«Атырау. Маленькая страна»: Бар жақсылық – балаларға!

malenьkaia strana 1 Қоғам

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры инклюзивті жобаларды дамыту аясында ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Осы орайда қайырымдылық жобалардың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қоғам үшін маңызды жобаға қолдау көрсетті. Ол жоба – «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығын автономды электрмен жабдықтау.

–Біздің әлеуметтік қалашық әлем бойынша үшіншісі. Біріншісі, Ұлыбританияда Кэмпхилл қалашығы болса, ал екіншісі, Ресейдегі Ярославль облысында бар. Иә, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қоршаған ортаға зиянсыз әрі тиімді қуат көзінің игілігін пайдалануға қолдау көрсеткеніне ризамыз.  Компания біздің қалашықты гибридті жел-күн электр станциясымен және тұрғын-жайды жылытуға арналған конвекторлық жылытқыштармен қамтамасыз етті. Құны 34 180 000 тұратын құрал-жабдық бізге ерекше балаларды оңалту жұмысына ден қойып, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік берді. Олай дейтінім, бұрын жылу мен электр қуаты үшін едәуір көп төлейтін болдық. Енді үнемделген қаржы есебінен маман-нұсқаушыларға еңбекақы төлейміз, – деді «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев.

Әлеуметтік қалашық иесінің айтуынша, қуаттылығы 50Квт болатын баламалы түрдегі электр станциясы толық автоматтандырылған. Оның жұмыс принципі – күн мен жел қуатын электр энергиясына айналдыру. Ал, одан артылғаны арнайы аккумуляторға жиналып, энергия көзінің қоры сақталады.

malenьkaia strana 2

«Бұл – мемлекет басшысының «жасыл» жобаларды дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын іске асыру жолындағы алғашқы қадамның бірі» деген Ерлан Асылбайұлы жоспарында  іске асыруға тиіс тың бастамалардың бар екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, аумағы 5 гектар болатын «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығында иппотерапия, канистерапия, фелинотерапия әдісімен түрлі диагнозы бар балалар емделеді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз