КӘСІПКЕРДІ ҚОЛДАУ АРТАДЫ

Қалыптасқан қаржылық ахуалға қарамастан, «Даму» қоры шағын және орта бизнеске көмек көрсету қарқынын төмендетпейді. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған қор басқармасы төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров айтып өтті.

 

«Теңге бағамын түзету кәсіпкерлік ахуалға еш әсер етпейді және болашақта кәсіпкерлер жұмысының жандануы күтілуде. «Даму» қоры шағын және орта бизнеске қолдау көрсету қарқынын қысқартуды немесе төмендетуді болжап отырған жоқ. Керісінше, біз өзіміздің көмек көлемімізді арттыратындығымызға сенімдіміз», – деді ол.

Оның атап өтуінше, пайыздық ставкаларды субсидиялауға арналған кәсіпкерлерді қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы бюджет 27 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұл көлемді қысқарту қарастырылып отырған жоқ. Жалпы алғанда, теңгенің еркін бағамы «Даму» қоры заемшыларына әсер етпейді. Қор басқармасы төрағасының орынбасары атап өткендей, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру тек қана теңгемен жүзеге асырылады.

Ал, шетелдік валютамен берілген несиелерді субсидиялауға рұқсат етіледі. Жиында жария болған деректерге қарағанда, қазіргі уақытта «Даму» қоры бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 53 млрд. теңгені құрайтын 27 компания үшін шетел валютасындағы несиелерін субсидиялау жүзеге асырылуда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз