ОН СЕГІЗДЕ ОТ КЕШТІК

Біздің тарих қасіретті де қасиетті. Сол үшін ол бізге қымбат. Себебі, біздің бүгініміздің болашағын кешегі сол қан майдан шешті. Ал, сол 1941- дің қырғынында от пен оқ кешіп, бүгінгі сәулелі күнді сыйлаған сол жылдардағы сарбаздар, қазіргі батыр ардагерлер күн санап сиреп барады. Көзі тірісінде оларды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа  үлгі ету – парыз.

Мен 1940 жылдары ұшқыштар дайындайтын училищеде оқып, кейін әскер қатарына алынған болатынмын. Қанша жыл от пен оқтың ортасында жүріп, қиын кезеңдерді бастан кешсем де майдан шебіне аттанған  1944 жылдың аяғы санамда әлі атойлап тұр. Сол 1944 жылы он ұшқышты Пружаны қаласына Балтық жағасы майдан шебіне жіберді.

Әрине, қиын болғанымен, біз жаяу әскерлер сияқты судан өтіп, балшық кешіп, қарға малтыққанымыз жоқ. Десек те, жау бомбалаған жерлерді зерттеу қиын да үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс еді. Ұшқыш болғандықтан көп жерлерде болдық. Соғыс жылдары екі әуе әскері болатын, мен бірінші әуе әскері құрамында болдым. Майдандастарымның арасында жалғыз қазақ ұлты мен едім, дін, ділімізге қарамай, ел басына күн туғанда ел қорғап, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен майдандастарымды сағынамын. Бәрі көз алдымда… 

Дегенмен,  күлкілері кіршіксіз, бейбіт өмірдің шат-шадыман тұрғындарын көріп, сауығып кетемін. 1947 жылы аман-есен елге оралып, редакцияда екі-үш ай жұмыс жасадым. Кейін облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары, облыстық комитеттің бірінші хатшысының көмекшісі, қалалық комитеттің екінші хатшысы, Петровский атындағы машина жасау зауытында, химиялық зауытта еңбек еттім. Осы уақыт ішінде өзім қарамағында еңбек еткен Сейітжан Палымбетов, Нұртас Оңдасыновтардан бүкіл өміріме жетерлік өнеге алдым десем болады. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, Жеңістің мән-маңызы жылдан-жылға  артып келеді. Біз бұл соғысқа қатыстық деп емес, ел қорғауда үлесімізді қостық деп мақтанамыз. Жастардың сапалы білім алуы үшін еліміз тыныш, қазақтың көгілдір Туы биіктей берсін.

Айдын АЙБАРОВ.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз