Жұмыла көтерген жүк жеңіл

bez imenipppp Қоғам

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушы-профессорлары мен ерікті студенттері өңірді тасқын судан қорғау мақсатында Алмалы ауылында бөгет соғуды жалғастырып жатыр.

Бүгін үш ауысымдағы бөгет тұрғызу жұмыстарына 1800 студент, 200 қызметкер қатысуда.

– Атырау өңіріндегі табиғи төтенше жағдайға байланысты барлық білім беру мекемелері, жұмыс ұйымдары су тасқынынан қорғануға жұмылдырылды. Соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бірнеше күннен бері өзімізге бөлініп берілген аймақ – Алмалы ауылында жұмыс жасауда

. Атырау қалалық әкімдігі және Алмалы ауылдық округінің әкімдігі бізге қажетті құрал-жабдықтармен көмектесуде. Әкімдікпен қатар, қаладағы құрылыс мекемесінің бірі «JM Capital» команиясы ірі техникаларды бөліп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындары университетке қолдау көрсету мақсатында өздерінің ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Біздің білім ордасының ауызбірлігінің арқасында үш күнде 19 мың қапшыққа құм салып дайындалды. Алдағы уақытта одан да жақсы жұмыс жасап, күшіміздің бірлікте екенін көрсетеміз,- деді университет басқарма аппаратының жетекшісі Гулфайруз Қайырғалиева.

Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Ералыұлының айтуынша, Жайық суының аталған елді мекенге келу қаупі жоғары. Сондықтан университет ұжымы мен студенттер осы жерде ұзындығы 5 км, биіктігі 3-4 м асатын бөгет тұрғызуда.

–«JM Capital» құрылыс компаниясы осы бөгеттерді жасап береді, ал біздің мақсат – мұны биіктетіп бірлесе жұмыс жасау. Ешқандай үрейге жол бермей, жұмыла жүк көтеріп, бірлігімізді танытқан абзал,-деді проректор.

Бөгет тұрғызудағы ерікті жастардың жұмыс қарқыны жоғары деңгейде. Отанға деген сүйіспеншілік пен қалаға деген жанашырлық сезім бойлаған әр жас ерікті түрде белсенді қызмет қылуда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз