АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ АТҚАН КҮН

eb1b42c5 7f0a 48c3 a4c5 c9c2794bf291 Қоғам

1990 жылы Алматы Саясаттану және басқару институтында оқып жүрген кезім. Еліміздің қоғамдық саяси өмірін жіті қадағалап, өзгерістер мен – жаңалықтарды зерделеп отырамыз. 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде сағат 18.55-те Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғаны жөніндегі хабарды естігенде төбеміз көкке жеткендей болды. Бұл бүкіл қазақстандықтар үшін тарихи оқиға болды ғой. Кейін Декларацияның қабылдануы жөніндегі шешімнің оңайлықпен қабылданбағанын, ұлтжанды Депутаттарымыздың табандылығымен жеңіске қол жеткенін білдік.

Ол кұжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқы мен басқа да этностар өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттың қадір қасиетін нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың тарихи және мәдени құндылықтары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар, экономикалық және ғылыми – техникалық әлеуеті республиканың ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.

Декларация алғаш елімізде билікті бөлу принципін паш етті, яғни заң шығару билігі Жоғарғы Кеңеске берілді, Президент мемлекет басшысы болып, ең жоғары әкімшілік – атқарушылық билікті иеленді, ал сот билігі Жоғарғы Сотқа берілді.

Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы және ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. 17 ғана баптан тұратын Декларацияда нақты міндеттермен қатар еліміздің болашақ бағыттары камтылды. Сан ғасырлар бойы күрескен ата-бабаларымыздың ұрпағына аманат еткен, Алаш қамы үшін жандарын пида еткен арыстарымыздың аңсарлы арманы әрі асыл мұраты азаттықтың арайлаған ақ таңы атып, шұғылалы сәулесі төгілді. Отаршылдықтың құрсауында болған қазақ елі жаңа дәуірдің табалдырығын аттады, ұлы даланың тамырына қан жүгірді. 1991 жылы 15 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Зан кабылданды.

Міне, сол егемендіктің жарияланғанына 33 жыл болып отыр. Осы уақыт ішінде еліміздің экономикалық қуаты нығайып, бүкіл әлемге танылып, халқымыздың әл ауқаты артты. Қалаларды айтпағанда ауылдық жерлер адам – танымастай өзгерді, газ, су, жол, өмірге қажетті басқа да инфрақұрылымның бәрі бар. Тек еңбек ет, білім ал. Алға қарай да егемендіктің ел дамуына тигізген пайдасын жоғары бағалап, жаңа Қазақстанды құруға үлес қосу — әр азаматтың міндеті болуы керек деп ойламын.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
мемлекеттік қызмет ардагері, журналист. Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз