Сайлау жүйесіндегі жаңалық белсенді жастарға жол ашады
Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек ОЖАЕВ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Басқосуда еліміздің сайлау жүйесіндегі жаңалық – аталған саяси күштің тұңғыш рет праймериз жүйесін енгізгелі отырғаны кеңінен баяндалды.
Белсенділерді ашық таңдау
Ең алдымен тілімізге жаңадан енгізілген осы сөздің мағынасына бойлап көрелікші. Бұл – батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі қолданылып жүрген ұғым. Түсінікті, жалпақ тілмен айтсақ, праймериз – партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Сөздің төркіні де, шыққан жері де АҚШ болғандықтан, оны ағылшын тілінен аударғанда, «бастапқы», «алдын ала сайлау», «алдын ала дауыс беру», «іріктеу» деген ұғымды білдіреді. Ал, біздің мемлекет үшін бұл сөз «ҚР Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партия филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін алдын ала партияішілік іріктеу» деген анықтамамен белгілі болуда. – Праймериздің біздің елдің сайлау жүйесіне енуі партия мүшелері үшін де, халық үшін де үлкен жаңалық болып табылады. Аталған бастама елімізде партияішілік пікірталасты жандандырып, сайлауға түсетін үміткерлерді таңдап-іріктеуде әділдік пен ашықтықты, бәсекелестікті қамтамасыз етеді, — деді Нұрлыбек Жұмахметұлы. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары жаңа жоба қоғаммен тығыз байланыс жасауға, жұртшылықтың арасындағы өзекті проблемаларды анықтап, уақытында шешуге, партияның әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деген ұстанымда.
«Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Партияның ресми сайтында саяси кеңес бекіткен партияішілік іріктеу өткізу ережесі де жарияланды. Құжатқа сәйкес, праймериз міндеттері мынадай болып бекітілді:
1) «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша нақты әрі мықты лидерлерді анықтау және тарту;
2) Белсенді және бастамашыл азаматтар үшін партиялық желі бойынша «әлеуметтік саты» жасау;
3) Қалың бұқараны елімізді дамыту мәселелерін талқылауға тарту;
4) Жүйелі өңірлік партиялық саясатты қалыптастыру үшін өзекті әрі нақты жергілікті проблемаларды анықтау;
5) Қалалар мен аудандарда партия бағдарламаларының танымалдығын арттыру;
6) Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру және оларды партиялық қызметке тарту;
7) Партия мүшелерінің партиялық тізімдерді қалыптастыруға қатысуын кеңейту;
8) Танымал партия тізімдерін қалыптастыру;
9) Кандидаттардың дербес жауапкершілігін арттыру.
Негізгі бес кезең
Праймериз негізі бес принципті – бәсекелестік, заңдылық, айқындылық, сайлауға құпиялық, диалог үшін ашықтық ұстанымдарын ұстанады. Ол мынадай негізгі кезеңдерден тұрады;
1) Кандидаттарды ұсыну және тіркеу;
2) Кандидаттарды үгітке даярлау;
3) Үгіт жұмысы;
4) Дауыс беруді өткізу;
5) Тізімдерді дайындау.
Қандай адам үміткер бола алады? Партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандықтың осы қатардан көрінуіне мүмкіндігі бар. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына өте алады. Кандидаттар бастауыш партия ұйымынан және бір облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін.
– Қазіргі күнде біздің облыста 111 бастауыш партия ұйымы, 27 080 партия мүшесі бар, — деді Нұрлыбек Ожаев. – Дауыс беруге жасы 18-ге толған партия мүшелері қатыса алады. Анықтап айтар болсақ, үміткерлерді ұсыну: 17-28 тамыз аралығы кешкі сағат 18.00-ге дейін, үміткерлерді тіркеу: 1729 тамыз аралығы сағат 14.00-ге дейін, үгіт-насихат жұмысына дайындық: 31 тамыз-6 қыркүйек аралығы, үгіт-насихат жұмысы: 7 қыркүйек-3 қазан аралығы сағат 14.00-ге дейін, дауыс беру: 1-3 қазан күндері жүзеге асады. Осы күндері сағат 14.00-ге дейін мобильді қосымшалар мен вебпортал арқылы, ал, 3 қазан күні учаскелерде сағат 8.00-14.00-ге дейін ноутбуктер мен компьютерлер арқылы онлайн дауыс беру жүретін болады. Интернет байланысы жоқ жерлерде дауыс беру қағаз бюллетеньдер арқылы жүргізіледі. Облыста барлығы 84 дауыс беру орны болса, соның 83-і – онлайн, біреуі (Құрманғазы ауданы) қағаз бюллетеньмен таңдау жасайды. Сонымен бірге, облыста 9 есеп комиссиясы, осынша ұйымдастыру комитеті құрылды. Олардың біреуі – облыста, біреуі – қалада, жетеуі – аудандарда.
Белсенді әйелдер мен жастар – басты назарда
Биылғы 22 сәуірде ҚР Парламент Мәжілісінде мемлекетте саяси процеске әйелдер мен жастардың белсенді қатысуы туралы заң жобасы мақұлданды. Енді партиялық сайлау тізімінде 30 пайыз міндетті түрде әйелдер мен жастарға берілетін болады. Қазақстанда 20-29 жас аралығында 2,7 млн. жас бар. ҚР Конституциясы бойынша әрбір азамат мәслихатқа – 20 жастан, Мәжіліске 25 жастан сайлана алатынын ескерсек, «Nur Otan» партиясының жаңа ұстанымы – праймериз жастарға үлкен үміт сыйламақ. Халық тарапынан праймериздегі әйелдер мен жастарға арналған квотаға үлкен қолдау көрсетілуі бұл топтағы азаматтардың Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына қатысудың қаншалықты маңызды екенін көрсетуде.
Сондай-ақ, көпшілік «праймериз жүргізу кезінде қандай мәселеге назар аударылуы керек?» деген ортақ сауалнамаға, біріншіден, партиялық тізімді қалыптастырудағы ашықтық, екіншіден, кез келген адамға өз ойын еркін білдіру (ашық дебаттар), үшіншіден, ҚР заңдарын қатаң сақтау деп жауап берген. Брифингті қорытындылаған Нұрлыбек Жұмахметұлы: «Еліміздің сайлауы тарихында тұңғыш рет өткелі отырған праймериз Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдениәлеуметтік деңгейінің көтерілуіне барынша ықпал етеді» деді.
Лиза СЕЙТІМОВА