Атырау аграрлы-техникалық колледжіне қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің есімі берілді

f79138864d420ad7934a1cacf338d0af resize w 830 h 465 Жаңалықтар

Atr.kz/5 қазан, 2019 жыл.  Атырау аграрлы-техникалық колледжіне қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің есімін беруге арналған салтанатты шара өтті.

     Шараны құттықтау сөзбен ашқан облыс əкімі Нұрлан Ноғаев Оңайбай Көшековтің есімі елге танымал екендігін айтты. «Ол он бес жылдан астам уақыт облысты басқарды. Өзге де жауапты қызметтерді атқарды. Оның табандылығы, тəжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында ел үшін маңызды көптеген істер жүзеге асты. Ол есімі тарих беттеріне алтын əріппен жазылған біртуар тұлғалардың бірегейі. Сондықтан да, жерлестерінің шынайы ризашылығы мен ықыласына бөленген жан, – деді. Ол жалынды жастардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, өлкемізден шыққан  тұлғалардың еңбек жолынан үлгі тұту парыз екенін айтты.
     Бұл күні өңір басшысынан жаңа ғимараттың бой көтеретінін естіген колледж ұжымы Нұрлан Асқарұлына ерекше қошемет көрсетті. Болашақта 18 мамандық бойынша оқитын студенттердің білімдерін заманауи үлгідегі білім ордасында алатынына сенім мол.
      Сондай-ақ, бұл күні жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Кəсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов та шараға қатысып, ел басқару баспалдағында өзінің парасатымен дараланған тұлға – Оңайбай Көшековтің қосқан еңбегін атап өтті.
       Ал, болмысы ерекше азаматтың ұлт болашағы үшін атқарған еңбегін замандастары да сағынышпен еске алды. Бұл туралы Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев:
        – Оңайбай Көшеков ауылшаруашылығын дамыту ісіне ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында облыстың мемлекетке өткізетін ет, сүт, жүн жəне бау-бақша өнімдерінің көлемі едəуір артты. Экономиканың басқа салаларында да үлкен жетістікке жетіп, ел мен жер үшін аянбай тер төккен абыройлы тұлға, – деді.
        Өз кезегінде Көшековтер əулеті атынан сөйлеген Мақсот Оңайбайұлы «Білім ордасына əкеміздің есімінің берілуі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» деп, жас ұрпаққа тағылымды естелігімен бөлісті.
       Бұдан кейін О.Көшековтің жұбайы Айсұлу Иманғазықызы мен еңбек ардагері Есен Тасқынбаев ұлы тұлғаның ескерткіш-бюстісінің тұсаукесер рəсімін жасады. Сондай-ақ, шара қонақтары музейдің ашылуына да куə болып, Оңайбай Көшековтің топтастырылған жəдігерлері мен өзі қолданған заттары жайында ақпарат алды.


     Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз