
Тиімді басқару мен ашық қоғамның негізі
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған G2C – яғни азаматтарға арналған мемлекет тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан цифрлық реформалар – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттілікті нығайтудағы нақты әрі жүйелі қадамдар деп есептеймін.
Электронды қызметтердің дамуы – бұл жай ғана үнемдеу емес, бұл ең алдымен халықтың уақыты мен сеніміне құрметпен қарау. Мәселен, электронды еңбекке жарамсыздық парақтары мен медициналық анықтамалардың цифрлық форматқа көшуі көлеңкелі экономиканы 7,5 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік беріп, ашықтық пен тиімділікті арттырды. Бұл – бюджетке тікелей әсер ететін оң өзгерістер.
Мұндай бастамалар аймақтарда да оң нәтиже беруде. Телемедицина, білім беру жүйесіндегі цифрлық форматқа көшу, колледждер мен жоғары оқу орындарына онлайн қабылдау – ауылдық және шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін қолжетімділікті арттырып отыр. Бұрын бес күнге дейін уақыт алатын процестердің бүгінде бірнеше сағат ішінде жүзеге асырылуы – әлеуметтік әділеттіліктің және тиімді басқарудың айғағы.
Білім саласындағы цифрлық серпіліс, әсіресе мұғалімдердің біліктілігін арттыру, студенттерді жатақханаға орналастыру, ҰБТ сертификатын электронды форматқа көшіру – жастарға жағдай жасап қана қоймай, бюджетке жүздеген миллион теңге үнем әкеліп отыр.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларын тіркеуге арналған мобильді қосымшалар арқылы сақтандыру төлемдерінің 5 күнде төленуі де – азаматтардың өміріндегі күтпеген жағдайларда тиімді шешім қабылдау мүмкіндігін арттырды.
Бүгінгі таңда цифрлық мемлекет қалыптастыру – уақыт талабы. Цифрландыру – жай технология емес, бұл – халық пен мемлекет арасындағы сенім көпірі.
Алда бізді әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бірақ қолға алынған реформалардың нәтижесі – Қазақстанды нағыз “ақылды”, цифрлық елге айналдыру жолында сенімді алғышарт болып отыр.
Айжан ҚАРАБАЕВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты

