АТЫРАУҒА АҒАШ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

бірақ, оны өсіріп, баптауға көңіл бөлінетін емес

Жаз басталғалы Мұнайлы астанамыздың басты көшелеріндегі жасыл желек ыстықтан кеуіп, басқа аумақтарды айтпағанда, орталық алаңдардағы суару және тазалық жұмыстары бәсеңсіп қалды. Бұл жөнінде газет оқырмандары редакцияға телефон шалып, дабыл қағуда. Келеңсіз жайтқа куә болып жүрген тұрғындарды мазалайтын бір ғана сұрақ: Жайық өзені жағасындағы шаһардың суға жарымағаны қалай? Осы мәселе бойынша біз де жергілікті жердегі жауапты мамандарға жолығып, мердігер мекеменің табалдырығын аттадық...

 

Жасыл желек суға зәру

– Биыл облыс орталығындағы жасыл желек мезгілінде суарылмай, тазалық жұмыстары жеткілікті жүргізілмей отыр. Өзім отыз жылға жуық уақыт көшет отырғызу жұмыстарымен айналыстым. Сондықтан, көше бойындағы қурап қалған ағаштарды көргенде, жаным ашиды. Бұған дейін мезгілімен суарылып тұрған тал-теректер қаламызда жайқалып өсуші еді. Ал, биылғы жұмыс қарқыны неліктен төмен? Тағы бір айтар жай, көшет отырғызудың белгіленген реті барын ескерсек, бір жерге бірнеше тал егу дұрыс емес. Өйткені, ағаштардың бір-бірінен алшақтығы сақталуы тиіс. Бұрын отырғызылған шыбықтар тым жас болғандықтан өсе алмаушы еді. Кейін жуан шыбықтар отырғызылды, енді олар бір тамшы суға зәру, – дейді газет оқырманы, тыл ардагері Темірхан Жүнісов. 

Кінәлі кім?

Қала тұрғындары биылғы көгалдандыру жұмыстарын мойнына алған «Атырау Зелен Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс қарқыны тым баяу екендігін айтып, өз реніштерін білдіруде.

– Жас ағаштарды отырғызу алаңы 4,8 есеге, бұта қоршауы мен газондар 3,4 есеге көбейіп отыр. Сол себепті, көшеттерді суару, қопсыту мен тыңайту, арам шөптерді шабу және қураған ағаштарды кесуге маусым айында ғана кірістік. Екіншіден, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты тендердің кеш ұйымдастырылуы қолымызды жіпсіз байлады. Көктемде ағаштардың бәрін бірдей тыңайтып үлгермедік. Бұған жұмысшы санының аздығы себеп болды. Сондықтан, ендігі жұмысты тек кезең-кезеңімен ғана атқаруға тура келеді, – деді бізге берген жауабында «Атырау Зелен Строй ЛТД» ЖШС директоры Геннадий Цой.

Қазіргі уақытта аталған мекеме қарауында қала бойынша есептегенде барлығы 22 нысан бар. Солардың ішінде, Жеңіс саябағы, Құрманғазы алаңы, Смағұлов аллеясы және Әлиев көшесі бойындағы көшеттер бірінші кезекте суарылады. Ал, орталық көпір, облыстық әкімдік маңы мен көшелер бойына әзірше ыстыққа төзімді  200 мың гүл отырғызылып жатыр. Енді мекеме қызметкерлері зая кеткен уақыттың есесін күшейтілген жұмыс қарқынымен толтырмақ. Кеш те болса, қазір Балықшы кенттік округінен бастап қаланың орталығындағы көшеттерге су құйыла бастады. 

Қара тұрбалар жарамсыз

Қалалық әкімдіктегі тазалық пен суарылым жұмыстарына жауапты мамандар 59 шақырым жердің суару жүйесімен қамтылғанын айтады. Су жіберілетін темір тұрбалардың басым бөлігі қайта ауыстыруды қажет етеді.

– Елордамыз Астана мен Алматы, Ақтау қалаларында көгалдандыруға аса үлкен мән беріледі. Ал, біз Жайықтың жағасында орналасып алып, бір тамшы суға зар болып отырмыз. Бұл қалай болғаны? Егер жапырағы күн сәулесімен шағылысқан өсімдіктерді көрсеңіз, олар өсімдік бітесіне шалдыққан деген сөз. Онымен күресудің қарапайым жолдары бар. Мердігер мекеме қызметкерлері осыны да білмегені ме? Біле білсеңіз, біздің ата-аналарымыз Атырау секілді климаты құрғақ жерде де, топырақтың құнарсыздығына қарамастан талай егін егіп, бау-бақша өнімдерін жинап жүрді. Жайқалған бақтардағы алмалар Алматының апортынан кем емес еді. Мен өзім көп жыл қала аумағынан тыс жерлерде саяжайлар ашып, жеміс ағаштарын отырғызумен айналысып келдім. Қазір зейнет жасына жетсем де, Молдағалиев көшесіндегі көп қабатты үйдің алдына терек-талдар отырғызып, мерзімімен суарып тұрамын. Биыл қара тұрбадан қашан су жүреді екен деп күтпедім. Баяғы әдетімше, ағаштарды аз-аздан суарып, баптаймын. Өйтпегенде ше? Осынау ми қайнаған ыстықта шөп түгіл, адамның өзі де жүріп-тұруы қиындайды, – дейді қала тұрғыны Рахым Шайхиев.

 

Ғылыми білік жетіспейді

Жергілікті мамандардың пікірінше, көгалдандыру ісіне атсалысушы жұмыс тобының жетекшілері ғылыми тұрғыдан мән беріп жатпайды. Топырақтың жергілікті ерекшелігі мен тал отырғызу мезгілін ешкім елеп жатқан жоқ. Су құбыры қуаттылығының жеткіліксіз болуы да өз әсерін тигізуде.

– Қала қонақтарын қарсы алатын әуежай алдындағы шағын бақтың жойылу қаупі төніп тұр. Өйткені, бір гектар жерге отырғызылған ағаштар арам шөптермен шырмалып жатыр. Олар осылай қараусыз қала берсе, бір-екі жылда жермен жексен болады. Шырмауық  шөптердің дәндері ауамен ұшып, көбеюде. Оларға қарсы бұрын гербицид препараты қолданылушы еді. Бірақ, арам шөппен бірге теректер де уланып қалатын болды. Сондықтан, көшет отырғызбастан бұрын топырақтың 10 сантиметр қабатын аршып алу керек. Зиянкес шөптердің дақылдары кезінде оңтүстіктен әкелінген көшеттермен «ілесіп» келді. Қазір жас шыбықтарды  фито-бақылаудан өткізбейді, қауіпсіздігі туралы сертификат талап етілмейді. Мұның бәрі тек құжат жүзінде ғана қалып отыр, – дейді «ЭкоСтройСтандарт» мекемесінің директоры Берікбай Өміров.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын қаланы көгалдандыру жұмыстарымен алматылық «Wins 3» мекемесі айналысты. Сол кезде әуежай трассасы мен  Бейбарыс даңғылының бойына 11,1 мың көшет, соның ішінде 8,4 мың сирек кездесетін метасеквойя терегі отырғызылды. Алайда, уақытында суарылмағандықтан ол теректердің  85 пайызы қурап қалған болатын.

 

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін жасыл желек аумағын кеңейтуді көздейтін «Жасыл аймақ» тұжырымдамасын қабылдаған болатын. «Егер біздің азаматтарымыз өздерінің ауыл маңдарында, өз үйлерінің айналасына, барлық облыс орталықтарында жыл сайын ағаш отырғызатын болса, біз жасыл ел құрамыз. Ол – қаланың өкпесі, таза ауасы, ол климат, ол аяздан қорғаушы. Мен мұны үлкен іс деп санаймын» деген Президент қазақстандықтарды жыл сайын ағаш отырғызуға шақырды. Ендеше, бұл сөздің бізге де қатысы барын атыраулықтар ұмытпаса дейміз.

 

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз