Атырауда 6 ауыл қала құрамына қосылады

gprolpokp Жаңалықтар

Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстағы 155 елді мекеннің 131-і бас жоспарлармен қамтамасыз етілсе, 24 ауыл бұл құжатпен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде қала маңындағы Томарлы, Ақсай, Ақжар, Талқайраң, Ракуша, Береке ауылдары бас жоспарға сәйкес қаланың құрамына енгізілмек. Қызылқоға ауданындағы 3 ауылдың бас жоспары биыл әзірленеді. 15 ауылға осы құжаттың қажеттілігін анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі болды.

Сала жетекшісінің сөзінше, өткен жылы облыстағы 4 қала құрылысының құжаттары әзірленген. Дайындалған жобаларға қысқаша тоқталып өтсек… Аудандық маңызы бар Құлсары қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қала құрылысы жобасында қала халқының әлауқаты мен тұрмыс деңгейін арттыруға ерекше басымдық берілген. Құлсары қаласының бас жоспарына сәйкес, қонақ үйлер, иппотерапия және адаптивті ат спорты орталығы, поло клубы, ипподром, хайуанаттар бағы, аквапарк, демалыс үйлері, мұз сарайы, қоғамдық жағажайлар, кіші авиацияға арналған әуежай салу ұсынылып отыр. Сондайақ, келешекте қаладағы «Орта Азия – Орталық» магистралдық газ құбырының бес желісін көшіру, қаланың батыс жағынан көпір, жылыжай кешендерін салу арқылы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізгендердің қатарында Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылы да бар.

Қазақстанның елу өңірлік туристік орнының қатарына жататын «Сарайшық» қалашығы орналасқан Сарайшық ауылының жаңа келбетін жасақтау да күн тәртібінде тұр. Ескі Сарайшық ауылындағы 90-нан астам үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары үшін жер де қарастырылған. Сондай-ақ, Индер ауданы Индербор кентінің оң жағалау бөлігінің (1030 га) және Қызылқоға ауданы Миялы ауылының «Ынтымақ» шағынауданының (425 га) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз