Айыппұл ауа бола ма?

Ayyipp l aua bola ma Жаңалықтар

Аз ба, көп пе? Былтыр қолданыстағы қоршаған ортаны қорғау заңдылықтарын бұзған табиғат пайдаланушыларға 580 млн. теңге айыппұл салыныпты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов мәлім етті.

Айыппұл ауа бола ма

Әрине, мақсат – кінәлілерді айыппұлға жығу ғана емес. Негізгі міндет – сол кемшіліктің өзін болдырмау. Оның үстіне, келешекте айыппұл мөлшерін кеміту жөнінде әңгіме жүріп жатыр. Рас, бұл ретте жазалаудың өзге тетіктері қолданылмақ. Демек, олқылықтың орын алмағаны абзал.

Осы орайда журналистер биылғы 15 мамырда Атырау мұнай өңдеу зауытында бол-ған келеңсіздікке назар аударды. Мұнда тосын жай салдарынан өндірістегі қызмет жүйесі бұзылған-ды. Қалалықтар ауаға көп мөлшерде залалды заттар тарауы ықтималдығын айтады. Әйтсе де, кемшілік себебі анықталғанымен, оқиғаның барысы әлі тексерілуде екен.

Жалпы, аймақта ауа райын ластайтын қандай кәсіпорындар? Тілшілер осындай тура сауалды да қойды. Әрине, олар – көмірсутегі шикізатын өндіретін, тасымалдайтын және өңдейтін өндіріс ошақтары. Департамент басшысы ТШО және НКОК компанияларын, «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «КазТрансОйл» акционерлік қоғамдарына қарасты жергілікті құрылымдарды атады. Егер республика бойынша қоршаған ортаға көбірек залал келтіретін 42 кәсіпорын болса, солардың жетеуі Атырауда екен.

Шаһар ауасын қазір жан-жақты тексеруге мүмкіндік бар. Бұған өткен жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен 13 млн. теңгеге қажетті жабдықтар мен есептеу құралдарын алу арқылы қол жеткізіліп отыр. Соның нәтижесінде қаланың сол және оң жақ бөліктеріндегі буландыру алаңдарынан, мұнай өңдеу зауытынан, өзге де өнеркәсіп ошақтарынан шыққан жағымсыз иісті дәл анықтауға болады.

Тағы бір мәселе – суы өздігінен ағып жат-қан гидрогеологиялық ұңғымалар. Осы орайда 2010 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде мұндай 180 нүкте нақтыланды. Солардың 123-і иесіз саналады. Олардың орташа тереңдігі – 400-600 метр. Бұлардың дені Жылыой ауданында орналасқан. Мәселен, Сарқасқа, Шөлқара, Төлес, Ұшқан, Мұнайлы мен Биікжалда осындай ондаған ұңғыма бар. Әрине, олардың суын текке далаға ағызғанша, тығындаған жөн. Дегенмен, жергілікті малшылардың өтініші бойынша кейбірі әзірге ашық қалдырылып отыр. Өйткені, бұл маңда басқа өзен-көл болмағандықтан, төрт түлікті осы ұңғымалардан шыққан сумен ғана суарады. Олардың төңірегінде тағы аңдар мекендеген қалың қамыс та өскен. Әйтсе де, Инвеситиция және даму министрлігі тарапынан биылдан бастап жылына 15-20 ұңғыманы жою қолға алынбақ.

Осы орайда су астында қалған мұнай ұңғымалары да сөз болды. Әрине, ол өз алдына күрмеулі мәселе делінгенімен, бүгінге солардың нақты саны да жоқ екен. Әркім түрліше пайымдайды. Оның үстіне, құрылықта да өнімі уақытша тоқтатылған ұңғымалар жеткілікті. Сондықтан, экология департаменті өз тарапынан есеп жүргізуде. Қолдағы мәлімет бойынша, қазір аймақта 90 апатты ұңғыма тіркелген. Осының 88-нің нақты иесі бар. Екеуі мемлекеттік қорда. Әзірге 61 ұңғыма қауіпсіз саналады. Ал, 14-і жойылуға жатады.

Қаладағы буландыру алаңдары төңірегі-не жағымсыз иіс қана емес, адам саулығына зиянды заттарды таратушы нысандар саналады. Осы орайда кәсіпорындардың техникалық бағыттағы суларды тиімді пайдаланбай отырғанын айтқан жөн. Тек ТШО ғана оның 75 пайыз көлемін қайта тазалап, қажетіне тұтынады. Ал, НКОК компаниясында ол он пайыздан аспайды. Инвесторлар бұл мәселені табиғат қорғау жоспарына енді енгізбек. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай да осындай. Жалпы, осы кәсіпорын басшылығы бұған дейін анықталған кемшіліктерді жою жолында жүйелі жұмыс жүргізбеді. Сондықтан экологтар сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Қазір сот шешімі күтілуде.

Өткен жылы 4 млн. 275 мың тонна қалдық жинақталыпты. Өндірістік қалдықтар негізінен мұнай-газ кеніштерін жайғастыру, көмірсутегі шикізатын сақтау мен тасымалдау және құрылыс жұ-мыстары кезінде пайда болады.

М.БАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз