Жорықшылар Қандыағашқа жетті

df866adb ea52 40f5 981d 66a3686352fc Жаңалықтар

28 қазан күні кешкі сағат 8-де Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Жарық ауылынан телефон шалды. Бұл 6 қазан күні Қостанай (бұрынғы Торғай) облысының Жанкелдин ауданына қарасты Қызбел ауылдық округінің орталығы – Саға ауылынан шыққан жорықшылар еді.

«Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығының мүшелері Сәттібек Ысмайылов пен Ерлан Хұсайыновтың тоқтаған жері картада «313-разъезд» деп белгіленген. Сәттібектің айтуынша, Ақтөбе қаласынан 95 шақырым жердегі аудан орталығы – Қандыағаш қаласына қарай бұл жерден «Нұр-Сұлтан-Атырау-Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызы өтеді екен. Ауыл атауы ежелден Жарық деп аталады. Өйткені, іргеде Елек өзенінің бастауы – Жарық ағып жатыр. Бір кезде күшіне мінген шағында қаупі мол бұл өзеннің бүгінде ағысы да, суы да азайған көрінеді.

– Жарық ауылына келгенімізге екі сағаттай уақыт болды. Осында тұратын Марат есімді ағайдың үйіндеміз, – деді Сәттібек жағдайын тәптештей түсіндіріп. – Бұл үйге бас тіреп келуіміздің де себебі бар. Кеше кешкісін осы жерден 42 шақырым жерде шаруасын үйлестіріп отырған Хамза, Елемес деген ағайынды жігіттер кездесіп, бізді төріне шығарып, дастарқанға шақырған. Сөйтсек, олар Марат ағамыздың балалары екен. Сонда қонып, таңертең жолға шығып кеттік. Бүгін біз Жарыққа жеткенде, олар да көлікпен келді.

Сәттібек пен Ерлан Қарабұтақтан 20 қазан, яғни сәрсенбі күні шыққан болатын. Екі жарым сағаттай жүріп, күн ұясына отырған шақта алдан самаладай жарқыраған шам көрініпті. Ол «Ескі Қарабұтақ» мекеніндегі ағайынды Сәбит, Ғабит Баймашевтардың шаруа қожалығы болып шыққан. Үйірлі жылқы мен ақтылы қойды өргізіп отырған кішіпейіл де ақжарқын жігіттер түн ішінде құдайы қонақтарды қарсылап, ақ дәмін аузына тосады. Қожайындармен жөн сұрасып, әңгімелесе келе мұнда бір кезде атақты Тарас Шевченконың жер аударылып келіп тұрғанына қанығады. Сол үшін меймандос қазақ халқы осы жерге ұлы Кобзарь рухы үшін арнайы ескерткіш белгі де қойған екен. Әңгіме арасында үй иелері жорықшы жігіттерге тағы бір күн тынығып демалуды ұсынады.Себебі, «білмейтін жердің ой-шұңқыры көп», күздің ызғарлы күнінде ұшқан құс пен жүгірген аңнан өзге тіршілік белгісі жоқ иен даламен 160 шақырымдайқашықтағы Қандыағаш қаласына жету оңай емес көрінеді. Жолаушылар бұған келісіп, 21 қазанда жер жағдайын жетік білетін жігіттердің ақыл-кеңесімен кәдімгі оқушы дәптеріне жорық картасын сызып алған. Сонысы пайдаға шығып, келесі күнгі жорық сапарында екі жігітМұғалжар тауының жықпыл-жықпылынан қоналқы жер тауып демалуға мәжбүр болыпты…

Ғаламтор желісіндегі картаның көрсетуінше, Қарабұтақ пен Қандыағаштың арақашықтығы 260 шақырымның шамасында. 21 қазан күні іңір түсе хабарласқан жігіттер содан кейін тек 28 қазанның кешінде байланысқа шықты.

– Бұл бір апта Ерлан екеуміз үшін оңайға түскен жоқ. Қолымыздағы GPS-бағыттаушының да көмегі көп болды. Көбінесе күннің атуы мен батуына қарап бағыт ұстадық. Әрине, әуелі Алланың қолдауы, сосын бабалардың әруағына сыйынып, «ежелгі батыр бабалардың жолы осылай болар-ау» деген болжаумен жүріп отырдық. Жолшыбай Мұғалжар тауының шығысы мен оңтүстік етегіндегі 30 шақырымдай жалпақ жатқан Шәкі, Байментау, Қаракөз атты аласа төбелерден өткен Ерлан екеуміздің алдымыздан батыс беттегі кейбір тік жарқабақтардан да абайлап түсуге тура келді. Ызғырық желдің өтінде, тау-тастың арасында қонудың өзіне қаншама жүректілік керек десеңізші?! Қанша дегенмен, бейтаныс өңір. Жақын маңда ел қарасы көрінбейді. Құстың шықылықтағаны мен желдің ішін тарта уілдегенінен басқа дыбыс та, қарасаң көз мүдірер қарасын да жоқ. Мұндайда жолқапшығымыздағы дала палаткасының септігі мол екен, ішіне кіргенде үйге кіргендей жып-жылы болып тұрады. Жолазығымызға үнем болсын деп қамыстың борығын, итмұрын жедік. Шөлдегенде даладағы тастың үстіне жиналған қақтың суын да іштік, – деп, Сәттібек бауырымыз бастан кешкенін баяндап жатты.

ea5fbd4c 3434 46fa 8dcc 30a1a2a039c1

Қазанның 29-ында Жарықтан шығып, 13 шақырым жердегі Қандыағаш қаласына түске таман келген оларды «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншиннің қолдауымен қала шетінен жергілікті кәсіпкер азамат дәм-тұз ұсынып күтіп алды. Ол өзінің жақын маңдағы қонақ үй-демалыс кешеніне апарып, жай-күйін жасап, еркін тынығуына бар мүмкіндігін туғызды. Сол сәтте жорықшылардың келгенін Қостанай мен Атырауға Раукен Сағызбайұлы да қуана хабарлап жатыр еді.


16717e83 ee8d 42c2 b4af 8c207a96cfab

Бұл қаланың атауын зерттеушілер «қандыағаш» атты ағашпен байланыстырса, келесі нұсқада XVII-XVIIIғасырлардағы қазақ-қалмақ соғысында болған қанды оқиғамен сабақтастырады. Қалай десек те, тоғыз жолдың торабындағы қаланың пайда болуы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Орынбор-Ташкент» шойынжолының құрылысымен тұстас. Ол кезде шағын ғана бекет болса, бүгінде инфрақұрылымы қалыптасқан шырайлы шаһар. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары 2 орта мектебі, 1 аурухана мен Мәдениет үйі бар, теміржол саласында жұмыс жасайтын 5-6 мыңдай халық қоныстанған бекет Шилісай фосфор фабрикасы мен Жаңажол мұнай кәсіпшілігі игеріле бастаған соң қарқынды дами түсті. 300 мыңдай тұрғыны бар қалада қазір егін салып, мал өсіруге мүмкіндік мол.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халық батыры АқымбетұлыӨтей батырдың рухын асқақтату және ішкі туризмді дамыту мақсатымен 700 шақырымдай жаяу жүріп келе жатқан жорықшылардың бұл сапары оңды әрі ерлікпен пара-пар іс. Байланысы болмаса да, кездескен қиындықтан тайсалмай табандылық танытқан Сәттібек пен Ерланның ешкімнің ықпалынсыз, ерікті түрдегі іс-әрекеті кез-келген адамның қолынан келмес еді. Құлан жортқан сары даланың тылсымын ұғып, қадіріне жету үшін де кеудеде рух пен намыс, жүректе жалын мен жігер болуы шарт.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Суреттерді Ерлан ХҰСАЙЫНОВ түсірген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз