”Ұстазым, Сізге мың алғыс!”

whatsapp image 2021 10 09 at 09.25.36 Жаңалықтар

Атырауда ұстаздар ұлығыланып, ұлағатты ұстаздарға арналған салтанатты шара өтті. Тәуелсіздік жылдарында өңірдегі білім беру саласы жаңашылдыққа қадам басып, білім алушылардың мүмкіндігін еселегені анық. Шара беташарында театрландырылған қойылым қойылып, облыстың білім саласындағы көрсеткіштері туралы бейнеролик көрсетілді.
Шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, облыстағы білім беру саласындағы жетістіктерге тоқталып, ұстаздарды құттықтады.
– Облыс педагогтері үшін «Атырау облысының  білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі белгіленген. 300 айлық есептік көрсеткіш сыйақысы бар бұл марапатқа өткен жылы үш мұғалім ие болды. Мұғалімдерді кәсіби, әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары жалғасын таба бермек. Ұрпақ арқылы ұлтты тәрбиелеудегі Сіздердің өлшеусіз қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, тың серпін, жемісті еңбек, шоқтығы биік бедел тілеймін! – деді облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы.
Облыс әкімі қуанышты күндерінде кәсіби шеберліктері мен жетістік тұғырынан көрінген бір топ ұстаздарды «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» және «Атырау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапаттап, тағы бірқатар ұстазға Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Облыстық деңгейдегі іріктеу сынынан мүдірмей өтіп, республикадағы ең үздік ұстаздар қатарынан табылған қос ұстаз М.Бекмұханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жұмажан Бекбосынова мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің педагог-психологы Күнайым Рабай байрақты бәсекеде топ жарып, мерейлері үстем болған еді. Елдің 172 мұғалімі бақ сынаған бәсі биік додада өзгелерден оза шауып,  республикалық «Үздік педагог» атағын иеленген ұстаздарға ықылас гүлдері табыс етілді.
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры, музыка теориясы пәнінің оқытушысы, 35 жылдық еңбек тәжірибесі бар Гүлнар Садуахасова «оқушыларға біліммен қатар, тәрбиенің де қатар берілуі жарқын белестерге жол ашатынын» айтады. 
– Облыс әкімінің «Атырау облысының білім беру саласына қосқан үлесі
үшін» төс белгісі мен үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Өйткені, өзіңнің туған өлкеңде, оқыған оқу орныңда ұстаздық етіп, үлкен дәрежеге жетіп, еңбектің бағаланғандығына аса ризашылығымды білдіремін. Лайықты марапаттар, лайықты иелерін тапсын деп тілек білдіремін, – деді Гүлнар Манапқызы.
Ұстаздарға сазды сәлемдемелерін жеткізе келген Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледж ұжымы, «Камелия» би тобы,  Әсет Алиев және Әйгерім Нығыметова сынды өнерпаздар өрелі өнерлерін көрсетті.
Бүгінгі таңда облыстағы 198 мектеп пен 331 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 137 751 оқушы мен 34046 бүлдіршін білім алады. Ұрпақ арқылы ұлтты тәрбиелеуге 17 415 педагог үлес қосып келеді.

whatsapp image 2021 10 09 at 09.25.40
whatsapp image 2021 10 09 at 09.25.38

Алмас БАУЫРЖАНТЕГІ

Cуреттер Ерлан Алтыбаевтікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз