Жарнама
Жаңалықтар

НАН БАҒАСЫН ДА НАРЫҚ РЕТТЕЙДІ

1. Наубайшылар талабы

Жуырда Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы ғимаратының мәжіліс залында кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда халықты нан өнімдерімен  қамтамасыз етіп отырған қаладағы он бір кәсіпкер – наубайшылар атынан Талғат Қосжанов сөз алып, нан бағасына қатысты ойларын ортаға салды.

— Біз Үкіметтен берілетін дотациялық  ұнды бұрын бір келісін 47 теңгеден алып тұрдық. Кейін 51 теңгеге өсірді. Бірақ, біз нанның сатылу бағасын 45 теңгеден өсірген жоқпыз. Бүгінде Орал қаласынан әкелінетін бір «КамАЗ» ұнның бағасы тасымалдануымен әр келісі 63 теңгеге жетті. Кешегі 950 теңге тұратын өсімдік майы бүгін 1600 теңгеге шарықтады. Су, газ, электр қуаты да қымбаттады. Наубайханаға жеткізілетін дотациялық ұнның сапасы төмен. Оны өзіміз жоғары сортты Желаев ұнымен араластырып, осы уақытқа дейін нан шығарып, тұтынушы сұранысын қанағаттандырып келдік. Астық өндірмейтін аймақта жағдай тап осылай бола берсе, наубайханалардың амалсыздан жұмыстарын тоқтатуға тура келеді, — деді ол.

Әріптесінің сөзін «Байлық» ЖШС  есепшісі Роза Манетеева да қостады. Облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев, облыс прокуратураның басқарма прокуроры Сабырбек Нұрышев та кәсіпкерлер көтеріп отырған мәселенің де, келтіріп отырған дәйектерінің де орынды екендігін мәлімдеді.

Кеңес мүшелері нан өнімдерін өндірушілердің нанға нарықтық баға белгілеу жөніндегі талаптарын жан-жақты талқылай келіп, оның негізді екендігін айтып, кеңес отырысында қабылданған шешімді аймақ басшысына жеткізу қажет деп шешті. Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасына «Әзмұханова», «Шарапиева» жеке кәсіпкерлік нысандарына табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті арқылы жүргізілген тексерулердің заңдылығына құқықтық сараптама жүргізу тапсырылды.                   

P.S.Бұл мәжілістегі әңгіме ауаны бізді де терең ойға қалдырды. Біріншіден, наубайхана қожайындарының талап-тілектеріне назар аудармасақ та болмайды. Бізге өзге өңірлерден әкелінетін ұнның әр келісінің бағасы 63-67 теңге шамасында болса, халыққа нан өнімдерін дайындайтын наубайшы оны қалай 45-50 теңге көлемінде ұстап тұрады? Барлық шығындарды қоса есептегенде нанның өзіндік құнының қымбаттауы нарық заңы емес пе?

Екіншіден, қымбат нан халықты нанның қадірін білуге үйретеді. Әйтпесе, қазір желінбей, қатып қалған нан қалдықтарын қоқысқа тастап жүргендер аз ба? Тіпті, кейбір тұрғындардың ит, шошқаларын, уақ жандығын әлеуметтік жеңілдікпен таратылатын ас атасымен асырап жүргендер де жоқ емес қой.

Үшіншіден, Қазақстан мен әлемнің өзге мемлекеттеріндегі бағаны салыстырып қарасақ, бір бөлке нанның бәсі Норгевияда 705 теңгеден басталса, АҚШ-та – 644 теңге, Оңтүстік Кореяда – 537 теңге,  Біріккен Араб Әмірліктерінде 205 теңге тұратынын да ескергеніміз жөн-ау өзі.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

 2.    Үнемшілдік – ұтымды әдіс

Алдымыздағы жылдан бастап астық өнімдерінің құнын қалыпты ұстау үшін бөлініп келген субсидия тоқтатылмақ. Демек, бұған дейін әлеуметтік саналып, бағасы қолдан ырықтандырылып келген бірінші сұрыпты нан мен 600 грамдық бөлке нарық талаптарына қарай өзгереді. Мұнда да бәсекелестік орта орын алып, тұтынушыға таңдау мүмкіндігі беріледі. Сөйтіп, бір бөлке нан бағасы 80-90 теңгеге жетуі ықтимал.

Жалпы, мамандардың қазір ғана айтып жүргеніндей, соңғы бес-алты жылда бірінші сұрыпты нан мен 600 грамдық бөлке бағасын қымбаттатпау үшін орта есеппен жылына 6-7 млрд. теңге жұмсалады екен. Кей жылдары тіпті, 12-15 миллиардқа жететін көрінеді. Әйтсе де, бұдан 1,5 жыл бұрын бұл бағыттағы субсидия біртіндеп қысқара бастаған. Нан бағасының нарықтық құнға жақындап, сәл-пәл қымбаттағанына көпшілік назар да аудармаған. Сондықтан, қазіргі хабар жұртшылыққа тосын көрінгенімен, оған дайындық ертерек қолға алынған тәрізді. Әрі көршілес Ресейде бір бөлке нан біздің ақшамен 150-200 теңгеден сатылады екен.

Рас, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдайда табысы кедейшілік шегінен төмен отбасылары әлеуметтік жәрдемге иек артады. Республикада атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәжірибесі орнықты. Енді соның мөлшерін өсіру ұсынылуда. Мамандар бұған қажетті қаражатты да есептеп қойыпты, жылына екі миллиард теңге керек екен. Ал, 2014-2015 жылдары нан бағасын өсірмеуге 17 млрд. теңге жұмсалыпты. Сөз жоқ, едәуір үнем. Әйтсе де, тағы айтарымыз – бюджеттік сала қызметкерлерінің қорғалуы.

Ас атасы бағасының қымбаттауына байланысты қиындықты жеңілдету жолдарын іздеген мамандар енді оны бөлшектеп сатуды ұсынуда. Сайып келгенде, бұл да – таң қалатын жаңалық емес. Бала кезімізде дүкенде нанды кесіп те сататынын ұмытқанымыз жоқ. Әркім қалағанынша алатын және соған сәйкес ақысын төлейтін. Оның үстіне, қазіргі жағдайда нанды кесіп сату – отбасы бюджетіне де тиімді, оны тұтынуға да үнемді. Әсіресе, қалалықтар бере қоятын малы да жоқ сондықтан, қалдық нанды қоқысқа тастап жатыр. Оны тиісті орынға тапсырып, төрт түліктің жемін дайындау да жолға қойылмаған.

 «Қазақстан астық одағы» корпорациясы және «КөкшетауМельИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық әкімдікпен меморандумға қол қойды. Сөйтіп, мұнайлы мекенге тұрақты астық жеткізуге қол жеткізілді. Біз бидай екпейтін болғандықтан, мұндай келісім әуелден жасалып келеді. Алайда, алдағы уақытта сол шартта көзделген міндеттемелер мүлтіксіз орындала ма? Өнім жеткізуші нарықтағы өзгерістерге орай өз талабын қоймай ма? Алдағы уақытта жергілікті бюджет күшімен арзан астық жеткізуге мүмкіндік туар ма? Аймақта іргелі кәсіпорындар молынан шоғырланғанымен, қазіргі қиын кезде олардан түсер түсім де кемуі ықтимал.

Нан бағасы тек соны пісірушілерге ғана қатысты емес. «Заман-Нан» басшылығының айтуынша, өнім өндіруге керекті өсімдік майы мен ашытқы да қымбаттауда. Әрі, Алматыдағы ашытқы зауыты жабылғалы оны Ресейден алдырады екен. Теңге мен доллар арасы алшақтап бара жатқанда мұның да құны ұшынып тұр. «Заман-Нан» тәулігіне 11 тонна әртүрлі өнім өндіреді. Соның жеті мыңы – әлеуметтік нан. Сонымен, Атырау қаласынан өзге Махамбет, Жылыой және Мақат аудандарын қамтиды. Ал, нан бағасына жанар май құны қосылып, жол шығыны бірге есептеледі. Сауда орындары да өздерінің 5-7 теңге үстемесін қосады.

Қалай болғанда да, халық нансыз отырмайды. Қалалықтар оны үнемі үйден пісіре де алмайды. Ендеше, соның сапасына да назар аударайық. Редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз соңғы кездері бөлкелердің салмағы тым жеңілдігін, шала піскендігін айтады. Кәсіпкерлік нысандарын тексере беруге тыйым салынғанымен, стратегиялық тағамдардың көзден таса болмағаны жөн сияқты. Бағасы қымбаттаған екен, сапасы да соған сай болсын. Міне, тұтынушы талабы осы. Бұл – тиісті құзырлы орындарға құлаққағыс.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button