ӨРГЕ ОЗҒАН ӨРІСТІ ӨНЕГЕ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі, доцент Зәуреш Қазмағамбеттің мерейтойы аталып өтті. Жиналғандардың қай-қайсысының да оған деген ілтипаттары ерекше, құрметтері қапысыз болды. Кезек-кезек құшақтарына айқара қысып, жүрекжарды тілектерін ақтарып, кішілік ізеттерін көрсетушілер легі көп-ақ.

Зәуреш Сәбетқызы – өз ісіне шынайы берілген, мамандығына соншама адал педагог. Ұзақ жылдар бойғы тірнектеп жинаған бай тәжірибесінің, өзіне жоғары талап қоя білуінің, тынымсыз ізденістің арқасында студенттер алдында үлкен бедел иесі атанған қадірменді ұстаз. Ол Гурьев мемлекеттік педагогика институтына (әлі университет мәртебесіне ие болмаған уақытта) оқытушылық қызметке шақырылғанға дейін талай бел-белестерден өтті. Алпысыншы жылдары өзі туған өңір – Ақтөбе облысының Темір аудандық оқу бөлімінде әдістемеші, Перелюбовка орта мектебінде мұғалім болып, жетпісінші жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы Орджоникидзе және Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, сындарлы жолдардан өткен өз ортасының аса сыйлысы.

Бір кезде өзі оқып, бітірген жоғары оқу орнының есігін сындарлы сынақтардан өтіп келіп екінші қайтара оқытушы болып ашқанда, Зәурештің жасы қырыққа таялып қалған еді. Сөйте тұрса да ол жаңа қызмет орнында жастыққа тән жігер көрсетіп, құлшыныспен еңбек етті. Терең біліктілігі мен кәсіби қабілеттілігін танытты. Зәуреш Қазмағамбет қатардағы оқытушылықтан доценттік ғылыми атаққа, жалпы университеттік қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі лауазымына дейінгі сатылардан өтіп үлгерді.

Осылардың бәрін өз құлағымызбен тыңдап отырған біздің – онымен жоғары оқу орнында бір топта қоян-қолтық бірге оқыған Амантай Есқалиев екеуміздің кеудемізді курстас жолдасымыз, досымыз Зәуреш Қазмағамбетке деген мақтаныш сезімі кернеді. Ол шын мәнінде студент кезінің өзінде-ақ танымал, білімді болып курстастары арасында жарқырай көзге түсті. Ақтөбе облысының Қандағаш қаласынан келіп, оқуға кіріскен Зәуреш оқу басталмай жатып өзіне жақын достар тапты. Көпшіл. Бауырмал. Қазақ және орыс тілдерінде бірдей мүдіріссіз еркін сөйлеп, сауатты жазды. Үздік оқыды. Әдебиетті, қазіргі қазақ тілін, тарихты сараптап біліп, семинар сабақтарында кідірмей көсіле сабақ айтқанына қызығатынбыз, оған ұқсағымыз келетін. Қабиболла Сыдиықов, Сабыр Қазыбаев, Құсекен Шәукенов, Қадыржан Сейталиев, Зұлқарнай Алдамжаров, Мағрипа Орашева сынды профессор-оқытушыларымыз қамшы салдыртпай оқитын осы Зәуреш Қазмағамбетті, сондай-ақ, Тамара Әбдірахманованы, Зоя Сиражованы, Әмина Түменшинаны, Сегізбай Жолдаевты, Зәмза Қалауованы бізге үлгі етіп айтып отырушы еді.

Аңғарған адамға Зәурештіңөн бойынан, болмыс-бітімінен тектіліктің исі аңқып тұрды. Сыпайылылығына сырбаз да сымбатты келбеті жарасып-ақ қалатын. Әлдекімдерге ұқсап мода қуып шолақ көйлек кимеді, ашық-шашық жүрмеді. Сары шашының алдын сәл қомпайта көтеріп қойып, бұрымын арқасына еркін жіберуі керемет үйлесім табатын. Сол бір қарапайымдылықтары, қылықты мінездері төңірегіндегі жұртты өзіне еріксіз үйіріп алатын. Әсіресе, жігіттер жағы оған қатты қызығатын. Елтең-селтеңі жоқ салауатты, салмақты қызға батылы жетіп жақындай алмай, өзі ыңғай бермеген соң кинофильм көруге, кездесуге шақыруға, сөз айтуға именіп, дымдары құритын. Бақсақ, тектіліктің, сыпайыгершіліктің түп тамыры әкесі Сәбет пен анасы Қанапияда жатқан болып шықты. Екеуі де елге сыйлы, сөздің қадірін шынайы түсінетін парық иелері көрінеді.

– Біздің үйдегілердің аты-жөндері қызық – кілең әннің атаулары: Қанапия, Зәуреш, Айтжан…- деп Зәурештің өзінің мәз болатыны бар.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасынан ауа жоғары оқу орнын бітірген Зәуреш өзі туған өңір – Ақтөбе облысының Қандағаш аймағы маңында үш-төрт жылдай халық ағарту салаларында еңбек етті де, дәм айдап қайтадан Атырау қаласына жолы бұрылды, өзімен әуелден таныс-біліс құрдасы Қуаныш Ықсанғалиев деген жігітпен тұрмыс құрды.

Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжамал Қаленова:

-Зәкең менің анам Айман Қадырғалиқызымен мектепте бірге қызмет істеді. Зәуреш Сәбетқызы туралы ылғи жақсы-жақсы әңгімелер айтумен, аузынан тастамай мақтаумен келеді. Біз бір үйде көрші тұрамыз. Сондықтан ба, Зәкеңді біліңкіреймін. Отбасында жақсы ана болса, әулет арасында жақсы абысын, жақсы жеңге, жақсы келін. Оның бір қызы Гүлнәр – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді, кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ал, екінші қызы Шынар – «Қазақстан» телерадио корпорациясында бөлім бастығы, белгілі журналист, жеке авторлық хабарлар жүргізеді. Екі қызының ортасындағы ұлы Нұрлан – мұнай саласының маманы. Айта берсек, Зәуреш Сәбетқызының өнегелі істері, бітірген шаруалары жетерліктей, шамалыда тауыстырмайды,- деп тебіренді.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, тарих-филология факультетінің сол кездегі деканы Сәния Кәмелова  «Зәуреш Сәбетқызына тән бөліп айтар бір ерекшелік – бұл кісінің ашықтығы. Қандай ма пікірінде қымсынбай тура айтатыны» деп тұжырым жасаса, Атырау қаласындағы Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 орта мектептің мұғалімдері Айман Оразғалиева мен әрі шәкірті Айман Қозыбаева оның үлгілі ұйымдастырушы, тағылымды тәлімгер, қазақ тілінің нағыз жанашыры екендігін айтады.

Университет ректорының сол тұстағы көмекшісі, өзі әнші, өзі сазгер Мұстахим Мұқтаров:

– Зәуреш Сәбетқызы он жыл бойына «Сәукеле» ұлттық қыздар клубының жетекшісі болған тұста мен саз маманы ретінде ол апамызбен жиі қарым-қатынаста болдым. Сондықтан, осы бір қуанышты сәтке шашу болсын деген ниетпен шәкірттерін қасыма ала отырып «Айдай көркем апамыз» деген әнімізді бірге орындап берсек дейміз,- деді де бәрі қосылып шырқата жөнелді. Сәукелелі қыздардың арасында кемел жасының қас қағымда өте шыққанын, Жайықтың жағасында алдағы белестерден де аман-есен өтуіне деген ақ тілеулерін саз бен жырды келістіре, қиюластыра отырып, әдемі өрнектей жеткізуі қандай ғанибет болды десеңізші?! Сол бір тұста өз жанымыздан:

Ақтөбенің елігі,

Атыраудың келіні,

Өзіңе аса жоғары

Университет сенімі…

Күндіз ашық есігі,

Тербетілді бесігі.

Болды ұстаз төресі,

Өрге озды есімі,- деп өлең шумақтарын қосып жібердік.

Соңғы жылдары курстасым Зәуреш Сәбетқызымен бір университетте бірге қызмет істеудің сәті түсті. Сол кезде оның үлкен пайым мен парасат иесі екендігін риясыз аңғара түскендеймін. Бұл – имандай шыным.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз