Балаңыз мектепке дайын ба?

pgngegengegege Білім

Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. «50-60 мың теңге. Бұл – бір ғана баланы мектепке дайындауға қажетті сома. Үш баламды білім ордасына дайындауға қаражатты қалай жеткізсем екен?..»

Жазғы демалыстың көбі өтіп, азы қалған осынау уақытта ата-аналарды толғандырар мәселенің бірі де осы. Науқан кезін пайдаланған саудагерлердің саудасы қызу жүреді. Ал, нарықтағы бүгінгі бағаны қалтасы көтере бермейтіндердің амалы нешік? Көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қандай қолдау бар?

БІРЫҢҒАЙ ФОРМА – БАСТЫ ТАЛАП

Облыс орталығында бірнеше сауда орындары болғанымен, көпшіліктің жиі баратыны – «Дина» базары. Мұнда аймақтың әр түкпірінен келген тұтынушылар сауданың көркін қыздыруда. Олар өткен жылы белгіленген талапқа сәйкес бірыңғай мектеп формаларын іздеумен әлек. Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, биылғы мектеп формасында өзгеріс жоқ.

«Былтыр бекітілгендей, биыл да форманың түсі қою қара көк. Ұл балаларға да, қыз балаларға да өздерінің таңдауы бойынша ақ жейде кию ұсынылды. Ұлға да, қызға да негізгісі жилет, ауа райының суық кезінде трикотаж пиджак киіледі. Ұлдар тобықты жауып тұратын классикалық үлгідегі шалбар, ал, қыздар үлгісі таңдауы бойынша, ұзындығы тізеден бес см жоғары, не төмен болмайтын белдемше киеді. Жилеттің кеуде ойығы өте үлкен болмауы тиіс» дейді ол.

Оның айтуынша, былтыр 1 қыркүйек күні облыстың барлық мектептерінде оқушылар бірыңғай мектеп формасын киіп келді. Бұрын алынған мектеп формасын тозғанша пайдалануға мүмкіндік берілді. Ата-аналар мен педагогикалық қоғамдастық мектеп формасының болуын қолдайды.

«Оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы өте дұрыс. Мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай бір түсті болуы тиіс. Оны тіктіруге ата-ана «Өнерпаз» ЖШС-не тапсырыс бере алады. Бұдан басқа, өздері қалауынша кез келген тігін цехы, мекеме, жеке кәсіпкерге тіктіре алады. Ең бастысы, белгіленген талапқа сай болуы қажет» дейді Алмагүл Бахқызы.

Осындай белгіленген талаптарға сәйкес келетін Ресейдің « Делорас» фирмасының қыздарға арналған пиджагінің бағасы базарда – 15-16 мың, белдемше – 10 мың, жилеті 8-10 мың теңгеден сатылуда. Ал, аталмыш фирманың ұлдарға арналған костюмі – 25 мың, түріктің «LD» фирмасының костюмі 35 мың теңгені құрайды.

Туфли, бәтеңкелер жеңілдікпен – он мың, ұлдардың ақ жейдесі – төрт-жеті мың, ал, қыздардікі сәнділігіне қарай төрт мыңнан оң мың теңгеге дейін бағаланыпты. Спорттық үлгідегі киім – 1418 мың, кроссовка 10 мыңнан жоғары болса, бантик үш жүз бен мың теңге аралығын қамтиды. Оқушыға ыңғайлы ортопедиялық сөмкелер 10-12 мың теңгеден сатылуда. Бұл – базардағы ең сапалы – деген тауарлардың бағасы.

Бір баланы аталған сауда орнынан мұндай киіммен қамтып, мектепке толық дайындаудың құны шамамен сексен мың теңгеге жетеді. Бұған оқуқұралдарына жұмсалатын қаржыны тағы қосыңыз. Нарықтағы осынша бағамен мектепке дайындауда бірнеше баласы бар кез келген ата-ананың шамасы жете бермесі анық.

Сауда орталықтарының бағаларын салыстырмақ болып, «Көктем» базарына да бас сұқтық. Сапалы киімдерге әжептәуір жеңілдіктер болғанымен, сөрелерден балаға сәйкес келетін өлшемдерді табудың өзі қиын. 30-50 пайыздық жеңілдіктермен өткен жылғы сатылымнан қалған тауарлар сұрыпталып қойылыпты.

ҚЫТАЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН ТАУАРЫ АРЗАНЫРАҚ

Сондықтан, кейбір ата-ана көрпесіне қарай көсіліп, Қытай, Қырғызстаннан әкелінген өнімдерді алуға мәжбүр. Өйткені, олар әлгіндей емес, әжептәуір арзан. Белдемше – бес, сарафан – сегіз, жейделер үш-төрт мыңнан сатылуда. Осылайша, базарда матасы да, тігісі де әртүрлі өнімдер толып тұр. Оларды аралап, өздеріне қолжетімді, әрі сапалы тауар іздеп жүргендер де аз емес.

– Мен – бес баланың анасымын. Төртеуі мектепке барады. Оның ішінде кішісі мектепалды даярлық сыныбына барады. Ал, кенже қызымыз балабақша жасында. Оларды мектепке дайындау үшін Махамбет ауданынан келдім. Облыс орталығындағы базарлардағы мектеп жәрмеңкелерін аралай жүріп, қажетті өнімдерді «Динадан» алуды ұйғардым.

Басқа сауда орындарында бірі болса, бірі жоқ. Бағасы да қалтаға сай келмейді. Қазір төрт балаға қажетті киімкешектерге 200 мың теңге жұмсадым. Сегізінші, алтыншы, екінші сыныпқа баратын балаларыма өткен жылғы формасын кигізейін десем, өлшемі келмейді. Бала тез өседі ғой. Форма тарылған және сапасы төмен болғандықтан, ескіргені тағы бар. Сондықтан, жаңасын алуға тура келді. Жоғарыда аталған сомаға оқу құралдары кірмейді. Әлі де сатып алынбаған біраз дүниелер бар.

Есептеуімше, олар үшін 100 мың теңгедей қаржы жұмсауым керек. Жұбайым екеуміз де жұмыс жасаймыз. Көп балалы болсақ та қаржыны жеткізуге талпынып жатырмыз, – дейді Ақтоғай ауылының тұрғыны Жанаргүл Қалишанова.

ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ АРТТЫРСАҚ…

Негізі қаладағы базарларда баға әрқалай. «Бақдәулет» сауда орнында мектеп формасы жилет пен белдемше, шалбар сегіз мыңнан жоғары бағаланыпты. Сатушылардың айтуынша, өлшемге сай оның бағалары да артып отырады. Мұндағы әрбір форма – отандық өнім. Тұтынушылары бұл тауарлардың сапалы, әрі бағасының қолжетімді екенін айтады. Сондықтан, «отандық өндіріс орындарын көптеп ашып, балалар киімдерін тігуге әлі де бетбұрыс қажет-ау» деген ой келеді.

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Осы тұста «нарықтағы бұл бағамен аз қамтылған, көп балалы отбасылардың бүлдіршіндері және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қалай мектепке дайын болмақ?» деген сауал туындайды. Облыстық білім беру басқармасының басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, мұндай отбасылардың балалары үшін «Мектепке жол» акциясының биыл шілдеден бастау алғанының да мәні бар.

– Биыл акция «Жүректен – жүрекке!» ұранымен өтуде. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін көмек көрсету. Аталмыш шараға мемлекеттік мекемелер, облыстық басқармалар жылда белсенді қатысатындығын ерекше атап кету керек.

Былтыр түскен өтініштің барлығы қанағаттандырылды. Алайда, ескертіп кететін бір жағдай, өтініш берген отбасыға бірақ рет көмек көрсетіледі. Кейбір ата-аналар білім беру басқармасына да, мектепке де, «Nur Otan» партиясына да арыз жазады, барлығынан бірдей көмек алғысы келеді. Сонымен бірге, түскен өтініштерді зерделеу барысында өтініш берушілердің әлеуметтік осал топ санатына жататындығы расталмай шыққан кездері де болды.

Биыл мұндай жағдайға жол бермеуіміз қажет. Отбасыға келіп түсетін кірістің барлығы ескеріледі. Көмекке мұқтаж әрбір баланың қайырымдылықтан шет қалмауын қадағалау маңызды. Осы орайда көпшілікті аталмыш акцияға белсене қатысуға шақырамыз. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады, – деді Жансұлу Менешқызы.

P.S.

Зерделеу барысында базарлардағы бағаны бағамдадық. Мектепке қажетті тауарлар өткен жылмен салыстырғанда біраз қымбаттаған. Арзан деген дүниенің сапасы да соған сай болатынын ескерсек, олар жыл бойы киюге жарамсыз.

Ал, әрбір баласын бағасы шарықтап тұрған сапалы өніммен қамтуға екінің бірінің шамасы жетпейді. Бұл жағдайда жетім, көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсетер, «бар жақсылық – балаларға!» деген қағидаға берік қайырымды жандар қатары артса игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз