Атырауда 100 жаңа аялдама орнатылады

20180810003311 Жаңалықтар

Биыл облыс орталығында 100 қоғамдық көлік аялдамасы орнатылады. Бұл туралы Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Бүгінде аялдамаларды дайындау және орнату жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық электрондық конкурсқа тапсырыс берілген.

Шаһарда аялдама орнатылмаған орындар әлі аз емес. Қалада шағынаудандар мен жаңа тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты оған сұраныс артып отыр.

 – Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында жұртшылық тарапынан осы мәселеге қатысты сауалдар көптеп қойылады. Сондықтан, нақты орнатылатын аумақтар зерделенді. Бүгінде ашық электрондық конкурсқа тапсырыс беріліп, қорытындысын күтіп отырмыз. Осылайша, жыл соңына дейін облыс орталығында 100 автобус аялдамасы орнатылмақ. Оның ішінде, ауылдық округтер де қамтылады, – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмар.

Ал, қысқы маусымда тұрғындар қолайлығы үшін арнайы жабдықталған аялдама әзірге қызметін тоқтатып тұр. «Арнаулы автобаза» ЖШС бас директоры Алмас Ізтілеуовтың айтуынша, аялдаманы жазғы маусымға дайындау мақсатында ішін сырлау, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар аяқталғаннан кейін олар қалыпты қызмет көрсететін болады.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз