Мен «Болашаққа» қалай түстім?
«Болашақпен» оқып келгендердің алды қазір билік тізгінін ұстай бастады. Мәселен, Әділет министрі Марат Бекетаев 2000 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде оқыған. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 1995 жылдан 2002 жылға дейін Германияда дәріс алған. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те – «Болашақтың» түлегі. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 1997-99 жылдары Германияда мемлекеттік басқару мамандығына оқыпты. Белгілі боксшы Серік Сәпиев Лондондағы Брюнель университетіне түсіп, спорттық менеджмент мамандығын алып шықты. «Болашақ» арқылы білім жетілдіріп қайтқандардың арасында білікті ғалымдарымыз да аз емес.
Ал, асылдың сынығы, банкир Мағжан Әуезов «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің мүшесі екен. Ресми мәлімет бойынша, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында оқу үшін 12 мыңнан астам қазақстандыққа стипендия тағайындалған. Бұрнағы кезде «Болашаққа» түсу орындалмайтын арман сияқты көрінетін. Өйткені, өңшең бай-бағланның баласы оқиды деп еститінбіз. Ағылшынша еркін көсілуің керек екен. Ауыл мектебінде оқығандар оған дәмеленуді жөнсіз санайтынбыз.
Тек соңғы жылдары «біз де тапсырып көрсек қайтеді?» деген ойдың туғаны рас. Өйткені, бірер жыл бұрын Марат Тәжин мемлекеттік хатшы болып тұрғанда, құдай оңдап журналистерді сынап, «бұларды шетелде даярлау керек» деп пәрмен берген. Сөйтіп, аяқ астынан «Болашақта» «мемлекеттік қызметкер», «педагогикалық қызметкер», «өнер қызметкері» деген категориялармен бірге «БАҚ редакциясының қызметкері» деген санат ашылды. Демек, журналистерге де жеңілдетілген талаптармен оқуға мүмкіндік туды. Ол қандай жеңілдік? Көптеген шетел университеттері IELTS-тен жиған балыңыз 6,5-7-ден төмен болса, оқуға қабылдамайды. Ал, «Болашақ» былтыр – 4, биыл 5 балмен шетелге оқуға түсіре бастады. Түсіргенде, қажетті 1,5-2 балды жинау үшін сенің ағылшыншаңды көтеруді өз мойнына алады.
Мүмкіндіктерімізді сараладық. Еңбек өтілі, диплом көрсеткіші, тағы да басқа талаптарына саймыз. Ұстатпай тұрғаны – IELTS. Бұрын да ағылшын тілін оқығымыз келетін. Не үшін? Мысалы, бүкіл Голливуд аузын ашып тамсанатын Роджер Эберттің мақалаларын оқу үшін. Тоғыз сөзден тұратын сөйлемдегі сегіз сөзді сөздіктен шоқыған соң Эбертке деген қызығушылық әдірем қалды. Курсқа баруға ертеңің бітпейтін еріншексің. Демек, басқа мақсат керек.
Бірінші аялдама. УНИВЕРСИТЕТ ТАҢДАУ
Сөйтіп жүргенде «Болашақтың» шәкіртақысы туралы ойландық. Ең алдымен, қайда, не оқығың келетінін анықтап алу керек. Шетелдің де шетелі бар. Оқудың да оқуы бар. Бірінші қадам, bolashak.gov.kz сайтынан «Болашақ» ұсынған мамандықтар тізімін шолып шықтық. «Журналистика және коммуникациялық менеджмент» графасында қырық шақты мамандық бар. Кез келгенін таңда. Сосын «Болашақтың» «басымдық берген» ЖОО тізіміне кіріп, өзімізді қызықтыратын екі мемлекет – Америка мен Ұлыбританияның университеттер тізіміне көз жүгірттік.
Әр университеттің сайтынан білімімізге сәйкес мамандықтар іздедік. Ақырында екі елдегі оқу жүйесінің айырмашылықтары белгілі бола бастады. Екеуі де қызық, әрине. Бірақ, бізге амбициясы көп америкалықтардың ортасынан гөрі, мәдениеттің бесігі болған Еуропадағы Тұманды Альбион тартымды көрінді. Қай университетте, қандай департамент, ол департаментте (бізше факультет) кімдер сабақ береді, қандай модульдер (пәндер) ұсынады, қайда орналасқан, мәдени орталықтарға алыс-жақындығы, бәрін саралап шығып, үш-төрт университетті назарға алдық.
Екінші аялдама. IELTS
Көз алдымызда сол университеттер тұрды, қолыңды созсаң, сондасың. Тек «Болашақ» талабынан өтетін төрт балды алу керек. Осы мақсат үшін ағылшынға шындап кірісу керек болды. Не керек, санадан өшкен ережелерді ояттық. Бұрын басқатырғыш болып көрінетін ағылшын шақтарының логикасын түсіндік. Интермедиатқа жетіп жығылып, «Емтиханды жақсы тапсыру үшін IELTS-ке дайындық курсын оқу керек» деген кеңеске құлақ астық. Репетитор табыла кетіп, емтихан тапсырудың құйтырқылықтарына қанықтық.
IELTS деген, расында, бөлек әлем екен. Жақсы тапсыру үшін сол жүйемен таныс болу керек. Мысалы, сөйлесу секциясында неғұрлым еркін, бейресми сөйлеуің керек. Жазба секциясындағы екі эссең академиялық стильде болуға тиіс. Демек «жақсы, жаман, әдемі, көріксіз» емес, «көз тартар көркем, жан түршіктірер сұрқай». Бірінші эсседе жүз елу, екінші эсседе екі жүз елу сөз жазуға тиіссің. Одан кем емес. Артық болмаса өзіңе жақсы. Бірді айтып бірге кету, ойды бастап аяғына жеткізбеу – кешірілмейтін «күнәлар». Кіріспе мен қорытынды, негізгі айтар идеяларың да қысқа-нұсқа, анық, дәлелді-дәйекті болу керек.
Тыңдау секциясында қиналу заңды. Өйткені, ағылшындардың сөйлегені біз кітаптан оқығандай емес. Сөздерді біріктіріп, аяғын жұтып, ботқа қылып жібереді, сөздікке қарап жаттаған әп-әдемі сөзіңді танымай қаласың. Ендеше не істеу керек? Тыңдау керек. Ән тыңдаған жақсы, кино көрген жақсы, бірақ, National Geographic сияқты арналардың деректі фильмдерін қараған тіпті пайдалырақ. Олар көбіне ғылыми көпшілік тілді, демек, сізге керекті академиялық сөздікті пайдаланады. Олардың бәрін ютубтан табуға, субтитрларын да қосуға болады. Бірақ, сонымен бірге ororo.com сияқты сайттарда аздаған төлемге жақсы контент таба аласыз. Сосын IELTS бір мен IELTS онға дейінгі тесттердің тапсырмалары да интернетте бар. Оларды тыңдау тіпті пайдалы болады. Бірер апта үзбей тыңдасаң, құлағың ашылады. Бұрын естімеген сөзді еститін боласың, бұрын түсінбеген сөзді түсінетін боласың.
Не керек, British Council-дың кезекті емтиханына жүрегіміз дүрсілдеп кіріп, тарсылдап шықтық. Бұл емтиханды бірінші рет тапсырған біз олардың бағалау шкаласынан бейхабар едік. Межелі төрт балл аламын ба, алмаймын ба? Абырой болғанда, «Болашақ» талап еткеннен едәуір жоғары балл алыппыз.
Бұл «Болашақтың» құжат қабылдау кезеңі аяқталуға бір апта қалған күн. Тездетуге тура келді: дипломдарыңды, еңбек кітапшаңды нотариуспен бекіту, жұмыс орнынан анықтама алу. Ең бастысы, 082 деген формадағы медициналық анықтама қажет. ВИЧ-ке қан өткізу, психодиспансерден анықтама алу керек.
Үшінші аялдама. ҚАЗТЕСТ
Не керек, құжат қабылдайтын соңғы күні барып, кезекке тұрып, абырой болғанда кешке дейін үлгеріп, тапсырып шықтық. Таңғалудың қажеті жоқ, Қазақстанда бәрі өзіміз сияқты, ең соңғы күні жүгіреді. Араға бір ай салып, «Болашақтың» қызметкерлері хабарласады. Қай күні қазақ тілінен емтихан тапсыратыныңды айтады. «Қаз-тестті» тапсыру үшін Астанаға келу міндетті. Бұл, әрине, IELTS емес, одан тілі де, тапсырмасы да жеңілдеу. Бірақ, осындай емтиханда қазақ тілінің талап етілуінің өзі мерейіңді тасытады. Жасыратын несі бар, «көрдің бе, қазақ тілін білу керек» дегендей, бір жасап қаласың. Бұл тест нәтижесі сол күні-ақ кешке шығады, одан өткендер (көпшілігі өтеді) келесі кезеңге – психотестке жіберіледі.
Төртінші аялдама. ПСИХОТЕСТ
Психотест әдетте бірнеше секциядан тұрады. Топ қылып үлкен аудиторияға кіргізеді де, ережелерді түсіндіріп, төрт сағатқа қамайды. Сосын алдыңа алақандай қылып сұрақ кітапшасы мен жауап қағазын жаяды. Ең алдымен, «Өтірік айтатын кезіңіз бола ма?», «Кейде өз ойыңыздан өзіңіз шошынатын сәттер бола ма?» деген сияқты психологиялық сұрақтардан бастайды. Басты ереже – өтірік айтпау, демек, ара-тұра өтірік айтып тұратыныңды ашық мойындау. Біртіндеп логикаңызды, интеллектіңізді, кеңістікте ойлауыңызды, математикалық қабілетіңізді, кездейсоқ қатардан заңдылықтарды табу мүмкіндігіңізді, тағы да басқа жайттарды тексеретін сұрақтар болады. Сосын сіздің табиғатыңыз қай мамандыққа жақын екенін анықтайды. Ізін ала коммуникациялық, көшбасшылық қасиеттеріңізді анықтайтын сұрақтар легі ақтарылады.
Тест құрастырушылардың логикасы түсінікті. Олардың ығына жығылып, өзіңізді кез келгенмен тіл табысып кететін экстраверт, кез келген ортаны үйіріп әкететін лидер, шешен адаммын деп көрсетуіңізге болады. Шынайы жауап берсеңіз де еркіңіз.
Біз барынша шынайы жауап бердік, кейде ортаны аңсасақ, кейде жалғыз қалып жұмыс істегенді жақсы көреміз, барлық ортада жарқылдап ашық әңгіме айтпаймыз, жұртты түгел аузыма қаратып отырмаймыз дегендей, бар болмысымызды жасырып қалмадық.
Мұның бәрі сіздің оқуға қабылдануыңызға соншалықты кері әсер етуі неғайбыл. Бірақ, ең маңызды секция – стресске шыдамдылық. Егер интеллектіңіз жоғары болып тұрып, стресске шыдамайтыныңызды сездіріп қойсаңыз, есік жабылды дей беріңіз. Осының бәрін өлшеп-піскен психотесттен өткендер (тапсырғандардың тоқсан пайызы өтеді) келесі, соңғы конкурсқа жіберіледі. Ол – Ұлттық комиссияның алдындағы емтихан.
Бесінші аялдама. АУЫЗША ЕМТИХАН
«Болашақтың» президенті бастаған оншақты адамнан тұратын комиссия үміткерлерді кезекпен шақырады. Көбіне Конституция, Қазақстан заңдарынан, Қазақстан тарихынан, жаңа заман тарихынан сұрақтар қояды. Тәуекел ханның қай жылдары басқарғанын немесе сот билігі мен заң шығарушы биліктің айырмашылығын ұйқыдан оятып алса да айтып берем деп сенімді болсаңыз, дайындықсыз бара беріңіз. Әйтпесе… өз еліңіздің бүгіні мен өткені жайлы біліміңізді жаңғыртуға тура келеді.
Бірақ, ең маңызды мәселе – сіздің болашақ оқуыңыз. Таңдауыңыз. Неге магистратура, неге докторантура (емес)? Неге Ұлыбритания, неге АҚШ (емес)? Неге Стэнфорд университеті, неге Ноттингем (емес)? Неге осы мамандық, неге осы департамент? Онда қандай мұғалімдер, профессорлар сабақ береді, қандай модульдер ұсынады? Олар сізді несімен қызықтырды? Бұл білім сіздің болашағыңызға қалай әсер етеді? Сіздің маман ретінде құныңыз неге артады? Одан Қазақстанға қандай пайда?
Осы сұрақтарға нақты жауап болуы керек. Комиссия сіздің жауаптан өзіңізге нақты не керектігін білетініңізді естісе, оң шешім қабылдау ықтималдығы артады.
Алтыншы аялдама. НӘТИЖЕ. КЕПІЛ ҚҰЖАТЫ
Бірер уақыттан кейін нәтиже шығады. Өзіңізден жылдам достарыңыз сіздің есіміңізді тізімнен («Болашақ» сайтында жарияланады) көріп, сүйінші сұрауы мүмкін. Болмаса «Болашақ» қызметкерлері хабарласады. Сіз стипендиатсыз.
Енді ең қиыны басталады. «Болашақ» бойынша оқыған азамат Қазақстанға қайтып келуге және мұнда бес жыл еңбек етуге міндетті. Ал, сіздің шетелде қалып қоймауыңызды кепілдеу үшін Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті кепілге қоясыз. Мүлік сіздікі болуы шарт емес, иесі кез келген Қазақстан азаматы болуы мүмкін, тек рұқсаты болса болғаны. Екіжақты (үміткер өзін өзі ұсынған жағдайда Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ («Болашақ») мен сіздің араңызда) немесе үшжақты (категория бойынша тапсырған жағдайда жұмыс берушіңіз, сіз және «Болашақтың» арасында) келісім-шарт жасалады. Бір бума қағаз жинайсыз, отбасыңыз, өзіңіз, үйіңіздің жағдайы, бағасы, тағы да басқа құжаттар рәсімделіп біткенде барып терең тыныстайсыз. Енді сізден оқу ғана талап етіледі. Өзге уайымның бәрін мемлекет өз мойнына алады.
Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арнайы квоталар беріп отыр. Шынында да, ақылды саясат. Өйткені, «Болашақпен» бірге ауылға білім ғана келмейді, көзқарас келеді. Ғаламдық масштабта ойлайтын тұлғаларды өсіре алатын потенциал келеді. Бізде патриоттық туралы, қазақты жақсы көру туралы көп айтылады. Айтыла-айтыла жауыр болады, ақырында құрғақ сөзден жүрек айни бастайды. Біздің ой былай дейді: Еліңе жақсылық жасағың келсе, өз ісіңнің маманы бол, өз ісіңде нөмірі бірінші бол, одан артық ештеңенің де керегі жоқ. Ал, «Болашақ» бағдарламасы соған септесемін дейді.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ