Ауыл көркеймей, АЙМАҚ ДАМЫМАЙДЫ

1538723070 article b 1500 Экономика

ЖУЫРДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ СӘЛІМЖАН НАҚПАЕВ ПЕН НҰРЛЫБЕК ОЖАЕВ «ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ.

ПАРЛАМЕНТ ПӘРМЕНДІ МЕ?

Жетінші шақырылым депутаттарының айтуынша, екінші сессияда Мәжілістің қарауына 77 заң енгізіліп, оның 75-і қабылданып, Сенатқа жолданған.

– Бұған дейін бірнеше ауданда болып, халықпен кездесу барысында ел экономикасының даму қарқыны, қиындықтары мен көрсеткіштері туралы талқылап келеміз. Экономикамызда ілгерілеу болғанымен, инфляция мәселесі жоғары деңгейде тұр. Сондай-ақ, теміржол билеттерінің қымбаттығы, транспорттың жетіспейтіндігі де айтылды, – деген Сәлімжан Жұмашұлы көтерілген мәселелерді хаттамаға түсіріп, облыс әкімдігі мен тиісті министрліктерге ұсынатындарын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев Парламент төрінде ауылдық жерлердің әл-ауқатын жақсарту, болашағы бар елді мекендерді іріктеп, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

 – Осы жоба арқылы инфрақұрылымды дамытып, газ, су, электр энергиясы, білім беру нысандары мен мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарын салуға, ауылішілік жолдардың құрылыстарына назар аударылып отыр. Урбанизацияны тоқтатып, ауылдағы ата кәсіпке ден қойып, жастарды соған қарай бейімдеуіміз керек. Биыл республика бойынша ауылдық жерлерді дамыту мақсатында 1050 жоба ұсынылған. Оны қаржыландыруға 130 млрд. қаражат қажет болса, депутаттық сауал жолдау арқылы 127,8 млрд. қаражат бөлінген. Осы сапар барысында облыстағы жұмыстардың орындалысына, қаражатты ңмақсатты жұмсалуына маңыз беріледі. Мердігер компаниялардың жұмыстарының ұйымдастырылуына да назар аударамыз. Расын айту керек, бюджет қаражатына жасалып жатқан жобалардың жұмыстары көңіл көншітпейді, – деген Нұрлыбек Жұмахметұлы қаладағы мектеп құрылыстары, Атырау –Астрахан тас жолындағы құрылыс жұмыстарының техникалық қадағалауын жүргізіп отырған шетелдік компанияға ұсыныстарын жеткізгенін айтты.

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Жиында облыс тұрғындары үшін маңызды саналған Индер – Қарабау тас жолына қаражат бөлінбегендіктен 5 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап қалғандығы айтылды. Бүгінде 9,3 млрд. теңге бөлініп, жұмысы жанданған. Қазір 80 шақырым тас жолдың 50 пайыздан астам шақырымының асфальті төселген. Жиында әртүрлі қызметтер бағасының өсуі, тұтынушылардың құқын қорғау секілді мәселелер де сөз болды. Содан соң, компания қызметкерлері экологиялық мәселелерге қатысты көкейдегі сұрақтарын қойған. Парламент Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев аталған жағдаймен қатар, облыстағы негізгі үш мәселенің бар екендігін жасырмады. Атап айтсақ, бастысы – Атыраудың республикадағы экологиясы ең нашар 10 қаланың қатарынан көрінуі. Одан соң, Жайық өзеніндегі су деңгейінің түсуі. Облыстағы тас жолдардың жай-күйі де көпшілікті алаңдатады.

– Министрлік өкілдері Атырау – Астрахан тас жолының құрылыс барысымен танысуға келген кезде жолдың үш қабатты жабындысының бір қабатын уақытша төсеп, пайдалануға берілетіндігін айтқан болатын. Көктем айында депутаттармен жұмыс барысын көргенімізде әлі де болса жұмыстардың баяу жүріп жатқандығының куәсі болдық. Кейін Парламент қабырғасында жолға жауапты мамандармен жиналыс жасаған кезде олар құрылыс жұмыстарын биыл аяқтап үлгере алмайтындарын айтты. Жол құрылысы жүйелі түрде жүргізілсе, жоспар бойынша келесі жылы тапсырылып, халық игілігіне асуы мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты Сәлімжан Жұмашұлы.

Сонымен қатар, қала аумағындағы үлкен зауыттардың жақын орналасқандығын айтқан депутат экология мәселесінің өте өзекті болып тұрғандығын, тиісінше осы бағытта Үкімет тарапынан жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын баяндады. Қаланың экологиялық мәселелеріне тоқталған мұнайшылар мәжілісмендерден ағынды және өндірістік сарқынды суларды тазарту мәселелерін назардан тыс қалдырмау керектігін сөз етті. Сондай-ақ, елімізде 2 млрд. түп ағаш отырғызылатыны туралы айтылған болатын. Осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстар баяндады. Жиында мұнайшылар жиі өртеніп, табиғатқа зиянын тигізіп жатқан теңіз жағасындағы қамыс өсімдігін құрылыс материалы ретінде пайдалану, дренаж жүйесін жүзеге асыру жөнінде ұсыныстарын айтты.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз