ГҮЛЖАУХАР КӨКЕБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: ӘЛЕМДІК ТАРИХТАН БӨЛІНЕ АЛМАЙМЫЗ…

Осыдан оншақты жыл бұрын республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатымда: «Екінші дүниежүзілік соғыс» және «Ұлы Отан соғысы»деген терминдер кеңестік тарихнамада және қазіргі посткеңестік елдердің ғылымында синоним ретінде қолданылып жүрген жоқ. Олар «екінші дүниежүзілік соғыс» деп 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейінгі болған соғыс қимылдарын атайды. Бұл – дұрыс атау, бүкіл шетелдік тарих ғылымында да осы атау қолданылады. Алайда, кеңестік тарихшылар 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейінгі кеңес-герман соғысын «Ұлы Отан соғысы» деп атайды. Бұл, бір жағынан, ресейлік тарихнаманың қалыптасқан салт-дәстүрінен шыққан»  деген пікір айтқан едім.

Егер біз 1941-1945 жылдардағы қырғын соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атасақ, онда кеңес әскерлерінің 1939 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Польшаға жасаған жорығына, 1939 жылдың 30 қарашасы мен 1940 жылдың 12 наурызына дейін Финляндиямен болған соғысқа қатысқан, қаза тапқан, жараланған, тұтқынға түскен аталарымыз бен апаларымыз атаусыз қалмай ма? Олар да әскерге «Отанымыз шақырды» деп  барды емес пе? Фашистік Германияның шабуылына бірінші болып ұшыраған, жан аямай Отанын қорғаған поляктар неге оны «Отан соғысы» деп атамайды? Жалпы алғанда, сол соғыста басқыншылыққа ұшырап, елін, жерін қорғаған, бірақ жеңіліс тауып, фашистік Германияның қол астында азап шеккен елдер қаншама, солардың барлығы үшін бұл соғыс Отан қорғау соғысы емес пе? Бірақ, олардың бірде-біреуі бұл соғысты «Отан соғысы» деп атамайды. 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін болған алапат соғыс тарихқа «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атаумен енді. Бұл – тарихи факт, ғылыми шындық. «Ұлы Отан соғысы» деген атау моральдық негізде алынған. Әрине, соғыс ардагерлері үшін бұл атау қымбат. Алайда, ғылыми және тарихи шындық тұрғысынан алсақ, бұл атаудың сыртында қалып қоятын кеңес-поляк және кеңес-фин соғысындағы Кеңес Одағының басқыншылық саясатын бүркемелеудің амалы ретінде шықпағанына кім кепіл?

«Отан соғысы» атауы Ресей тарихнамасына тән түсінік екені рас. Мәселен, 1812 жылғы Наполеонның Ресейге жорығы «Отан соғысы» деп аталады. Бірақ, оған дейін Наполеон Еуропаның көптеген елдеріне жорық жасады емес пе? Олардың барлығы тарихқа «Наполеонның жорықтары, наполеондық соғыстар» деген атаулармен енді. Әрине, Ресей тарих ғылымының бірнеше ғасыр бойына қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар, оған ешкім қарсы емес. Бірақ, бәрімізге ортақ Кеңес Одағының тарихына қатысты алғанда біздің өзіндік пікір айтуға қақымыз бар ғой. Ең бастысы – сол пікірлеріміз ғылыми шындыққа, ақиқат тарихи фактіге негізделуге тиіс.

Соғыс мәселесіне байланысты менің де өзіндік пікірлерім бар. Бұл соңғы он бес жылдағы Германияның, Польшаның, Венгрияның мұрағаттарында ізденістер жүргізіп, шетелдік зерттеушілердің еңбектерін талдап, жинақтаған нақты мәліметтерге негізделген. Сондықтан, мен өзімнің оқулықтарымда 1939-1945 жж. соғысты «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атап, сол соғысты талдау барысында  «1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін созылған фашистік Германияның  Кеңес Одағына қарсы соғысы «Ұлы Отан соғысы» деп аталады» деген мәліметті беремін.

 Біріншіден, соғыста ерлік көрсетіп, ең жоғары марапатқа (Батыр атағына) ұсынылып, әртүрлі себептермен наградаларын ала алмай қалған ардагерлердің тарихын зерттеу қажет. Сондай-ақ, соғысушы мемлекеттер жеке адам тағдырына қалай қарады» деген мәселе бүкіл посткеңестік кеңістікте әлі де көлеңкеде қалған, зерттелмеген мәселеге жатады.

Өзіңіз атаған Василь Быковтың шығармаларын еске түсіріңізші, оларда жазушы шайқастарды жалаң суреттемейді. Сол шайқастағы жеке адамдардың тағдырын, ой-арманын, ішкі күйзелістерін суреттейді. Ғылымға да сондай еңбектер қажет. 70 жыл бойына Қазақстанның майданды қару-жарақпен, азық-түлікпен, т.с.с қамтамасыз еткені, біздің жерімізде құрылған әскери бөлімдер туралы жазып келдік, бұл, әрине, аса қажет зерттеулер. Бірақ, енді жеке адамның тағдырын зерттеу қажет. Соғыстағы жеке адам тағдырын көркем әдебиеттің ғана еншісіне беріп қоймай, ғылымға енгізу міндет.    

Екіншіден, соғыстың ғаламдық мәселелерін де зерттеу керек,  қазақстандық тарих ғылымында осындай бағыт қалыптастыру қажет. Соғыстың қарсаңындағы ірі мемлекеттердің саясаты, соғысты болдырмау жолындағы әрекет, оның неліктен іске аспай қалуы, т.с.с. ғылыми мәселелер әлі де толық зерттеуді талап етеді. Соғысқа қатысқан ірі елдердің мұрағаттарында жатқан әлі де белгісіз болып отырған деректер баршылық. Кезінде КСРО құрамындағы республикалар ғалымдарының  шетел мұрағаттарында жұмыс істеуге мүмкіншілігі болған жоқ. Енді біздің ғалымдар жылдар бойы аңсаған мүмкіншілікті алған кезде, осындай әлемдік деңгейдегі ғылыми мәселелерді зерттемей отыру, жаңа деректер негізінде өзіндік пікір айтпау мүмкін емес. Осындай үлкен мәселені көрші елдің тарихшыларының қолына беріп қойып, өзіміз тек «майданда атылған он оқтың тоғызы біздің республикамызда шығарылды» деп тоқмейілсіп жүре беруге болмайды. Іске кірісу керек.

Егер ғылыми фактілерді келтіре отырып, ғалымдар айтысса, бұл пікірталас болады. Ал, интернеттегі әртүрлі алыпқашпа пікірден туған эмоциялық таластар тек «айтыс» деңгейінде жүреді. 

Үшіншіден, соғыста жан аямай шайқасып, қапылыста жау қолына түсіп қалған, фашистік лагерьлерде адам айтқысыз ауыр азапты басынан кешірген соғыс тұтқындары мәселесін де зерттеуіміз қажет.

Төртіншіден, соғыс кезіндегі қазақ әйелдерінің майдандағы ерлігін және тылдағы ерен еңбегін зерттеуді қазақстандық тарих ғылымының жеке арнаулы бағытына айналдыруымыз керек.

 Соңғы жылдарда ғаламторда  жиі көтеріліп жүрген мәселе – соғыс тақырыбы.  Сол талдаулардың барысында ғылыми жағынан да, моральдық жағынан да негізсіз идея көтерілді, бұл – «соғысты Кеңес Одағы жүргізді, бұл біздің соғыс емес» деген идея. Бұл – ғылыми қателік емес, ғалымдар мұндай пікірді мүлде қолдамайды. Бұл – қарапайым тоғышардың сөзі. Кеңес Одағының 70 жылдық тарихы – біздің де тарихымыз, біз бұл кезеңнің барлық жақсылығына да, жамандығына да жауаптымыз.  Ал, соғыс – біздің ортақ қайғымыз, ортақ жан жарасы. Егер қазіргі жас ұрпақтың бойына осы ойды сіңірсек, ол соғысты көрмесе де, сол соғыста қан төккен аталары мен әжелерінің жанайқайын түсінетін болады.

Ең бастысы – қазақ тарихын дүниежүзілік тарихтан бөліп, оқшауландырмай, керісінше, оны бүкіл адамзат тарихының ажырамас бөлігі ретінде көрсету. Сондай жағдайда ғана, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде тек қазақтың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі ғана емес, қыпшақ Қадыр ханның ерлігі, қарапайым сақ Шырақтың ерлігі, француз қызы Жанна д’Арктың, орыс шаруасы Сусаниннің ерлігі де патриоттық сезім тудыратын болады. Өз еліңнің патриоты болу деген өзге елдің адамының патриоттық сезімін аяққа таптау болмауға тиіс. Өз батырыңның ерлігін мақтан тұта отырып, оны басқалармен салыстыра көрсетсең мақтанышың әлдеқайда баянды болады емес пе?  «Не затты болса да, салыстыру арқылы танисың» деп ежелгі ойшылдар тегін айтпаған ғой.

 Жеңіс тойын тойлауды тек қана ардагерлермен байланыстыру бұл тарихи оқиғаның маңызын тым біржақты түсіну болады. Ардагерлер кетсе де, олардың ұрпақтары бар, сол соғысты басынан кешірген елдің, халықтың ұжымдық зердесі бар. Сондықтан, тарихи зерде бар болса, Жеңіс тойын тойлау жалғаса береді.

Егер тарихи зердеден айырылып, барлығымыз Шыңғыс Айтматов суреттеген «мәңгүртке» айналсақ, онда Жеңіс тойы тойлану былай тұрсын, «Отан» деген түсініктің өзі жоғалады. Сондықтан,з Жеңіс тойын бұл ғаламда өмір барда тойлау қажет. Және де қазақ тарихында болған басқа жеңістерді (Аңырақай шайқасы, т.б.) де ұлықтау дәстүрін қалыптастыру керек. Ең бастысы – ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана халық зердесі өшпейді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз