Алғыс айту күнін дұрыс түсініп жүрміз бе?

img17 Жаңалықтар

Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. «Алғыс ал» деген ақ тілек – баға жетпес баталы сөз. Расында да, алғыс айту да, алғыс алу да – үлкен мәнге ие. Алмағайып заманда жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – алғыс арқалаған халық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеу туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныс білдірген еді. Кейін бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болды. Ал, 2016 жылдың 14 қаңтарындағы арнайы Жарлығымен 1 наурыз, яғни көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» болып белгіленді.

Мұндай үрдіс әлемдік сипатқа ие. Яғни, дәл осындай атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді.

Кейіннен, яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қала көшелеріне ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды.

Десек те, Қазақстандағы бұл мерекенің басты мақсаты сәл ерекшелеу. Өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарымқатынасты нығайтуды көздеген атаулы күн болып қалыптасты. Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты.

XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан, елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды.

Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Яғни, бұл күн – жеке адамдардың алғыс айтуы емес, тұтастай халықтың бірбіріне деген шынайы пейілін білдіруге мүмкіндік беретін ерекше күн. Даламыз қандай кең болса, халқымыздың пейілі де сондай. Қазақта «бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Тату өмір, бейбіт заман – бағзыдан қазақтың аңсаған арманы.

Қазіргі таңда Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам этнос болса, Атырау облысында тату-тәтті тірлік кешіп, ел дамуына өзіндік үлестерін қосып жүргендері аз емес. Бүгінгі күні елімізде ұлты мен ұлысына, тілі мен дініне қарамастан, өмірден өз орнын табуына барлық жағдай жасалған.

«Бұл мерекенің Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келген, яғни алғаш құрылған күнімен тұспа-тұс келуі – үлкен символикалық мәнге ие. Біз үшін Алғыс айту күні – қазақ жеріне, қазақ халқына, аға буынға, ата-анамызға деген пейілімізді білдіру күні. Біз ең алдымен қазақ халқының қамқорлығын еске аламыз. Неліктен дейсіз бе? Себебі, сонау бір сұрапыл шақтарда қазақ х а л қ ы д е п о р т а ц и я ғ а ұшыраушыларды жатсынбай, дос көңілмен бауырына басты. Осы жерден әр этнос өз үйін, өз Отанын, өз отбасын тапты.

Сондықтан, бұл күн біздер үшін өте маңызды. Біздің түріміз бен тіліміз бөлек, дініміз бен діліміз өзге. Десек те, Елбасы ұстанымына сай, қазір бізде Отан – ортақ, ол – бейбіт Қазақстан. Осы тұста біз бейбіт тірлік моделін қалыптастырған, ұлтымызға қарамастан, бәрімізді бір шаңырақ астына біріктірген Ұ л т К ө ш б а с ш ы с ы н а алғысымыз шексіз. Атырау топырағы біз үшін сондай ыстық» дейді «Тхоньил» корей орталығының жетекшісі Людмила Ли.

Осынау ел өміріндегі маңызды күннің мәнін терең түсінбей, «ата-ана, бауырларыма, туыс-тұстастарыма алғыс айтамын» деп тізбектеуіміз дұрыс емес. Асылында жақсылық жасаған адамға алғыс айту әр саналы азаматтың парызы емес пе? Осы атаулы күн аясына теліп, сол күні ғана рахмет-ризашылықты білдірудің мәні жоқ. Алғыс айтқың келген адамға тәуліктің кезкелген сағат-секунды қолайлы емес пе? Ендеше… Қазақ халқына алғыс айту күні құтты болсын!

Гүлжан ӘМІРОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyraudan-shymkentke-%d2%b1sha%d2%9bpen/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз