
Резерват – Үкімет назарында
Атырау өңіріндегі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында маусым айында болған алапат өрт қалың бұқараның орынды алаңдаушылығын туғызды. Мәселенің өзектілігіне бойлаған республика Парламенті Мәжілісіндегі атыраулық депутаттар, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Әділ Жұбанов, Дүйсенбай Тұрғанов, Мәжілістегі «Aqjol» ҚДП фракциясының мүшесі Серік Ерубаев 25 маусым күнгі палатаның жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ресми жауабында арнайы тексеру нәтижесінде жағдай жан-жақты сараланып, табиғат қорғау аумағындағы өрттің көлемі мен салдарына қатысты зардаптарды жою және алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайдың алдын алу үшін кешенді шаралар қолға алынғаны көрсетілген.
Биыл 30 маусым мен 8 шілде аралығында Экология және табиғи ресурстар министрлігі резерват аумағында болған өрттің себебі мен салдарын кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл іске Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мамандары да жұмылдырылған. Қорытындысы бойынша, биыл 13-24 маусым аралығында қорық аумағында жалпы ауданы 3905,68 гектар жерді қамтыған өрттен жабайы жануарлардың өлім-жітімі немесе Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің жойылуы анықталмапты.
18 маусымдағы қамыс өртіне байланысты жергілікті ішкі істер органдары республика Қылмыстық кодексінің 203-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ал, осы оқиғаға байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі өз тарапынан арнайы тергеуді шілде айында бастаған. Оның нәтижелері бойынша кінәлі лауазым иелеріне тиісті шара қолданылатыны да жауапта айтылды.
Премьер-Министр резерватты материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, елдегі табиғи қорықтарда қажетті техника мен жабдықтардың міндетті болуы жөніндегі тізбені кеңейту үшін биыл ақпанда Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі №18-02/664 бұйрығына өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес орман патрулі шағын кешендері, пилотсыз ұшатын аппараттар, жоғары жылдамдықты көліктер, навигациялық планшеттер, өрттен қорғайтын қалқандар мен өртті ерте анықтау жүйелері, өзге де құралдар қосылған.
Үкіметтің 2023 жылғы 15 маусымдағы №478 қаулысымен бекітілген «2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғаныс саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары» аясында былтыр «Ақжайық» резерватының мұқтаждығы үшін 723,2 миллион теңгеге өрт сөндіру және патрульдік техника, моторлы қайықтар, планшеттер, байланыс құралдары және басқа да жабдықтар сатып алынған. Өртті ерте анықтайтын үш жүйе орнатылып, өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері бар екі өрт станциясы жаңадан пайдалануға беріліпті. Ал биыл «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы кәдеге жарату алымы есебінен резерватқа 122,8 миллион теңгеге тағы 2 өрт сөндіру машинасын сатып алу жоспарланған.
Осылайша, «Ақжайық» мемлекеттік резерватының материалдық-техникалық жарақтандырылуының қазіргі деңгейі 84 пайызға жетіп отыр, ал жақын уақытта бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмек.
Үкімет пен уәкілетті органдар барлық табиғат қорғау мекемелерінің, соның ішінде «Ақжайық» қорығының әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Резерватта болған өрт тек табиғатты ғана емес, мемлекеттік экожүйені қорғау ісіндегі олқылықтарды да әшкереледі. Бұл оқиға жауапты органдардың жұмысын жүйелеу, бақылауды күшейту және алдын алу шараларын нақты іске асырудың маңыздылығын көрсетті.
Табиғат – ұлттың байлығы, ал оны қорғау – билік пен қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан мұндай жағдай қайталанбауы үшін шешім қабылдау үстінде сөз емес, нақты іс басым болуы тиіс.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ



