«ХАНТАЛАПАЙДЫ» БІЛЕСІЗ БЕ?

Астана қаласында «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай мектеп жасына дейінгі балалардың арасында «Ханталапай» интеллектуалдық республикалық байқауы өтті.

Байқау қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу арқылы балалардың интеллектуалдық, тапқырлық, ептілік қабілеттерін дамытуға, бала бойындағы Отанға, туған өлкеге, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Облыс бойынша Исатай ауданы, Аққыстау селосындағы «Қарлығаш», Атырау қаласындағы №19 «Шұғыла»  мен №30 «Жұмбақ» балабақшаларының ең үздік бейнематериалы мен фотоколлаж жұмыстары республикалық байқауға жолданды. Еліміздің әр түкпірінен келіп түскен жұмыстар ішінде атыраулық бүлдіршіндердің ойыны ерекше деп танылды.

Қорытындысында Исатай ауданының «Қарлығаш» балабақшасының бейнематериалы бас жүлдені иеленді. Айта кетейік, «Қарлығаш» балабақшасы бұған дейін де көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Бүлдіршіндердің қабілеттеріне, ой жүйріктігіне республика көлеміндегі мектепке дейінгі ұйымдар куә.

Қаладағы №19 «Шұғыла» балабақшасының бейнематериалы жүлделі екінші орынды иеленсе, №30 «Жұмбақ» балабақшасы «Ең үздік фотоколлаж» номинациясына ие болды. Аталған жұмыстардың бәрін де «Ханталапай» ойынын жетік меңгерген педагог жүргізеді. Расында, алдағы уақытта ұлттық ойындар балабақшамен қоса, мектептегі дене тәрбиесі пәніне біртіндеп енгізілсе, баланың зияткерлік қабілетін дамыта түсер еді деген ой келеді.

Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз