен, адамның үрейін ұшырады екен. Ақыры шолақ мылтық табылды. Қылмыскер де тұтқындалды. Жанжал неден шықты дейсіз ғой? Ұсталған жігіт автокөліктерге газ құятын станса ашады. Ал, қаза тапқан кәсіпкер – Ақтауға негізгі газ беретін мекеменің иесі. Екеуінің арасында келіспеушіліктер туындаған. Ақыры жоғарыдағыдай қайғылы аяқталды жанжал.    

– Генералдың да үлгі тұтқан тұлғалары бар шығар?

­–  Әрине, бар! Генерал демекші, бірден жоғары шенді офицер бола қалмағанымыз түсінікті ғой. Жастау кезімізде генерал түгілі, майор болудың өзін армандаушы едік. Еңбек жолымның бастау тұсында Ноговицын Василий Павлович деген басшым болып еді. Салиқалы, байсалды азамат болатын.  Ашу шығарып, зекіп жатқанын көрмедім.  Одан кейін Қанаев Нарекез деген басшым болған. Облыстық қылмыстық- іздестіру басқармасының басшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері,  Ленин, «Қызыл Ту» ордендерінің иегері. Міне, осындай тұлғалардан тәлім-тәрбие алдым. Бұлардың шектен шығып дауыс көтеріп, ұрысқанын көргенім жоқ.  Бір қызықты оқиғаны баяндайын:

Әлдебір жедел уәкіл арақ ішіп көзге түсіп қалады. Енді оны жұмыстан шығару керек болады. Сонда басшымыз жинап алып бәрімізді: «Біздегі Ариф деген жігітіміз футболды жақсы ойнайды, спортшы. Салауатты өмір салтын насихаттайтын ондай адам керек. Петр Аврамов жүргізуші, керемет жүргізуші. Сеніп тапсырған шаруаны, тиянақты орындайды. Бұндай да адам керек бізге! Ал, мынау Нурик деген бауырымыз керосинші барып тұрған, жерге май құйып «өртейді» де жүреді айналасын. Мұндай жігітпен жолымыз бір болуы қиындау емес пе, қалай ойлайсыңдар?» дейді. Әлгі жігіт өз кінәсі мен қателігін түсініп, ың-шыңсыз жұмыстан шығып кетті. Басқа басшы болса, қырып-жойып, айқай-шу шығарып, біраз әбігерге салар еді ме деп ойлаймын?!  Атырауға келгенде де Асылбек Есмырзаұлы Жаманбаев деген азаматтың тәлім-тәрбиесін молынан алдым.  Сол қатарда Нәсіпқали Сәменов те бар. Бертін келе Белғожанов Еркін Рысқанұлы да ағалық танытқан тұлға.  Үш жылдай бірге қызмет атқардық. Маңғыстауда бір кабинетте қызмет атқарғандар ішінен 5 (!) генерал шығыппыз. Олар: Отто Иван Иванович, министрдің бірінші орынбасары болған, генерал-лейтенант, одан кейін Хайдаров Қалмұрат Саламатұлы, Өзбекқалиев Райымхан Халелұлы, Досқалиев Ғибрат Ермекұлы сынды тұлғалы азаматтармен қызметтес болғанымды өзіме мақтан тұтамын. Әрине, қазір де қызметтес болып жүрген әріптестерімнің қай-қайсысы да, шені мен шекпеніне қарамастан, мен мақтан тұтатын, сыйлайтын жандар! Бұлармен жетістігіміз де, алар асуларымыз да мол болады деп сенемін!

– Әңгімеңізге бек рахмет!

Қызметіміз темірдей тәртіпке жүйеленген

«ММ-Секьюрити» компаниясына жуырда 20 жыл толады. Осы тұста, мекеменің қазіргі жай-күйін, жұмыс барысымен танысу мақсатында және күзет саласына қатысты сауалдарға жауап алу үшін аталмыш серіктестік директоры Ардақ Исағалиевпен сұхбат құрған болатынбыз. Сонымен…

– Ардақ Айдынғалиұлы, бүгінде компанияның негізгі мақсаты, осы саладағы өзге мекемелерден басты айырмашылығы туралы әңгіме өрбітсеңіз?

– Компанияның негізгі мақсаты тапсырыс берушінің қызметкерлерін және дүние мүлкін қорғау. Біздің осы салада қызмет атқаратын басқа мекемелерден қандайда бір айтарлықтай артықшылығымыз жоқ деуге болатын шығар. Себебі, біздің көздеген мақсатымыз бір, ол тапсырыс берушінің мүддесін Заң аясында қорғау.

– Ал, жұмысқа қабылданатын үміткерлерге қойылатын басты талаптарға не кіреді?

– Әрине, күзет қызметінің жауапкершілігі мен міндеттеріне есепке алатын болсақ, салаға кез-келген адам қабылданбайтыны да түсінікті. Талап та қатаң, жауапкершілік те жоғары. Айталық, Қазақстан Республикасының «Күзет қызметі туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, жеке күзет ұйымының құқықтық мәртебесі және жеке күзет ұйымының күзетші лауазымын атқаратын жұмыскеріне өзіндік талап қойылады. Ең бастысы, жеке күзет ұйымының күзетшiсi қызметiне Қазақстан Республикасының 19 жасқа толған және күзетшiнiң арнайы даярлығынан (күзетшiнi оқытудың арнаулы курсынан) өткен азаматтары қабылдана алады. Сонымен қатар, бұрын күзетші болып жұмысқа қабылданғанға дейін бір жыл ішінде немесе осы лауазымда болған кезеңде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149, 434, 436, 438, 439, 440, 443, 450, 453, 462, 463, 464, 469, 470, 476, 477, 478, 479, 481, 482, 483, 484, 485, 486, 487, 488, 489, 490, 494, 495, 496, 504, 506, 653, 654, 658, 659, 665, 667, 669, 670, 673, 675-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны туралы мәлімет анықталған жағдайда қызметке алынбайды. Әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, соттылығы бар екендігі анықталған жағдайларда да жұмысқа қабылдануы мүмкін емес.

– Қазіргі таңда отандық мекеме-кәсіпорындар басшылығы көптеген жағдайда жұмысшы-қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне баса назар аударады. Осы тұста, мекеме басшылығы ұсынылатын әлеуметтік пакет атаулыға қандай қолдаулар мен жеңілдіктер енгізген?

– Біздің мекеме тарапынан қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына байланысты бірқатар көмек қарастырылған. Компанияның ерекшелігі, қызметкерлердің отбасылық жағдайын ескере отырып, яғни, отбасында мүгедектігі бар тікелей туыстары немесе балалары болған жағдайда ай сайынғы еңбек ақысына 50 000 теңгеден қаржылай көмек беріледі.

– «ММ-Секьюрити» мекемесі салыстырмалы түрде алғанда жаңадан құрылғанымен, ұжымның үлгі тұтар әріптестері тобы бар болатыны түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, жас мамандарға корифей ретінде кімді ұсынар едіңіздер?

– Компанияның құрылғанына және нарықта қызмет көрсетіп жатқанына 20 жыл болды. Ал, бүгінгі таңда қызмет атқарып жүрген жұмысшылардың арасынан өзінің еңбекқорлығы мен жұмысқа деген ұқыптылығымен айрықша көзге түскен Ғилажұлы Мейрамбекті атап өтуге болады.  

–  Жалпы, қатардағы қызметкердің күнделікті жұмысы қалай өрбиді?

Жалпы күзет қызметі темірдей тәртіппен жүйеленген, сол себепті күнделікті жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес атқарылады.

– Қалыптасып жатқан ұжымның өзіндік дәстүрлері де болатыны белгілі. Көпшілікке осылардың бірқатарын атап өтсеңіз…

– Компанияда қалыптасқан оң сипаттағы дәстүрлерді атап өтетін болсақ, оған мен кейбір санаттағы жұмыскерлерге көрсетіліп отырған әлеметтік қолдауды  айтып өтер едім. Атап айтқанда, 18 жасқа дейінгі мүгедек баласы барларға, отбасында бірге тұратын 1 топтағы мүгедек тікелей ағайын туысы барларға және басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс-қимылдарының ардагерлеріне еңбек ақысынан бөлек ай сайын қаржылай үстем ақы беріледі. Сондай-ақ, жеке құрамды жұмысқа ынталандыру мақсатында «Бонустық» бағдарламасына сәйкес әр қызметкердің еңбек ақысына сай пайыздық үстем ақы қосылады.  Сонымен қатар, Тапсырыс беруші «КҚК-Қ» АҚ-мен бірлесіп жүргізіліп отырған жұмыстардың нәтижесінде, жақсы жұмысымен көзге түскен жұмысшылар құнды сыйлықтармен марапатталады.

– Сұхбатыңызға бек рахмет!

Дайындаған Анар Турегалиева

***

Еркін БЕЛҒОЖАНОВ, 

полиция генерал-майоры:

– Қайырғали Мырзабаев – облыстық ішкі істер органы тарихында өзіндік орны бар тұлға. Соңынан ерген біраз офицерді тәрбиелеген, мамандықтың қыр-сырына баулыған ұстаз десем де артық болмас. Үлкенді тыңдай біледі, кейінгілерін тыңдата біледі. Сол тұста біз қоғаммен бірге болдық, қоғамның айтқанымен санастық. Елмен бірге жетілдік, елмен бірге өстік, өркендедік. Алдымызға тарих пен тағдыр артқан міндетті абыроймен атқарып шықтық деп есептеймін. Қазіргі полиция қызметкерлеріне сол салынған сара жолда тұралап қалмай, алға қарай жетіле түсу секілді үлкен міндет тұр. Осы ретте, генерал Мырзабаев сынды бізден кейінгі буын өкілдерінің кәсіптегі өнегесі бүгінгінің полицейіне де сабақ болатынына күмән тудырмаймын!

Мұхаран ӘМІРОВ, полиция генерал-майоры:

– Жалпы, Қайырғали Жұмабайұлы туралы барша әріптестер біліктілігі жоғары маман, өңірдегі біраз айтулы қызметкердің ұстазы, кісілігі бөлек азамат деп біледі. Әрине, өңірдегі ішкі істер органының тарихы бай, үлгілі де, тағылымды оқиғаларға толы. Соның ішінде Қайырғали Жұмабайұлы сол ішкі істер органының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған корифей, мақтан тұтарлық тұлға!

Жалпы, ел егемендігін алып, мемлекет пен қоғам тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің іргетасын қалауда ішкі істер органдарының орны ерекше болса, сол нәтижеге қол жеткізуде атыраулық полицейлер, оның ішінде, сол тұста басшылықта болған генерал Қайырғали Мырзабаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Барлығын бірдей тәптіштеп жеткізу қиын болар, бәріне бірдей түсіндіру одан бетер оңай емес, бірақ, бір анық нәрсе – мемлекеттің іргетасын Қазақстанның әр өңіріндегі осындай азаматтар нығайтты!

Инамат Бисенов:

– Мен бұл мекемеге ашылғаннан бері, яғни, 2004 жылы кірдім. Оған дейін балық инспекциясында қызмет атқардым. Міне, сол уақыттан бері қызмет атқарып келеміз. Вахталық режиммен жұмыс жасаймыз. 15 күн жұмыс. 15 күн демалыс. 2006 жылы осы біздің мердігер «Статстрой»  деген мекеме болды. Құрманғазы ауданы территориясында мұнай құбыры орналасқан. Сол жүйенің 386 шақырымынан мұнай құбыры бойын қазғанда бұранда (задвижка) салып кетті деген белгі шықты компьютерден. Дабыл бойынша барып, көрсетілген жерді қаздық. Қазған уақытта, мұнай құбыры тұрбасын әуелгіде салған кезде құбырлы экскаватор майыстырып алған. Содан құбыр тесіліп, мұнай ақпасын деген оймен, бұранда салып кеткен ғой. Ал, ол компьютерден «бұранда салып кеткен» деген белгі беріп тұр. Сондай қызықтар болды енді.

Көптеген мамандармен қызметтес болдық. Түрлі жағдайлардан өттік. Әріптестер ішінде Мейрамбек Ғилажұлымен иық тірестіре он жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеміз. Ол 2013 жылы жұмысқа кірді. Сол уақытта учаске басшысы деген жоқ, супервайзер деген лауазым болды. Мейрамбек – супервайзер, мен оның көмекшісі болдым. Мейрамбек – жас болғанымен жұмысына ұқыпты, білімді азамат.

Мейрамбек Ғилажұлы:

– Мен осы жұмысқа 2013 жылы келдім. Оған дейін НКОК мекемесінің күзет компаниясында қызмет атқардым. 2009 жылы мұнай саласы бойынша білім алып, жоғары оқу орнын аяқтадым. Сол уақытта жұмыстың ыңғайы болмағандықтан, бір жылдай болса да жасай тұрайыншы деген оймен күзет фирмасына жұмысқа кірген болатынмын. Бір жылдың ішінде топтың басшысы болдым, одан кейін супервайзер болдым. Содан бері, міне, басқа жұмыс қарамастан, күзет саласындамын. Осы салада жүргелі мекемеде көптеген таныс таптым, дос таптым. Қызықты кездер көп болды, қиын кезеңдер де аз болмады. Біздерде жұмыс бағыты негізінен далалықта болғандықтан, мобильді топтар қырлыққа жиі шығады. Қыс мезгілінде тіпті, сол топтар өз кезекшіліктерінде желі бойымен айдалада кідірген кездер де болған. Төтенше жағдайлар қызметінің тікұшақтарының көмегіне жүгінген кездеріміз де болды. 2012 жылғы қыстың қатты боранында даладағы адамдарды құтқарып қалған шақтар есте қалды.

Бұдан бөлек, мұнай құбыры бойындағы арнайы белгілер орнатылған бағандарды ұрлап кету оқиғасы жиі кездесіп тұрды. Жаз уақытында тіптен жиілеп кетті. Осы тұста, бізде мұнай құбыры мен күзеттің ортасында біріккен жоспарлар құрылады. Сол жоспармен Исатай аудандық құқық қорғау органына хабарласқанбыз. Солардың көмегі арқылы темір қабылдайтын кәсіпкерлердің қабылдау қосынын тексердік. Дегенмен, ұрланған белгі бағандарын таппадық. Бірақ, жоғалған аумақты аралап жүргенде бір жергілікті тұрғын күдікті болып көрінді. Ол үнемі сол жерде мал бағып жүретін. Әлгі азаматтың үйін тексеру барысында ұрланған темірлерді таптық. Сондай бір оқиғалар болды. Негізгі мақсатымыз – тапсырыс берушінің алдында мекеменің беделіне нұқсан келетіндей әрекеттерді болдырмау. Әріптестеріміз осы мақсат үдесінен шығуға әркез дайын!

Нұрхат ОРАЗБАЕВ, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі:

– Асыра мақтауды қажет етпейтін генерал Қайыржан Мырзабаев туралы барлық жағдайда да тек қана жылы сөздер айтуға тиіспіз. Тоқсаныншы жылдары жұрт басынан өткен аласапыран уақытта ел тыныштығын сақтап, қоғамның қамы үшін құқық қорғау саласында еңбек еткен майталман ағаларымыздың қай-қайсысы да кейінгі ұрпаққа мақтанышпен айтатұғын із қалдырды, ерен еңбек етті. Өзге елдердегідей  мемлекет ішінде қылмыс кең етек жайып, қоғамға ықпал ететін жағдайға жетпеуінің басты себебі, Қайыржан Жұмабайұлы сынды ішкі істер органындағы жауапты азаматтардың біліктілігі мен білімінің арқасы десем, қателесе қоймаспын.

Артық-кемі жоқ, генерал Мырзабаев бастаған аға буын өкілдері – аумалы-төкпелі уақытта біз үшін елеулі дәуір жасақтаған жасампаздар. Материалдық-техникалық базаның жұтаң күйінде, кадр жетіспеушілігі мен елдегі экономиканың тұралап қалған кезінде ел тыныштығын сақтап қалу, оның мүлкі мен мүддесіне нұқсан келмеуі мақсатында қызмет атқару оңайға түспеді. Міне, ағаларымыз қиындықтарға қарамастан, көптеген үлгі боларлық іс атқарды. Олардың өнеге-тәжірибесі біз үшін әлі талай уақыт сабақ болары анық!

eac 6124

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз