Мен погонды журналиспін!

img 20220813 wa0026 1 Құқық

Адам баласы түрлі маман иесі болуды бала кезінен армандайтыны анық.

Қиялмен арманын ұштастырып талай жерге барып та қалады. Бірақ, тағдырдың жазуы, әрі өзімнің қалауыммен қолыма қалам ұстаған журналист маманы атандым. Себебі, аталмыш маман тек бір салада емес, сан түрлі саланың күйін кешеді, және сонысымен ерекше. Қазіргі уақытта Полиция Департаментінің баспасөз қызметінде жұмыс жасап жүріп, аталмыш сала қызметкерлеріне қызыға қарайтыным жасырын емес. «Шіркін-ай, бір күн менде полиция қызметкері болсам ғой» деген кішкентай арманда жүректе тұрған.
Ішкі істер министрлігінің қолдауымен «Погонды журналист» жобасы басталғаны осы арманыма қанат бітірді. Бұл жоба мақсаты – полицей қызметкері болып, погон тағып, тәртіп сақшысының бір күндігін көрсету. Мен үшін жоба өте ерекше болды.Бұрын соңды сырттай қатал, қорқынышты болып көрінетін мамандық иесінің орнында бүгін өзім болдым. Өзім сырттай маман иесінің қызметін тек бақылаумен айналыссам, дәл осы жоба арқылы «ас үйімен» танысқандаймын.
Қоғамның тыныштығын күзетуде тәртіп сақшыларының рөлі ерекше болса, сол тыныштықты халыққа жеткізетін журналист.
Ай күнбезі тәрізді погонды иыққа таққан сәттен-ақ сол погонның ауырлығы бірден сезіледі. Иықтағы погон – нағыз антына адал, жауапкершілігі жоғары полицей қызметкеріне ғана лайық.

Атырау қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметінде өзімді сынап, әрі жұмыспен таныстым.
Атырау қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының басты жұмысы – тұрмыста жапа шеккен нәзік жандылардың құқығын қорғау. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – адам құқығын бұзатын жаһандық мәселе. Зорлық-зомбылық – күрделі құбылыс, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықпен қатар, психологиялық, эмоциональдық қысым көрсетілуі мүмкін. Дүние жүзінде әйелдердің үштен бірі өз серіктесінен  әлімжеттік көрген. Атырау қаласының өзінде жыл басынан бері тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 700-ден астам тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция инспекторы болып бастаған күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар тұлғалар мен жәбірленушілер тарапына профилактикалық әңгімелер жүргізіп, болған оқиғалармен мән-жайды анықтауға тырыстым. Сонымен қатар, қала бойынша отбасындағы келіспеушіліктерге қатысты арыз-шағымдармен таныстым. Қоғамдағы ең көп қайталанатын нәрсе – отбасындағы материалдық мәселелер мен ішімдік мәселесі болып отыр.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында жыл сайын Республикалық көлемінде «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» деген сынды акциялар ұйымдастырылып отырады. Бұдан бөлек, учаскелік полицейлермен бірлесіп, қорғау нұсқамасы арқылы әлімжеттік көрсеткен тұлғалар 30 күн тіркеуге алынып, сот шешімі бойынша мінез-құлқына байланысты 6айға дейін ішімдіктен шектетіледі.
Отбасында шу шығарып, әйелін ұрып-соғып, балаларымен бірге үйінен қуып жіберетін еркектерде кездесетін жайттар тіркелген. Барар жері, басар тауы жоқ аналарға арналған арнайы орталықтар ашылған. Бұл орталықта алты ай мерзімінде тұруға болады.
Полиция инспекторы ретіндегі бұл күнімде ащы суға сылқия тойып, өз анасына жәбір көрсетіп, ұрып соққан азаматтың ісі тіркелді. Ішімдік үшін өз анасына қол көтерген бұл азаматқа қатысты сот шешімі ауыр болары анық. Баласының кезекті жәбіріне шыдай алмаған анасы, сол жерде-ақ ұлын учаскелік полицейлерге беріп жіберген.  Аталған азаматты Атырау қаласының полиция басқармасына жеткізіп, бір күн бойына уақытша қамауда ұстаған. Онлайн сот отырысы болатын күні анасын соққыға жыққан азамат учаскелік полицейлермен бірге Атырау қаласының полиция басқармасы №5 учаскелік пунктіне әкелінді. Арнайы саусақ іздері алынып, тексеріс жүргізілді. Онлайн сот шешімімен 3 тәулікке қамауға алынды. Сот ісі әрі қарай жалғастырылуда.

Осы сынды түрлі қылмыстардың куәгері бола жүріп, полицейлердің жұмысының маңызын түсіндім. Көмекке мұқтаж нәзік жандылардың өмірінде әділеттілік орнатқан қорғаушы азаматтарымыздың еңбегі нағыз мақтау мен құрметке ие. Сол еңбек пен аққан терді халық түсіне білсе – полицей үшін одан артық қуаныш болмас еді.

Динара СЕМБАЕВА

img 20220813 wa0027
img 20220813 wa0028 2
img 20220813 wa0029
img 20220814 wa0000 2
img 20220813 wa0026
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз