Атақты компания өнімі Атыраудан шығады
АТЫРАУДА ӘР САЛАДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҚЫСЫМ ДАТЧИКТЕРІН ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ. Салтанатты іс-шара өндірістік орталықтың қауіпсіздік ережелерін таныстырудан басталды. Цехтың ашылу салтанатына «Эмерсон», «Теңізшевройл» компанияларының өкілдері мен индустриалдық-инновациялық даму басқармасы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысты.
– Қазақстанда «Эмерсон» өнімдерін өндіруді қолға алып жатырмыз. Бүгінгі өндірістің ерекшелігі – жаңа технологияларды қолданып, қазіргі нарықтың ең алдыңғы қатардағы жабдықтарды шығаруында. Мұндай істің облысымызда қолға алынғаны әрине, қуантарлық жағдай. Қазір бұл цехта жергілікті үш адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта тағы да өңір тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарлануда, — деді облыстық индустриалдықинновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бекбаева.
Цехтың салтанатты лентасы қиылған соң, орталықтың ішіне экскурсия жасалып, өнімнің қалай жасалатыны түсіндірілді.
-Бұл датчиктер әртүрлі салада қолданылады. Мәселен, тамақ өндірісінде, құбыр арқылы өтетін сұйық майдың қысымын операторлар дәл процесс кезінде бақылауы керек, сол жұмыс осы датчик арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, бұл датчикті жасау барысында құрылымы 13 компьютерден өтіп, соңғы нұсқа тексеріске жіберіледі. Әзірге мұнай саласынан бір ғана компаниядан тапсырыс алдық. Алдағы уақытта әртүрлі саладан тапсырыстар қабылдап, экспортқа шығарамыз деген ойдамыз, — деді цехты таныстырушы маман Берік Жұмағалиев.
Өз тілшіміз