Білімі жоқ, жұмыс жоқ жастар қайтіп күн көрер? 

img 5315 Жаңалықтар

Елімізде жастарды қолдауға бағытталған реформалар бар. Бүгінде екі адам жиналса, «жұмыссызбын», «тұрақты жұмыс табу қиын» деп өкпе-ренішін айтатындар, былайша айтқанда екі қолға бір күрек таппай жүргендер немесе олар туралы әңгіме жиі айтылады. Ешқандай кәсіптік білімі жоқ жұмыссыз жүргендер NEET жастар санатын толықтыра түседі.

Ал, мұндай жастарға қатысты жасалатын нақты жұмыс болуы тиіс? Оларды қоғамға кіріктіріп, жаңа ортаға бейімдеудің нәтижелі жолы болуы шарт. Біз осы проблеманы шешудің тетіктерін іздеп көрген едік.

Кәсіби оқыту қажет

Зерттеулерге сүйенсек, 2023 жылдың ІІ тоқсанындағы жағдайға сәйкес Қазақстанда 15-34 жастағы NEET санатындағы жастардың саны – 401584 адам. Алайда барлығының бірдей кәсіби білімі жоқ деу әбестік болар. Өйткені қазір колледж бітіріп, дипломына сай ұзақ уақыт бойы жұмыс таба алмай, бос жүргендерді де осы санатқа енгізіп жіберді. Сондықтан бұл санаттағылар санын жоюдың немесе азайтудың бірден-бір жолы жастарды оқытып, бұрын білімі барларды қазіргі заманға сай екінші мамандыққа қайтадан даярлаған жөн. Үкіметтің негізгі көздеген мақсаты да осы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған мәліметтерге қарағанда бүгінде жастарды жұмыспен қамту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыс аз емес. Жыл басында Мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша хабарласқан 23 мың жастың 8165-і, яғни 35,5%-ының тілегі орындалған. Тарата айтқанда 4053-і тұрақты жұмыспен және 4112-сі уақытша жұмыстарға орналасты. Ал, уақытша жұмыс орындары дегеніңіз қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында ұйымдастырылған «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары.

Ауылдардағы жұмыссыз жастар саны – 6109 адам. Солардың санатындағы  былтырғы қатысушыларды есептегенде 22522 тұрғынға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілген. Оның ішінде 8165 адам жұмыспен қамтылса, 14-і қысқа мерзімді оқу курстарына жіберіліп, «Теңізшевройл» компаниясы арқылы оқу курстарынан 144 азамат өткен. 976 жас онлайн «skills» нұсқасында оқыды. Ал «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 2789 жас жіберіліп, кәсіптік бағдарлаумен 10105 адам қамтылды.

400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алған 133 жас көп балалы ана, атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылған отбасылар), мүгедектігі бар адамдар мен оларды асыраушылар және асыраушысынан айырылғандар санатына жатады.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 196 жасқа 2,5 пайыз жеңілдікпен мал шаруашылығы мен сервистік қызмет көрсету мақсатында 5 миллион теңгеге дейін шағын несиелер берілді.

– Мұның барлығы – жастарды жұмыспен қамту бойынша қолға алынған жұмыс. Жастар ресурстық орталығымен бірге жеңілдік пайызбен шағын несиелер беру және әлеуметтік қолдау түрлері туралы кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында «Тамаша», «Дина» сауда үйлерінде кеңес беру акциясын өткізу әдетке айналды. Сонымен қатар, бірнеше жерде өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне облыстағы 50-ден астам ірі мекеме қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «Дина» сауда орталығында жылжымалы «Tulga bol» және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Басқарма мамандары мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының және «Даму» қорының қызметкерлері мемлекет тарапынан жастардың мүмкіндіктері туралы кеңестер берді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

NEET жастар: жұмыссыз ба, құлықсыз ба?

Басқарма мәліметтеріне қарағанда, қағаздағы ақпар сапта тұрған әскердей, көрген көзге еш мін жоқ секілді. Алайда жастардың айтар уәжі көп. Бірақ балтаның басын басса, сабы өзіне тиетінін олар аңдамай келеді. Өйткені жастардың біраз бөлігі маңдай терлетпей-ақ мол табыс табуға, шетелдік кәсіпорындарда еңбек етуге құмар. Бұған кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде өздерімен әңгімелесу барысында көз жеткізгенбіз.

– Облыста жәрмеңке ұдайы ұйымдастырылады. Бірақ мен өзіме ұнайтын жұмыс орнын таба алмаймын. Өйткені ұсынылған бос жұмыс орындарының жалақысы мардымсыз, атқаратын жұмысының жауапкершілігі өте көп. Мансап орталықтары ұсынатын жұмыстар да осындай. Олар маған ешқашан жалақысы жоғары, шетелдік кәсіпорындардан бос жұмыс орнын нұсқаған емес. Жәрмеңкелерде мұндай орындарға түйіндеме тапсырсақ, «өзіміз хабарласамыз» деген желеумен ғана шығарып салады, – деді өзін Алмат деп таныстырған атыраулық тұрғын.

Расында да, қазір жеңілдің үстімен жүргісі келетіндер аз емес. NEET санатындағы жастардың бірқатары осындай ойдың жетегінде жүр.

– Мансап орталықтары жұмыс ұсынғанда жастар біріншіден, жалақысы жоғары «Теңізшевройл»-дың төңірегінен немесе оның мердігер компанияларынан жұмыс тауып беруді талап етеді. Жергілікті құрылыс мекемелерінен 150-250 мың теңге жалақысы бар жұмысқа мүлдем барғысы келмейді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр наурыздан бастап алғаш рет жастарға 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру бағытында мемлекеттік қолдау қолға алынды. Жыл қорытындысында облыста 196 адам 930 миллион теңгеге ауыл шаруашылығын дамытуға және сервистік қызметтер көрсетуге шағын несие алды. Олардың 133-іне ауыл шаруашылығын дамытуға сервистік қызметтер көрсету үшін 63 шағын несие берілді. Атап өтерлігі, медициналық құралдар алу, нан, кондитерлік өнімдер пісіру, көлік жөндеу орталығына экстремальды квадроциклды сатып алып пайда табу, тасымалдау қызметтері, такси қызметін ұйымдастыруға көлік алу, КамАЗ автокөлігін, су сату құрылғыларын алу, сантехникалық, полиграфиялық қызметтерге, жиһаз құрастыру сияқты қызметтердің бірнеше түрі қарастырылған. Мұндай қызметтерге жастардың қызығушылық танытып, сұраныстың көп түсуіне байланысты қосымша 50 жасқа бөлінген 250 миллион теңге де толық игерілді.

Гүлболат Екпінқызының айтуынша, мемлекет тарапынан осынша мүмкіндіктер көрсетіліп жатқанда жастардың қарап отыруы мүлдем дұрыс емес. Сондықтан, олармен әлі де түсінік жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, мүгедектігі бар адамдардың да мемлекеттік қолдаулардың арқасында кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентіп отырғанын үлгі ету қажет.

Мәселен Мақат ауданындағы Доссор кентінің тұрғыны Мұхаммед Қанат – ІІІ топ мүгедегі. Ол былтыр бірінші лек бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба бағдарламасы арқылы мемлекеттік грантты иеленді. Өзі аяқ киім жөндеу шеберханасын ашып, жұмыс істеп жүр. Саулығында кінәраты болса да мойымай, адал еңбек етуге талпынған жігерлі жан.

Облыстық ішкі саясат басқармасының ресми өкілі Айдар Жәлен ұсынған мәліметтерге сүйенсек, облыста 14-35 жас аралығындағы 206413 адам бар. Оның 111971-і қала жастары, қалғаны ауылда тұрады. Оның 51 пайызы – ерлер, 49 пайызы – әйелдер. Ал 18-35 жас аралығындағы оқуы да, жұмысы да жоқтардың саны – 7573 адам. Бұл көрсеткіш жалпы облыс жастарының 5,7 пайызын құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,7 пайыз. Бұрынғы жылдары бұл көрсеткіш 2,4 пайыз болған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде NEET санатындағы жастарды қамқорлауға баса мән береміз. Жоғарыдағы мәліметтерді анықтау үшін бастапқыда құзырлы орын өкілдері әр үйді аралап, жастар туралы мәліметтерді тізімге енгізді. Содан бері әрбір жасқа хабарласып, әңгімелесу әдетке айналды. Оларға бос жүріске салынып жүру әбестік екенін түсіндіріп, мемлекеттік қолдауларға жүгініп, кәсіби мамандық алу үшін курстар оқып, қайта даярлаудан өту туралы ұсыныс жасағанда дөрекіленіп, телефон тұтқасын лақтыра салатындар жиі кездеседі. Оларды қайта даярлаудан өткізбек түгілі телефон арқылы мәдениетті сөйлесе алмауының өзі мамандарға біраз қиындық туғызады, – дейді А.Жәлен.

Арам пиғылдылардың оңай олжасы

Халықаралық статистикада 15-24 жас аралығындағы білімсіз, жұмыс істемейтін  жастар ешқандай кәсіптік оқуға қатыспаса, олар NEET санатына жатқызылады. Мұндай жастар білім беру секторы мен еңбек нарығынан ажыратылған. Ал олардың ауқымы, динамикасы және әлеуметтік-демографиялық бейнесі халықты жұмыспен қамту сауалнамасының деректері негізінде талдануы керек.

Бұл санаттағы жастардың көпшілігінде жұмыс тәжірибесі мүлдем жоқ. Әлеуметтік-демографиялық сипаттан алғанда бастапқы білімі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейді және оның деңгейі төмен. Оның үстіне ауылдық жерде жұмыс орындарының тапшылығы да негізгі себептің бірі. Ал саясаттанушы Сайфолла Сапанов проблеманы шешу үшін жастар жұмысқа кедергісіз орналасуы тиіс деп санайды. Бұл көптеген елдердегі жұмыспен қамту саясатының басты мәселелері. Екіншіден, халықтың қартаюына байланысты жұмыс күшінің қысқаруы да әсер етеді. Бұл тақырыпты талқылағанда жұмыссыздық деңгейіне сүйену әдетке айналған.

– Оның негізгі факторы – жастардың экономикалық тұрғыдағы енжарлығы. Мысалы, 2015 жылы Ресейде 15-19 жас аралығындағы жастардың экономикалық белсенділік деңгейі небәрі 9%. 2015 жылы Франциядағы 15-24 жас аралығындағы жұмыссыздардың үлесі 25%, ал Қазақстандағы жұмыссыздықтың орташа деңгейі 10%-ды құраған. Испания мен Грекияда жастар арасындағы жұмыссыздық орташа деңгейде 50%-ға жеткен, ал жұмыссыздық 20-24%. Әртүрлі зерттеулердің қорытындысы бойынша жастарды жұмыспен қамту деңгейінің айтарлықтай өзгеру айырмашылықтарының нәтижесін үшке бөліп қарауға болады. Біріншіден, білім беру мекемелерінде оқитындар, екіншісі, оқуды еңбекпен ұштастыратын жастардың үлесі, үшіншісі, білім беру мен нарықтан тыс қалғандардың үлесі, – деді С.Сапанов.

Саясаттанушының айтуынша, қазір Қазақстанда жастарды білім беруге белсенді тарту байланысы айтарлықтай төмендеді. Елдегі «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымы заң жүзінде 2022 жылы бекітілді. NEET құбылысын Қазақстанда зерттеуге алып, проблеманы түпкілікті талдап жүрген отандық сарапшылардың айтуынша, бұл санаттағы жастар деструктивті топтардың оңай олжасына айналуы әбден мүмкін. Ал Атырауда теріс діни ағымдар бойынша мәселе өте өзекті. Мұны Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай Атырауға іссапары барысында өңір журналистерімен кездесуінде де айтты. Ол деструктивті топтармен жұмысты күшейтпесе алдағы бес жылдағы көріністі елестетудің өзі үрей туғызатынын атап көрсетті.

P.S. Бүгінде NEET санатындағы жастардың көзін ашып, санасына сәуле түсіру мәселесі әр сала бойынша күн тәртібінен түспейтін басты тақырыпқа айналуы тиіс және оған жауаптылар бұл іске атүсті қарамауы керек. Егер осы санаттағылардың қатары арта берсе, болашақта бұл тақырып үлкен әлеуметтік мәселеге айналуы әбден мүмкін. Ал мұның соңы қылмыс түрлерінің көбеюіне де әсер етеді. Сондықтан проблема қордалана бермес үшін бүгінгі жағдайды дер кезінде ауыздықтауға қоғам болып жұмылған жөн-ақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: Freepik.com 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз